Ақтауда туғалы аппаратта жатқан сәбидің мұрны шіріп түсіп қалды

24 Қаңтар, 2020 220 0

Ақтаудағы облыстық перинаталдық орталық мұрнынан айырылған сәбиге миллион теңге өтейтін болды. Туғалы жансақтау бөлімінен шықпаған бөбектің бір түнде мұрны шіріп түсіп қалған. 

Бұған анасы тыныс алу аппаратын уақтылы бақыламаған дәрігерлерді кінәлалап сотқа берген. Судья сәбидің мүшкіл хәлге түсуіне медицина мамандарымен қоса, анасы да себепші деп шешіті, деп жазды КТК арнасы.

Алты айлық Талғаттың жағдайы тым ауыр. Туғалы арнайы аппараттың көмегімен тыныс алып келеді. Жақында ғана перинаталдық орталықтан облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне ауыстырылған. Өкпесінің әлсіздігінен өздігінен демала амайды.

Гүлжан Ермекбаева, Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

— Өте ауыр жағдайда. Өздігінен дем алу мүмкіндігі балада бар. Бірақ өте әлсіз. Тез шаршап қалады. Себебі, өкпенің дұрыс жетіспеуіне байланысты.

Мамандар бөбекті аман алып қалуға барын салып жатқандарын айтады. Бірақ аппаратқа үйреніп кеткен сәбидің тіндері шіріп жатыр. Мұндай жағдайға перинаталдық орталық қызметкерлері жеткізді деп ашынады анасы.

Олар тыныс алу аппаратының мұрынды қажап, содан нәрестенің нәзік терісінде жара пайда болғанына уақытылы мән бермеген көрінеді. Осыны айтып сотқа да арызданған. Сот бір миллион теңге өндіру туралы шешім шығарып берді.

Рақымжан Байсенов, Ақтау қалалық №2 сотының төрағасы:

— Сот отырысында анықталған мән-жайлардың негізінде жинақталған дәлелдемеге құқықтық баға беріп, ең алдымен сәбидің мүддесін жоғары қойып, сот талап қобшының талабын ішінара қанағаттандырып, жауапкерден бір миллион теңге зиян өндірді.

Бүлдіршіннің анасы Бақыт Бекназарова соттың шешімімен мүлдем келіспейді. Баласын айықтырып, мұрны мен таңдайын қалпына келтіруге миллионның жетпейтінін айтады. Онымен қоса сәбидің мүшкіл хәлге түсуіне дәрігерлермен бірге өзін де себепші қылғанына ашынады.

Бақыт Бекназарова, сәбидің анасы:

— Оның мұрнын емдетуге ол бір миллион теңге жетпейді. Таңдайын да емдетуім керек. Әрі қарай бұл баламды мүгедек етті. Айналып келгенде өзімнен инфекция жұқты деп, менен көріп жатыр. Мен инфекция жұққанымда, басқа ауру болғанда, алты айдан бері бір ауруым шыққан жоқ.

Енді ашынған ана перинаталдық орталықтың үстінен облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірмекші. Қазір ең бастысы – сәбиді аман алып қалу. Өздігінен тыныс алып шауып кетсе, шіріген мұрынды тек он төртке толғанда ғана пластикалық операциямен қайта қалпына келтіруге болады екен.

Дереккөз: kyn.kz

Тегтер: Маңғыстау, жаңалықтар, дәрігер

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.