«AMANAT» партиясы үгіт-насихат плакаттарын жинау акциясын бастады
«AMANAT» партиясы үгіт-насихат плакаттарын жинау акциясын бастады
Бүгін 20 мыңға жуық партия мүшесі, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері мен «AMANAT» жақтастары үгіт материалдарын жинауға арналған ауқымды акцияға кірісті, деп Newsroom.kz хабарлайды.
«AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бір айға созылған сайлау науқанында барлық саяси партия мен бірмандатты округтер бойынша кандидаттар үгіт-насихат жұмысын белсенді жүргізіп, бүкіл елімізде бірнеше миллион плакат жапсырған.
«Енді сол жапсырылған үгіт-насихат материалдарының барлығын жинап, тазалауымыз керек. Оларды қайта өңдеуге жіберуге болады. Бұл коммуналдық қызметтің жұмысын сәл де болса жеңілдетуге септеседі. Мұндай іс-шаралар қоғамға қоршаған ортаны ұқыпты ұстаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп, экологиялық мәдениеттің тұрақты моделін қалыптастыруға көмектеседі. Осы бастаманы партия Төрағасы Ерлан Қошанов жақында өткен «Халықпен бірге!» форумында айтқан болатын»,- деді Елнұр Бейсенбаев.
Айта кетейік, плакаттарды жинау жұмысы еліміздің барлық өңірінде жүріп жатыр. Бұл істен Атырау қаласындағы партиялықтары да шет қалмады. Белсенділер базарлардағы, сауда орталықтарындағы және тұрғын үйлердің аулаларындағы үгіт-насихат плакаттарын жинап жатыр.
«Қағаз қалдықтары бүкіләлемдік қоқыс көлемінде 4-ші орында тұр. Біз плакаттарды жинау жұмысын тек облыс орталығында ғана емес, жалпы облыс бойынша, аудандарда да жүргіземіз. Оларды макулатура қабылдау пункттеріне тапсырамыз», - деді «Жастар Рухы» Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы.
Акцияға шымкенттіктер де қосылды. Онда қалалық саябақтар мен алаңдардағы стендтерден плакаттар алынып тасталады.
«Үгіт-насихат барысында партия мен жастар қанатының 580-ге жуық мүшесі 350 мыңнан астам материал таратты. Енді бәріміз соларды жинауға кірістік. Осылайша, қаламызда тазалықтың сақталуына өз үлесімізді қосамыз», - дейді «Жастар Рухы» ЖҚ-ның белсендісі Тұрсынбек Бақытжан.