Шетелдегі қандастарымыз Наурызды қалай тойлайды?
Шетелдегі қандастарымыз Наурызды қалай тойлайды?
Қазақ халқы Наурыз мерекесін жаңару күні санайды. Бес мың жылдық тарихы бар мейрам қарсаңында ресми деректер бойынша 3,5-4 млн, бейресми деректерде 7 млн-ға жуық саны бар алыстағы қандастарымызбен сұхбат құрдық. Ресей, АҚШ, Өзбекстан, Моңғолия, Германиядағы бауырларымызбен сөйлестік. Ұлыстың ұлы күнін алыстағы ағайын қалай атап өтеді? Қандай ерекшеліктері бар? Мемлекет басшылары бұл мерекеге мән бере ме? деген сауалдарға жауап іздедік, деп Newsroom.kz жазады Egemen.kz дереккөздеріне сүйене отырып.
Ресейде «Қара жорғаны» билейміз
Есенғали Ибраев, Ресей қазақтарының Федералды автономиясының президенті, Түмен қаласы:
- Наурызды бүкіл Ресейде – Алтайдан Кавказға, Сібірге және Қырымға дейін күтеді. Ресейдің кейбір аймақтарында мерекенің атауы әртүрлі, жергілікті дәстүрлері өзге, атап өтуі бөлек. Бірақ барлық жерде үстелдер тәттілерге толы, әртүрлі дәстүрлі музыкалық аспаптармен әртүрлі халықтардың тілдерінде әндер шырқалады.
Ресейлік қазақтар «Наурыз» мерекесінің атауын сақтап, жаңа жылды немесе көктемгі күн мен түннің теңелу күнін барлық тілек білдірушілерді қарсы алуға шақырады. Сіздің қандай ұлт өкілі екеніңіз маңызды емес. Егер сіз Ресейдегі тойланатын наурызға қатысатын болсаңыз, сізді ең қымбат қонақ ретінде қарсы алады.
Түмен облысында Наурыз ежелден қоғамдық маңызы бар мәдени оқиғалардың үлкен күнтізбесінің бір бөлігі. Түрлі халықтар мен Мәдениет өкілдері үшін мереке болды.
Дәстүр бойынша Ресейдегі Наурыз - бұл шашу рәсімінен басталатын халықтық мерекелер, сахнада-ұлттық шығармашылық ұжымдардың қойылымдары. Қазақтың дәстүрлі «Қара жорға» биін барлығы билейді.
Наурызды мерекелеуге Ресейдегі қазақтар әрдайым киіз үй құрып, кең дастархан жайып, дәстүрлі қазақ асханасының тағамдарынан дәм татады. Бұл күні мерекелік дастарханның басты тағамы ол - Наурыз көже.
Жастар мен ересектер күш пен ептілік сайысына белсенді қатысады: «арқан тарту», «жілік сындыру», «теңге алу». Дәстүрлі алтыбақан құрылады, балалар атқа, шанаға қуана отырады.
Үй шаруасындағы әйелдер аспаздық шеберлік сабағы мен бауырсақ дайындау бойынша жарыстар өткізеді. Халық қолөнершілері көрме-жәрмеңке ұйымдастырады. Қазақ қолөнершілері түрлі-түсті қолдан тігілген құрақ көрпелерін жайғастырады.
Наурыз мерекесінің ең керемет оқиғасы - ат жарысы. Көрермендерге әсіресе ат үстіндегі көңілді халық ойыны – қыз қуу немесе жастар қатысатын қызды қуып жету ұнайды.
Ресей қазақтары ежелгі халықтық дәстүрлерді еске алады және құрметтейді, ата-баба өсиеттері, салт-дәстүрлер, тіл, мәдениет ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Бұған, әрине, Ресей халықтарының этномәдени әртүрлілігін сақтауға бағытталған мемлекеттің саясаты, сондай-ақ Ресей мен Қазақстанның берік одақтастық қатынастары ықпал етеді.
Биылғы жылы еліміздің Наурыз мейрамына орай, бес күн демалыс күні болып бекітілді. Еліміздің түкпір-түкпірінде мерекені атап өтуіне түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Еліміз аман жұртымыз тыныш болып, ақ мол, ұлыс оң болсын!
Алыстағы Алтайда домбырадан сабақ беремін
Жанайдар Нұрсалиев, Ресей Федерациясы Алтай Республикасының Қосағаш ауданы:
- Наурыз мерекесін Алтайдың қазақтары асыға күтеді. Ресейдің Алтай өлкесіндегі Моңғол мемлекетімен шекаралас шағын ғана Қосағаш ауданында тұрамыз. Мұнда өз тілімізді қадір тұтамыз. Ұлы мейрам Наурызда қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеп, әні мен күйін, биін осында паш етеміз. Одан бөлек ат жарыс ұйымдастырып, түрлі ұлттық ойындарды көрсетеміз. Ұлттық мерекеде қазақ халқының өнерін көрсетіп, көңіл көтереміз. Әйелдер қауымы ақ көйлек, камзол, ал біз ерлер қауымы болсақ шапанымыз бен бөрігімізді киіп, дастарқан басына жиналып, шүйіркелесіп, арқа-жарқа боламыз.
Қазіргі таңда Қосағашта домбыра мектебінде сабақ беремін. РФ, Алтай Республикасының еңбек сіңірген әртісі және бірнеше әндер мен күйлердің авторымын. Айта кететін жайт, «Отандастар Қоры» бізге бірнеше домбыра сыйлап, онлайн сабақтарды өткізіп келеді. Бұл көмекке көп-көрім ризамыз. Өсіп келе жатқан жас буынның бойына қазақылықты сіңіріп өссе деген тілегім бар. Қазақтың әнін, биін, күйін, жалпы өнерінен жастар хабардар болса деп еңбек етіп келемін.
Алда келе жатқан Наурыз мерекесі құтты болсын! Әр қазақтың үйінен татулық пен бірлік кетпесін! Қазақ елі, барлық ағайын-туған, Қазақстан жұрты аман болсын! Ана тілі мен ата дәстүрді ұмытпайтын қазақ болайық!
Басты миссиям – Америкадағы қазақтардың басын біріктіру
Марат Омаров, АҚШ
Қазақстандық танымал композитор Марат Омаров қазіргі кезде Америкадағы қазақтардың Наурызды қалай тойлайтынына қатысты пікір білдірді. Өз шығармашылығының жаңалықтарымен бөлісті.
Бүгінгі таңда Америка Құрама Штаттарында тұрып жатқан өнер иесі жергілікті халықтың қазақи әндерді сүйіп тыңдайтынын алға тартты. Әнші алдағы уақытта Америка мен Қазақстан қарым-қатынасын дамытуға үлесін қосып, екі ел арасына алтын көпір салуды мақсат етуде.
- Мұхит асып, Америкадан жалынды сәлем жолдап отырмын. 30 жылдық тәжірибемде ақ жүрек қазақ жігіттерін байқадым. Америкадағы сапарымның басты мақсаты - осы жақтағы қазақтардың басын қосып, мәдени орта құру. Текті, жүректі, рухы биік қазақтың басын біріктіріп, елдегі «Отандастар қорымен» бірлесе отырып, мәдени орталық құру. Қор басшысы Абзал Сапарбекұлымен бірлесе әдеби, мәдени жобаны қолға алу. Америкада 200 мыңға жуық қазақтар тұрады. 90 жылдардан бері келе жатқан «Наурыз көктем» әнімді орындаймын. Лас Вегаста наурыз мерекесіне үлкен концерт өтеді. Америкада наурыз мерекесін тойлайтын ұлт өкілдері өте көп. Атап айтқанда, Мысыр, Иран, Ирак, Түркия елдері. Әр ұлт өкілдері өздерінің әдеби-мәдени мұраларын дәріптейтін ұлттық құндылықтарымен сайыстар өткізеді.
Науаида Наурыз мейрамында Құдай жолына ас береміз
Гүлдана Нарынбетова, Өзбекстан Республикасы Науаи облысы, Кенимех ауданы:
- Науаи облысында қазақтар шоғырланған 6 аймақ бар: Тамды, Үшқұдық, Кенимех және Нұрата аудандары мен Зарафшан Науаи қаласы. Мұндағы шөлді аймақтарды мекен еткен 50-ге жуық үлкен-кіші қазақ аудандарында Наурыз тойы ерекше көтеріңкі көңіл күйде тойланады. Наурыз нақыштары ұлттық салт дәстүрлерімізді дәріптеуден басталады. Атап айтқанда, ауыл аймақ көшелері тазаланып, ағаштар отырғызылады. «Өлі разы болмай тірі байымас» деген нақыл сөзді үнемі өскелең ұрпақ санасына сіңірген ата-бабаларымыз мерекеден алдыңғы алғашқы апталарда қабірстандар мен зираттарды тазалап, өткендер рухына Құран аяттарын бағыштайды, ауыл аймақты жиып, құдай жолы(ас береді) өткізеді. Осы күндері шаруалар (Тамды Үшқұдық мен Кенимех Нұрата аудандарындағы қазақтар шаруашылықпен шұғылданады) тасаттық дәстүрін (құрбандыққа мал (жағдайына қарай түйе, жылқы мен өгіз, қошқар атайды) сояды) орындап, көктен төрт түлік мал үшін жаңбыр жаууын сұрайды.
Мереке күндері Өзбекстандағы қазақы ауылдарының барлық мүшелері ұлттық киім киіп, көрші қолаң ағайын туыстар халінен хабар алады. Бұл күндері науқастардан көңіл сұрап барып, оларға материалдық моральдық тұрғыдан көмек көрсетіледі. Наурыз мерекесі қарсаңында тауелібайлықтар (Науаилық қазақтарды осылай атайды) атаулы мерекелерін өткізеді. Бойдақтарға қыз айттырады, келін түсіреді, бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, сүндет той жасайды.
Кенимех, Тамды және Үшқұдық аудандарында «Домбыра фест», «Домбырашылар байқауы», «Салт-дәстүрлер байқауы», «Ұлттық спорттық ойындар сайыстары» тұрақты түрде өтеді.
Соңғы жылдардағы мемлекет жағынан жасалған қолдаулар(авиа билеттердегі, темір жол пойыздарында жол ақыларында 50 пайыздық жеңілдіктер берілді) арқасында туризм бағытында демалыстар ұйымдастырылуда, 5 күндік демалыста зират туризмі мен гастротуризм дамуда.
Осы орайда алда келе жатқан әз Наурыз - Ұлыстың ұлы күнімен барша түркі халықтарын ұлттық мерекемен құттықтаймын. Ақ мол болсын, түрлі бәле жаладан, айтып келмейтін апаттан халқымыз аман болсын!
Президент Наурыз мейрамында арнайы келеді
Батырбек Хадысұлы, Моңғолия Мұсылман Ұйымдары Одағының төрағасы, Ұлан-Батыр қаласындағы Баян-Өлгей жерлестер ұйымының орынбасары:
- Биыл Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын кең көлемде өткізіледі. Наурыздың 3 жұлдызында астанамыз Ұлан-Батыр қаласында бүркітшілер мерекесі болып өтті. Оны Моңғолияның мәдениет министрлігі, туризм басқармасының қолдауымен Ұлан-Батыр қаласындағы Баян-Өлгей жерлестер ұйымы бірлесе отырып ұйымдастырдық. Баян-Өлгейден 21 бүркітшілер келді. Жарыс екі күн ұйымдастырылды. Бүркіт аң алдыру емес, көкпар тарту, теңге ілу, ат үстіндегі аударыспақ, күрес сияқты іс шаралар өткізілді. Одан кейін Баян Өлгей аймағының Құрман хан атындағы қазақ драма театрының өнерпаздарының қатысуымен атақты Ақтан деген жазушының алғаш рет «Бүркіт» поэмасы қойылымын моңғол тілінде сахналады. Сондай-ақ театрдың әртістерінің қатысуымен Ұлан-Батыр бөлек, Эрдэнэт қаласында, Малайқы ауылында концерттер қойылды. Наурыздың 17-18 күндері ағайындар, яғни орта буын мен жастардың басқосуы өтеді. 19 наурызда Сануслан моңғолдың ұлттық күресінен наурыз мейрамына арналған күрес ұйымдастырылып отыр. Ол орталық палуандар сарайында 250 палуан қатысатын жарыс өтеді. Бұл жыл сайын Наурыз мейрамына орай өткізіліп отырады. Бұл жолғы палуандар сайысында бас жүлде және жүлделі сыйлықтар «Отандастар қорының» дәнекерлігімен ҚР Алтын қыран қоры тарапынан берілгеніне дән ризамыз. Ал наурыздың 20-22 күндері аралығында Моңғолия мемлекетінің президенті осы Баян Өлгей аймағына ресми сапармен келеді. Бұл осы жерді мекендеген қазақ ұлтына деген үлкен ілтипат, құрмет деп білеміз. Осы орайда айта кететінім, әр жылы Моңғол ел басшысының жарлығымен Наурыз мейрамына орай, елге көп жылдар қызмет еткен азамат, азаматшаларын орден, медальдарымен марапаттайды. Наурыз мерекесіне орай, өткен аптадан бастап, мемлекеттік мекемелерде қазақтың ұлттық киімдерімен жұмысқа баруды бастады. Бұндай іс шаралар барлық мемлекеттік мекемелерде, мектептер де, бала-бақшаларда жүргізіледі. Онда бесікке салу, тұсаукесер, неке қию сияқты салт-дәстүрлерімізден қойылымдар көрсетіледі. Ондағы мақсат көпшілікке, өскелең ұрпаққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұдан бөлек өзге де қазақтар мекендеген аудандарда ақындар айтысы, ат жарыстар ұйымдастырылады. Айта берсек өте көп. Ал өнер көрсеткен өнерпаздар да құр алақан қалмайды. Оларға арнайы сый сияпаттар беріледі. Пандемияға байланысты бір, екі жыл бойы наурыз тойланбай қалды. Биыл Наурыз мерекесі өте жақсы, кең көлемде өткізіліп бастады. Айта берсек, өте көп іс шаралар өткізіліп жатыр.
Биылғы жылы еліміздің Наурыз мейрамына орай, бес күн демалыс күні болып бекітілді. Еліміздің түкпір-түкпірінде мерекені атап өтуіне түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Еліміз аман жұртымыз тыныш болып, ақ мол, ұлыс оң болсын!
Германиядағы Наурызда мыңнан астам қонақ күтеміз
Валерий Оствальд, Qazan E. V неміс-қазақ достастық қауымдастығының төрағасы:
- Мен үшін Наурыз - балалық шақтың естелігі. Германияға көшкенге дейін Қазақстанда тұрдым, Кеңес Одағы кезінде мүлде тойланбайтын еді ғой.
Германияға көшкеннен кейін ғана теледидардан және наурыз айында Қазақстанға сапарлардың бірінде бұл қандай жарқын, керемет мереке екенін көрдім. Біздің қауымдастық үшін Наурыз мейрамы қазақстандық ұйымды тіркеудің шешуші факторы болды. Бірінші рет өткізгеннен кейін біз тағы да өткіземіз деген шешімді қабылдадық. 2023 жылы Наурыз мейрамын үшінші рет үлкен ауқымда ұйымдастырғалы отырмыз. Бұған дейін біз пандемияға байланысты мәжбүрлі үзіліспен Баден - Вюртембергте өткізе алмаған едік. Биыл біз мыңнан астам қонақты күтеміз. Наурызды өткізе отырып, біз Германияның тұрғындарын Қазақстанның дәстүрлері мен тағамдарымен таныстырамыз.
Алыс-жақын шетелдерді 7 млн-ға жуық қандасымыз мекендейді. Бүгінде атажұртпен байланысын үзбеген олардың тыныс-тіршілігі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тікелей бақылауында. «Оралман» деген тіркестің «қандас» деп құлаққа жылы естілер баламасына ауысқаны осының дәлелі. Күн мен түн теңелгенде алыстағы ағайындардың тұрмыс-тіршілігі мен мейірімі мол мерекені қалай тойлайтынын білу біздің мақсатымыз болатын. Бұл бағытта әлі атқарылар ілкімді істер көп деп білеміз.
Фото: Egemen.kz