Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
21 мамыр, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркі академиясы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына онлайн конференция өткізді

Түркі академиясы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына онлайн конференция өткізді

Түркі академиясы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына онлайн конференция өткізді
ашық дереккөзі
Бүгін 21 мамыр күні  Халықаралық Түркі академиясы өзінің 10 жылдығы қарсаңында түркі әлемнің тұғырлы тұлғасы, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өту мақсатында «Абай және ХХІ ғасыр: дәуірлер сабақтастығы» тақырыбында онлайн конференция өткізді.  width= Тікелей видеобайланыс форматында өткен конференцияға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ЮНЕСКО Азия және Тынық мұхиты бөлімінің бастығы Андрей Шевелев, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов,  Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманкулов, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Сұлтан Раев, Түркі тілдес елдер парламенттік ассамблея кеңесінің (ТЮРКПА) Бас хатшысының орынбасары Али Йылдыз, Түркі мәдениеті және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТЮРКСОЙ) Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыжы, Түркия Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Өжал Оғуз, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Иса Габиббейли, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Батырхан Құрмансейіт, Түркиядағы Түрік тілі қоғамының төрағасы, профессор Гүлер Гүлсевин,  сонымен қатар Әзербайжан, Башқұртстан  (РФ), Қазақстан, Қырғызстан, Мажарстан, Моңғолия, Өзбекстан және Түркия елдерінің танымал түрколог ғалымдары қатысты. Бұған қоса көптеген елдердегі зерттеушілер мен зиялы қауым өкілдері онлайн режимде тыңдаушы ретінде қатысып, әлеуметтік желі қолданушылары тікелей көрсетілімдер арқылы тамашалады. Конференция мәртебелі меймандардың құттықтау сөздерімен басталды. Басқосуды жүргізіп отырған академия басшысы Дархан Қыдырәлі алғашқы сөз кезегін ЮНЕСКО Азия және Тынық мұхиты бөлімінің бастығы Андрей Шевелевке берді. ЮНЕСКО өкілі қатысушыларды ұлы ақын мерейтойымен құттықтап, ЮНЕСКО ның бас директорының орынбасары Фирмин Матоконың арнайы құттықтауын жеткізіп, конференцияның сәтті өтуіне тілегін білдірді. Қазақстан тарапынан атқарылатын жұмыстарды баяндап берді. Одан кейін сөз алған Қазақстан мен Қырғызстанның білім, ғылым салаларына жауапты министрлері Асхат Аймағамбетов және Азамат Жаманкулов өз кезегінде Академия жұмысына ризашылықтарын білдіріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі. Алқалы жиын барысында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Халықаралық Түркі академиясы әзірлеп жарыққа шығарған бірнеше жаңа кітап таныстырылды. Бұдан кейін конференцияның пленарлық отырысы жалғасып, танымал ғалымдар – Шыңғыс Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, академик Абылдажан Акматалиев (Қырғызстан), Тарих, тіл және әдебиет институтының директоры, профессор Фирдоус Хисамитдинова (Башқұртстан), Әдебиет және өнер институтының директоры, профессор Кенжехан Матыжанов (Қазақстан), Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлы (Түркия),  профессор Нергис Бирай (Түркия), профессор Қозоқбой Йўлдошев (Өзбекстан), көрнекті жазушы-аудармашы, профессор Сұлтан Тәукейұлы (Моңғолия), доктор Давид Шомфай-Кара (Мажарстан) өздерінің мазмұнды баяндамаларын жасап, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына туралы пайымды пікірлерімен бөлісті. Айта кету керек, Халықаралық Түркі академиясы биылғы жылды ұлы Абайға арнап, шаралардың бастауын қаңтар айында Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласында бастаған болатын. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына байланысты осындай шаралар Академияға мүше мемлекеттердің барлығында жыл бойына жалғасын табатын болады.