Отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмау мүмкін бе?
Отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмау мүмкін бе?
Бүгінгі таңдағы басты мәселелердің біріне айналған отбасылық жанжалдар болып отыр. Қаншама әйел заты зардап шегіп, қаншама бала психикалық жарақат алып жатыр. Отбасындағы болған кикілжің бүкіл елге тарап кетуде. Көгілдір экрандағы жаңалықтардың көпшілігі сондай хабарлар.
Жуырда Астананың бірнеше ондаған тұрғыны әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы шеруге шықты, деп хабарлайды newsroom.kz.
Демонстрацияны Myqty Women кемсітушілікке қарсы бастамасы ұйымдастырды.
Шеру Халықаралық әйелдер құқығын қорғау күніне орайластырылған, бірақ наурыз айының басында Қазақстан астанасындағы ауа райы мұндай шараларды өткізуге мүмкіндік бермегендіктен, оны сәуір айында өткізу туралы шешім қабылданыпты. Наразылық білдірушілер мемлекеттен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін қолға алып, зорлаушылар мен агрессорларға жазаны күшейтуді талап етуде.
«Ауруын жасырған өледі» дегендей, мұндай жағымсыз жайттарды бұдан әрі жасыра берудің жайы жоқ. Одан пайда таппайтынымыз анық. Алайда зәбір көргендердің көбісі әлімжеттікті айтып арыз түсіруден басын аулақ салады. Себебі біріншіден, ұят жібермейді. Екіншіден, шаңырағын шайқалтқысы және балаларын жетім еткісі келмейтіндер тағы бар. Көпке күлкі, көзге түрткі болмайық деп шағымданбайды. Ерлі-зайыптылардың арасына түсіп абырой таппайтынымыз да рас.
Отбасындағы осы зорлық-зомбылық мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын. Президент Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайту қажеттігін айтқан еді.
«Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тарттық. Алайда елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын», деген болатын Президент.
Қоғамның өзекті мәселесіне айналған отбасы мәселесіне қатысты заңмен бекіткен әлдеқайда дұрыс. Заң бар жерде, тәртіп бар.
Сенатта Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жауапкершілікті қатаңдатуға қатысты мәселелерді талқылаған болатын.
Комитет төрағасы Андрей Лукин өз сөзінде қылмыстардың көпшілігі білім деңгейі және табысы төмен отбасылардағы ерлі-зайыптылар, бірге тұратындар немесе туыстар арасында жасалатынын атап өтті.
“Алкоголизация, соның салдарынан қақтығыстар, жанжалдар, тұрмыстық зорлық-зомбылық және тағы басқа әрекеттер осындай негізде туындайды. Бүгінгі таңдағы статистика – оның айқын дәлелі. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою үшін жалпы отбасы институты және тәрбиемен жұмыс істеу жөнінде пәрменді шаралар қажет”, - деді сенатор Лукин.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха сенаторларға мекеменің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы әкімшілік баптар бойынша санкцияларды күшейтетін ұсыныстары туралы айтты. Біріншіден, тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің арыз жазудан анықтау сипатына көшеді. Тәжірибе бойынша, өтініштердің көбісі кері қайтарылады немесе полицияға жүгіну процесіне мүлдем жетпейді. Бұл түзету полицияға жәбірленушілердің арызынсыз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, тараптардың татуласу рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату ұсынылады. Жаңа редакцияда «жанжалқой» адам зорлық-зомбылықты алғаш жасаған кезде ғана сотта татуласа алатыны, ал қылмыс қайталанған жағдайда бұл құқық алынып тасталатыны туралы жазылған. Бұл өзгертулер «жанжалқой» және басқа адамдардың зардап шеккендерге психологиялық қысым жасаудың қатал тәжірибесін тоқтатуға мүмкіндік беретін болады.
Депутаттар бұл түзетулерге қолдау білдірді және барлық мүдделі құрылымдардың үйлестірілген әрекеттері азаматтарды отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылықтан қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жалпы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң 2009 жылы қабылданған екен. Осыдан соң бұл заң бірнеше рет өзгерген. 2013 жылы "экономикалық зомбылық" (адамды қасақана тамағынан, мүлкінен айыру) түсінігін тұрмыстық зорлық- зомбылық қатарынан алып тастады.
2017 жылы "қол көтеру", "қасақана денсаулыққа жеңіл зиян келтіру" баптары Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске ауысты.
2022 жылы жұмыс тобы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасын күшейтетін заң жобасын дайындаған, бірақ бұл өзгерістер әлі қабылданбаған.