Депутат: “Бір әскер қаза болса, басшыны трибуналға тарту керек!”
Депутат: “Бір әскер қаза болса, басшыны трибуналға тарту керек!”
Сенатор Геннадий Шиповских Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары, әділет подполковнигі Мақсат Қазиевке әскердегі қазіргі жағдай туралы сұрақ қойды, деп хабарлайды newsroom.kz.
“Шындықты айтайықшы, қазір әскер азғындықтың ордасына айналып кетті десек артық болмас. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда қаншама қыршын жастарымыз кетіп жатыр. Аман-сау барып, аман емес қайтып жатқандар қаншама. Өзіңіздің баяндамаңызда қаншама мәлімет бердіңіз. Дегенмен мен сіздердің естеріңізге сала кетейін. Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы әскери қызметкерлердің арасындағы жарғылық емес қатынасты жоюға қатысты комиссия құрған болатын. Алайда ол комиссия менің ойымша, нақты, жемісті жұмыстар атқармады. Қазақша айтқанда, «айдағандарыңыз бес ешкі, ысқырықтарыңыз жер жарады». Қаншама жағдайлар қайталанып жатыр. Осы мәселе бойынша, сіздер нақты қандай шаралар қабылдап жатырсыздар?”, – деп сұрады сенатор.
Сонымен қатар сенатор екінші мәселе медициналық тексеру кезінде әскерге бармау үшін “пара” ұсынып жататынын алға тартты.
“Дәл осындай мәселені болдырмау үшін бұл жерде ауқымды шара қажет. Егер өңірде осындай жағдай болса, бір сарбаз көз жұмды немесе бір сарбаз мүгедек болып қалса, дәл сол жердегі аймақтық бөлімшелердің бірінші басшылары міндетті түрде оларды үлкен жауапкершілікке тарту керек. Тіпті трибуналға жіберу керек. Сонда ғана тәртіп орнайды, - деді депутат Генадий Шиповских.
Деректерге сүйенсек, 2020 жылдан бері 270 әскери қызметші қаза тапқан. 2020 жылы – 78 әскери қызметші, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85, ал жыл басынан бері 11 әскер қайтыс болған.