Астанада Құтқарушылар саябағында Асқар Забикулинге арналған естелік тақта орнатылды
Астанада Құтқарушылар саябағында Асқар Забикулинге арналған естелік тақта орнатылды
Астанада Құтқарушылар саябағында өзгелерді құтқару кезінде ерлікпен қаза тапқан елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арналған естелік тақта орнатылды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасағанын newsroom.kz хабарлайды.
Еске салайық, 2022 жылдың 16 қарашасы күні сағат 10:43-те «101» тетігіне Астана қаласы Б. Момышұлы даңғылы, 14 мекенжайы бойынша орналасқан «Қаһарман» тұрғын үй кешенінде өрт туралы хабарлама келіп түскен болатын. Оқиға орнында 11-қабаттағы жалпы алаңы 50 шаршы метр болатын пәтер жанып жатқаны анықталды.
Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер пәтер тұрғындарына қауіп төніп, қою түтін пайда болғанын, соның салдарынан пәтерлерде және саты алаңдарында болған азаматтар өз бетінше ғимараттан шыға алмай тұрғанын байқайды.
Апат орнына жеткен құтқарушылар ең алдымен қауіп төніп тұрған адамдарды құтқаруды жөн санайды. Осылайша Асқар Забикулин 12-қабаттан терезе арқылы құтқару арқанымен жанып жатқан пәтерге түсті.
Зардап шеккендер анықталғаннан кейін оларды әріптестерінің көмегімен есікті бұзып ашып, кіреберіс арқылы алып шықты. Осыдан кейін Асқар Забикулин көрші пәтерге жүгіріп кіріп, қою түтіннен шыға алмай отырған 10 жастағы баланы тауып алып құтқарды.
Қайғылы оқиға осы жерде белгілі болды. Өзгелерді құтқарған азаматымыз Асқар Забикулин 80 пайызға жуық дененің термиялық күйіктерін алып, №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілді.
Дәрігерлер барын салып, аман алып қалуға ұмтылмақ болғанмен төрт күннен кейін, 20 қарашада ауруханада көз жұмды.
Ол туралы жылы естелік, қаһармандығы қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі қалады.
Іс-шара соңында Департамент бөлімшелерінің жеке құрамы жазғы нысанды киімін киюі үшін жеке құрамның саптық байқауын өткізді, оның қорытындысы бойынша қызметкерлер өздерінің толық дайындығын көрсетті.
Астана қаласы ТЖД бастығы Қуанар Базарбаев саптық дағдылар деңгейін, бөлімшелердің үйлесімділігін, сыртқы келбетін, киім нысанын, қызметтік куәліктердің, жеке нөмірлері бар жетондардың, ТЖД және Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамының айырым белгілерінің болуын тексерді.
Жиын барысында 16 жас қызметкер салтанатты түрде ант қабылдады.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада Асқар Забикулин атындағы көше ашылған болатын.