ҚР СІМ өкілі: “Қытаймен визасыз режимнің елімізге пайдасы болмаса, зияны жоқ”
ҚР СІМ өкілі: “Қытаймен визасыз режимнің елімізге пайдасы болмаса, зияны жоқ”
Қазақстан мен Қытай Үкіметі екі елге өз азаматтары үшін визасыз режим енгізу туралы қаулыны Сыртқы істер министрлігі әзірлеген болатын. «Келісімге қол қою Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайтуға серпін береді» делінген.
Құжат үстіміздегі жылдың 19 сәуіріне дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында орналастырылды. Өзара визасыз режим мәселесі қоғамда қызу талқыға түсті. Визасыз режимнің енгізілуіне бірі қарсы болса, енді бірі оның тиімді екенін айтып жатыр. Басым көпшілігі саяси астар барын, елімізге қауіп төнетіні және т.б пікірлер айтыла бастады. Осыған орай, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров фейсбук парақшасында жазба жариялап, жай-жапсарды ұғынықты түсіндіруді жөн көріпті, деп хабарлайды newsroom.kz.
“Құрметті достар! Осыдан бір ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған апта сайынғы брифингімде біздің мемлекет Қытаймен өзара визасыз режим туралы келісімге қол қою үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатқанын жариялаған едім.
Бұл келісім екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуына, азаматтар арасындағы байланыстарға, сауда саттықты кеңейтуге айтарлықтай қолдау болатыны сөзсіз. Оны барлығымыз түсініп отырмыз. Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін неғұрлым көп елдермен тығыз қатынас орнату ұтымды екеніне күмән жоқ. Өздеріңіз білетіндей, біз сыртқы саясатта көпвекторлы бағытты таңдап, осы күнге дейін оны табысты жүзеге асырып келеміз.
Алайда әлеуметтік желілерде Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынасты жаңа деңгейге шығаратын құжатқа қол қоюға қарсы бір топ белсенді қалың жұртшылыққа қате ақпаратты таратып жатыр. Осыған орай, Сыртқы істер министрлігінің атынан жоғарыда айтылған келісімге қатысты қысқаша тағы да қосымша ақпарат берейін”,-деп жазды ол.
Және келісімге қол қойған соң, Қытай азаматтары елімізге қаптап кіреді деген пікір шындыққа жанаспайтынын айтқан. Себебі былтыр шілде айынан бастап Қазақстан Иран, Үндістан және Қытайдың азаматтарына елімізге 14 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат берген. “Аталған елдердің, әсіресе Қытай азаматтарының біздің көшелерде қаптап жүргенін көріп отырған жоқпыз. Бұл шара республикамыздың инвестициялық климатын және туристік әлеуетін арттыру, сондай-ақ іскерлік байланыстарды дамыту үшін жасалған. Экономикалық тұрғыдан бұл бастама өзінің оң нәтижесін беруде.
Еліміз бен Қытай арасындағы визасыз режим, ең алдымен, Қазақстан азаматтарының көрші мемлекетке баруына барынша қолайлы жағдай тудырады. Егер бұрын тек Қытай азаматтары бізге визасыз 14 күнге кіре алатын болса, бұл келісімнен кейін олар да, біз де бір бірімізге 30 күнге дейін визасыз бара алатын боламыз. Мысалы, Қазақстан азаматтары бүгінде визасыз, лезде Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріне қыдырып барып қайтып жатыр. Енді дәл солай Қытайға да бір ғана паспортпен барып келуге болады”,-дейді Айбек Смадияров.
Сонымен қатар ол біріншіден, визасыз Қазақстанға келген Қытай азаматтары елімізде қалып қояды, жұмыс орындарымызды тартып алады деген пікірлер жаңсақ. Өйткені визасыз режим тек туристік және іскерлік сапарларға арналады және жұмыс істеуге рұқсат бермейді. Қызмет етуге бөлек арнайы жұмыс визасын алдын ала рәсімдеу қажет.
Екіншіден, бұрын Қытайға бару үшін визаны ашу, консулдық алымды төлеу, ұзақ кезекте тұру (кейде 2-3 айға дейін), виза рәсімдейтін арнайы компаниялардың қызметіне қомақты ақша төлеу керек еді. Ал визасыз режим енгізілгеннен кейін бұл шаралардың ешбірі қажет болмайды.
Үшіншіден, визасыз режим қай елде болсын шетелден келетін туристердің санын арттыруға бағытталған. Бұл экономикаға оң әсер етеді, өйткені елге келген турист міндетті түрде қонақ үйде тұрады, кафе мен мейрамханаларда тамақтанады, көлік қолданады, жалпы айтқанда елде біраз ақша жұмсайды. Ал қытайлық туристер әлемде қалталы туристер санына жатады дегенді алға тартады.
“Қорыта келгенде, визасыз режимнен қауіп жоқ. Біз бұдан пайда көрмесек, ұтылмайтынымыз анық. Әлемнің екінші экономикасы саналатын Қытаймен өзара тиімді саясатты жүргізу еліміздің ұлттық мүддесіне толық сай келеді.”,-деп жазды ол.
Мәлімет бойынша, қаулыға 18-19 мамырда Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасына Мемлекеттік сапар барысында қол қояды делінген.