Моңғолияда министрлік басқарып, үш мәрте депутаттыққа сайланған қазақ
Моңғолияда министрлік басқарып, үш мәрте депутаттыққа сайланған қазақ
Бәделхан Қабдысіләмұлы – Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Хуралының (Парламент) депутаты, Парламенттегі Монғолия-Қазақстан тобының басшысы. Моңғолия халқы, әсіресе, өзі әкім болған Баян-Өлгей аймағындағы жұртшылық оның өлке дамуына айрықша үлес қосқанын әлі күнге дейін айтып жүр. Сондай-ақ олар оны Моңғолиядағы қазақтар арасынан 35 жылдан кейін Құрылыс министрі болған білікті маман деп қадірлейді. Қарапайым инженерден аймақ әкімі, Құрылыс министрі лауазымына дейін көтеріліп, үш мәрте Парламент депутаты болып сайланған Бәделхан Қабдысіләмұлына хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.Бұл туралы newsroom.kz хабарлайды turkystan.kz дереккөзіне сүйене отырып.
Моңғолиядан атажұртқа бағытталған алғашқы көшті ұйымдастыруға атсалыстым
– «Бәрі де отбасынан басталады» деп бекер айтпайды. Біз он бір ағайындымыз: сегіз ұл, үш қыз. Мен – үшіншісімін. Қазір ойласам, ата-анамыздың он бірімізді қатарымыздан қалдырмай, өсіріп-жеткізгеніне қайран қаламын. Бір шаңырақ астында тұрып жатқан сегіз ер балаға тәрбие беру оңай емес қой. Әкеміз қарапайым қызметкер болса, анамыз балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеді. Әлі есімде, екеуі бала кезімізде бізге үнемі «Шыншыл, адал болыңдар. Біреудің ала жібін аттаудан аулақ жүріңдер. Сосын айтқан сөздеріңде тұрыңдар» деп айтып отыратын. Ата-анам түгеліміздің адам, азамат болып қалыптасуымызда еңбектерін аямады. Мен болашағымды көлік саласымен байланыстырғанды жөн санадым. Кішкентайымнан көлік саласында жұмыс істейтін нағашыларымның техниканы жаңғақша шағатынын көріп өскен мен инженер болуды мақсат еттім. Оған қоса, сол уақытта елге көлік пен өзге техниканың түр-түрі енді келіп жатқан кез. Сол жылдары инженер ең таңдаулы мамандықтың бірі болып есептелетін. Сөйтіп, Моңғолия мемлекеттік университетінің автоинженер мамандығына оқуға түстім. Диплом алған соң, 400 жұмысшысы, 360-тай машина техникасы бар Көлік басқармасына бас инженер болып жұмысқа тұрдым. Шынымды айтсам, алғашқы ұжымымның менің өмірге деген көзқарасымды қалыптастыруда, мені тура жолға салуда үлесі зор болды. Ол кездің адамдары қазіргідей емес, шыншыл, әділ еді ғой. Тура сөйлеп, түзу жүрудің үлгісін көрсететін. Жалпы, 90-жылдары тәртіп тым қатал болды ғой. Партия жастарды тәрбилеуге қатты көңіл бөлетін. Оларды қатаң іріктеу арқылы жоғары кадр даярлайтын коммунистік партия мектебіне оқуға жиі жіберетін. Біз жақтан бұл оқуға он жылда бір ғана жас маман баратын. Сөйтіп жүргенде көлік саласында он жылға жуық жұмыс істеген мен баруға лайық деп танылып, 1988-1990 жылдар аралығында Мәскеудегі Коммунистік партия мектебінде оқыдым. Біз әлгі мектептің соңғы түлектері саналамыз, себебі 90-жылдары барлығы көппартиялық жүйеге көшті. Елге оралған соң аймақтағы әкімшілік мекемесінде бөлім басшысы қызметіне кірістім. Дәл сол уақытта Қазақстанға алғашқы көш басталған болатын. Мен мұның бәрін өз көзіммен көргендіктен, көпшілік алғашқы көшке кімнің септігі тигенін білсе екен деймін. Бұл көштің ойдағыдай өтуіне аймақ әкімі Мизамхан Күнтуғанұлының сіңірген еңбегі зор екенін айта кеткен жөн. Сол уақытта Өлгейді мекендеген халық саны 120 мыңға жетіп жығылатын. Олардың түгелі дерлік Өлгейдің кішкене «шұңқырында» тұрады. Ондай шағын аймақта бәріне бірдей жұмыс табыла бермейтіні анық. Сөйтіп, аймақ басшылығы ақылдаса келе, алғашқы лекті Қазақстанға еңбек шартымен көшіру туралы шешім қабылдады. Сол кезде бөлім бастығы болып жұмыс істейтін мен еңбек шартына келіскендердің құжаттарын рәсімдеп, реттестірумен айналыстым. Ал Қазақстан тарапынан ең зор міндет Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаевқа жүктелді. Одан бөлек, алғашқы көшті ұйымдастыруда Қазақстан көші-қон басқармасында жұмыс істеген Марат Тоқсанбаевтың да үлесі мол болды. Сондай-ақ сол кезде Бейжіңмен қатар, бізге жауапты болған елші Қайрат Исағалиев, сосын бізде елшілік ашылған уақытта тынбай жұмыс істеген Советқали Қартбаевтың да бұл игі іске қатысы бар. Кейін шарт ережесін түбегейлі көшуге мүмкіндік беретіндей етіп өзгертті. Сол уақытта Өскемен мен Өлгейдің арасында күн сайын он ұшақ ұшатын. Көшіп кеткендердің жүктерін жүк мәшинесіне салып жіберетін. Алғашқы көш осындай күшті қарқынмен басталды. Аймақта туып-өскен халықтың елу пайызға жуығы Қазақстанға көшіп кетті. Кейін Қазақстан қандастарды көшіріп әкелудің шығынын жылдық бюджетке енгізіп, арнайы квота бөлетінді шығарды. Мен көштің қызып тұрған шағында Баян-Өлгей аймағының әкімі қызметіне тағайындалдым. Елге көшкісі келетіндер саны күрт өскенімен, квота саны азая бастады. Сөйтіп, 2003 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, квота қосып беруін өтіндім. Одан бөлек, Моңғолиядағы қазақ жастарын елде оқытуды және екі ел арасындағы жол қатынасын жақсарту мәселесін алға қойдым. Ол кісі берген уәдесінде тұрып, бізді алаңдатқан мәселелердің шешімін тауып берді. Кім не десе де, елді біріктірген тарихи тұлғаның сыртта жүрген қазақтарға да бейжай қарамағанына біз куәміз.
Әкім қызметінде әлеуметтік салаға көп көңіл бөлдім
Мен аймақ әкімі қызметіне кіріскен кезде тек аймағымыздың емес, ел көлеміндегі жағдай едәуір нашар болатын. Аймақ орталығында жарық тұрақсыз, сұмын орталығының халқы май шам қолданатын. Жұмысшылар жалақысын, халық жәрдемақысын бес ай бойы ала алмай жүрген кез. Қыр, сұмындарда мектептің жағдайы нашар болғандықтан, балалар оқудан қол үзген-ді. Ауруханаларда дәрі-дәрмек тапшы, жедел-жәрдем көліктеріне құятын жанармай да жоқ. Мен жұмысымды осы мәселелерді шешуден бастадым. Әсіресе, әлеуметтік салаға, оның ішінде денсаулық ұйымдарын жабдықтау, мектептерді көркейту, дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын, жәрдемақы, зейнетақыны көбейтуге баса назар аудардым. Оқудан қол үзген көптеген жас қайта оқуға алынды. Қазір осы балалар еліміздің білікті маман иелері болғанына күмәнім жоқ. Аймақта алғаш болып сыртқы сауда жүргізуге себепкер болғандардың бірі болдым. Қытайдың Шыңжаң және Ресейдің Сібір, Алтай аймақтарымен сауда қатынасын дамытып, аймақ халқына қажет тұрмыстық заттармен қамтамасыз етуге тырыстым. Өз-өзіме баға бере алмаймын, бірақ аймақтағылардың сол кезде жағдайдың жақсарғанын әлі күнге дейін айтып жүретіндерін ескерсек, әкім болған сол төрт жылдың ішінде қара орман халықтың игілігіне жарап, көңілінен шыққан секілді-
мін.
Моңғолияда 20 жыл бойы министр болған қазақтың орнын басқаныма қуанамын
2008-2012 жылдары Мемлекеттік Ұлы Хурал мүшесі, сосын Мемлекеттік Ұлы Хуралдағы Моңғол халық партия тобының кеңесшісі, кейін Өнеркәсіп тете министрі қызметтерін атқардым. 2017 жылы халықтың қолдауымен Ұлы Хурал мүшесіне сайланумен қатар, Құрылыс, қала құрылымы министрі лауазымына тағайындалдым. Осы ретте осыдан 35 жыл бұрын 20 жыл бойы құрылыс министрі қызметін атқарған қазақ Тілейхан Орынұлының құтты орнына отырғанымды айтып өтпесем болмас. Моңғолдар 20 жыл бойы халықты бәрінен биік қойған Тілейхан Орынұлын хан көтеріп, «Хаан сайд» деп атап, ерекше құрметтеген екен. Осындай беделді тұлғаның ізін жалғап, орнын басқаныма үнемі қуанып жүремін. Жалпы, осы уақытқа дейін Моңғолия тарихында Тілейхан Орынұлы, Сандалхан Раздықұлы, Мәулет Ұтқанұлын және мені қосқанда төрт қазақ министр лауазымына тағайындалған екен.
Мен жұмысқа кіріскен кезде ел экономикасы дағдарысқа ұшырап, құрылыс жұмыстары да тоқтап қалған болатын. Алдындағы Үкімет халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін банктен көп мөлшерде қағаз ақшаны шығаруына байланысты нарық заңдылығы бұзылып, ақшаның құны екі есе түсіп, тұрғын үй бағалары күрт көтеріліп, ақырында халық үй сатып ала алмай қалса керек. Салған үйлерінің өтпеуі себебінен құрылыс компанияларының кірісі азайып, бұл салада қызмет етіп жүрген азаматтар жұмыссыз қалып, өте ауыр жағдайға душар болды. Билік басына келген жаңа үкімет Халықаралық валюта қорының көмегіне жүгініп, шартпен жұмыс істеу жүйесі арқылы елімізді экономикалық дағдарыстан алып шықты. Біз ипотекалық несиені нарық заңына сәйкестендіру, жаңарту арқылы құрылыс саласын дағдарыстан шығардық. Сол жылдары ипотекалық несиемен үй алған адамдардың саны 7,4 пайыз өсіп, жылына 10-11 мың азамат баспаналы болды. Біз атқарған жұмыстардың ең ірі әрі елеулісі деп Ұлан-Батыр қаласындағы Орталық лас суды тазалау құрылысының жұмыстарын жаңартқанымызды айтар едім.
Астана тұрғындары көп жыл бойы сол құрылыстан шығатын жағымсыз иіспен тыныстауға мәжбүр болды. Қазір тұрғындар ол жағымсыз иістен толықтай арылды десек болады. Астанадан бөлек, басқа аймақтарда да Лас суды тазалау құрылыстары салына бастады.
Адам болған соң «Мені қолдаған халықтың сенімін қалай ақтар екенмін?» деп көп ойланады екенсің. Құрылыс, қала құрылым министрі қызметіне кіріскен соң, өзім туып-өскен аймақтағы құрылыс саласын көркейтуді көздедім. Осы жылдар ішінде біраз шаруалар атқарылып, құрылыс жұмыстары қолға алынды. Кейбірі аяқталып, әлдеқашан қолданысқа берілді. Аймақ орталығында инженерлік кіші құрылымдық желілер, автожол, жаяу адам жолы, автокөлік тұрақтары, көше, алаңдар жарығы толығы-мен жаңартылды. Сел су апатынан қорғайтын бөгет салынды. Құрылыс материалдарын сараптап, зерттейтін зертхана құрылысы қолданысқа берілді. Соңғы жиырма жыл бойы айтылып келген 100 орынды Біріккен аурухана, 50 орынды Балалар ауруханасы, мектеп пен балабақшалар салынды. Жаңадан салынған «Қайыңды арал» заманауи кешенді қалашығы 640 бала сыятын мектеп, балабақша, ауылдық аурухананы қамтиды.
Жергілікті қазақтар Моңғолия үкіметіне әрқашан разы деп ойлаймын
Ұлы Хурал мүшелерінің арасындағы ең жасы үлкен мен болғандықтан, Парламенттің алғашқы отырысын аштым. Депутат қызметінен бөлек, Парламенттегі Моңғолия-Қазақстан тобын басқарамын. Топ мүшелерімен бірге Қазақстанның Парламентімен тығыз жұмыс істейміз. Қазір Ұлы Хуралға Халық партиясынан екі қазақ, ал Демократтар партиясынан бір қазақ мүшелік етеміз.
Жалпы, Моңғолия жерінде тұратын ат төбеліндей қазақ халқы Моңғолия үкіметіне әрқашан разы деп ойлаймын. Жылдар өтсе де, Баян-Өлгейдің қазақы қалыбының сақталуы, ана тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді ұмытпауымыз – Моңғолия үкіметі жүргізген дұрыс саясаттың арқасы деп білемін. Байқасаңыз, біз қазақша таза сөйлейміз. Білуімше, әлемнің елуге жуық елінде қазақ тұрады. Әр елдің аз ұлттарға қатысты жүргізетін саясаты әртүрлі. Бірақ, бар білетініміз – моңғол халқы ешқашан қазақтарға қысым көрсетпеген. Керісінше, бізді қорғап, қолдап, тамырымыздан ажырамауға орасан үлес қосты. Мысалы, сонау алпысыншы жылдардың өзінде мен қазақша балабақшаға барып, қазақ мектебін бітірдім. Моңғолдар – қашан болмасын, көмек сұраған қазаққа көмектесуге асыға жүгіретін халық. Жоғарыда айтып өткен алғашқы көш кезінде қалың елді келісім- шартпен көшіруге мүмкіндік жасап берді. Қазақстанға көшіп барған егде кісілер зейнетақысын ала алмай, қиналған кезде де екі елдің арасындағы шарт бойынша бұл мәселені реттеп, шешімін тауып берді. Жоғарыда айтқанымдай, қазір Үкіметте үш қазақ отырмыз. 1924 жылы Моңғолия дербестігін жариялаған кезде құрылтайға қатысқан жетпіс екі адамның үшеуі біздің аймақтан келген қазақтар болатын. Мұның бәрі олардың бізді ұлт ретінде сыйлайтынын білдірмей ме?!
Жуырда сіздерде өткен сайлауда бізден атамекенге көшіп барған үш азамат, атап айтсам, Үнзила Шапақ, Нұргүл Тауқызы мен Жарқынбек Амантайұлы Мәжіліс депутаты атанды. Сондай-ақ бізде туып-өскен 21 қандас облыс мәслихатына депутат болып сайланды. Бізден жақсы тәрбие, сапалы білім алып, «іргетасы» осында қаланған азаматтардың халық қалаулысы атануы – біз үшін үлкен мәртебе. Осы күнге дейін шетелден Қазақстанға бір миллионнан астам қандас көшіп келгенін білемін. Сол миллионның арасынан елдің болашағына бейжай қарамайтын, елдің қамын ойлайтын осындай азаматтар топ ішінен жарып шыққанына қуаныштымын. Бұл жетістікке Моңғолия қазақтарынан бөлек, жергілікті моңғолдар да қуанып, бізді құттықтап жатыр.
Қазақстан парламентінде бес партияның болуы – демократия көрінісі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев – аумалы-төкпелі заманда билік тұтқасын ұстап, дұрыс саясат жүргізе білген парасатты, білікті азамат. Алысқа бармай-ақ, жуырда өткен Мәжіліс, мәслихат депутаттарының сайлауын алайық. Парламент құрамына бес партия өкілдерінің кіруі – демократияның көрінісі. Бес партияның ар жағында халық тұр. Осылайша, олар бес түрлі партияның «құлағына» жеткен бес түрлі мәселені талқылайды. Сөйтіп, халықтың көкейінде жүрген мәселелер шешімін табады. Қазақстанда жүргізіліп жатқан саясатқа оң баға беремін. Десе де, бір-екі нәрсеге алаңдап жүретінім рас. Сіздерде қазір орыс тілі қазақ тілімен қатар жүр ғой. Мемлекеттік, ресми деп бөлмей, бір ғана тіл, яғни қазақ тілін негізгі тіл деп бекітетін заң шықса деп ішімнен ойлаймын. Қазір біз теледидардан Қазақстанның жаңалықтарын қарап отырамыз. Дикторлар хабарды көбіне орысша жеткізіп жатады. Осыған көңілім орта жүреді. Тағы бір айта кететін жайт, отыз жыл ішінде елде ауыл шаруашылығына онша көңіл бөлінбей, өркендете алмағаны байқалады. Әсіресе, ауылдарға барған кезде барлығы көрініп тұрады. Бізден көшкен халықтың көбі ауылдық жерде тұрады. Менің туыстарым Астана маңындағы Шортанды ауданына қоныстанған. Анда-санда оларға барған кезде, «Ауылдың дамуына немқұрайлы қараған ба сонда?» деп ойланамын. Қазақстанда қалалар қарқынды дамуда. Тек ауылдық аймақтарға көңіл бөлсе екен дейсің.