2022 жылы Қазақстан бидайды негізінен ТМД елдеріне экспорттаған
2022 жылы Қазақстан бидайды негізінен ТМД елдеріне экспорттаған
Оның ішінде қазақ бидайын тұтынушы негізгі үш ел деп Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанды айтуға болады, деп Newsroom.kz хабарлайды Forbes.kz дереккөздеріне сүйене отырып.
2022 жылдың қаңтары мен желтоқсаны аралығында еліміз 1,9 млрд АҚШ доллары сомасына 6,3 млн тонна бидай және бидай өнімдерін экспортқа шығарған. Бидай экспортындағы нақты өсім көрсеткіші 9,7%-ды, ақшалай түрде 33,8%-ды құраған. Бұл туралы өз зерттеуінде Energoprom.kz мәлім етті.
Сарапшы қауымның талдауына жүгінсек, былтыр қазақ бидайының басым бөлігі, яғни 4,7 млн тоннасы ТМД елдеріне экспортталған (2021 жылмен салыстырғанда 12,1%-ға жоғары көрсеткіш).
Айта кету керек, ТМД елдері арасында елеулі ауқым Өзбекстанға жөнелтілген – 3 млн тонна (824, 8 млн доллар сомасына). Қазақ бидайын тұтынушы негізгі үш елдің ішінде, сондай-ақ Тәжікстан мен Түркіменстан да бар.
Сол сияқты, былтыр еліміз ТМД құрамына кірмейтін алыс шетелдер бағытында 1,7 млн тонна бидай және бидай өнімдерін экспортқа шығарған (2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға артық ауқым). Бұл тұрғыда негізгі бағыт Ауғанстан: мұнда 686,7 мың тонна өнім жөнелтілген (194,3 млн доллар сомасына). Сонымен қатар Иран және Италия елдері де қазақ бидайын импорттаушы негізгі елдердің қатарында.
Energoprom.kz мәліметінше, биылғы қаңтарда астық және бұршақ дақылдарын өсіру мен тұқым шаруашылығына бағытталған инвестиция ауқымы 14,8 млрд теңгені құрады (былтырғы қаңтармен салыстырғанда, құндық мәнде 14,9%-ға жоғары ауқым).
Бұл тұрғыда инвестиция ауқымының басым бөлігі еліміздің негізгі астық қоймалары саналатын Солтүстік Қазақстан (5,8 млрд теңге), Ақмола (3,9 ) және Қостанай облыстарына (3 млн теңге) тура келген.
Фото: Egemen.kz