Жаңалықтар

Комфортта өмір сүрмеппіз: Кореяда қара жұмыста жүрген қазақ қызы

Соңғы кездегі сәнге айналғаны ма, әлде елдегі күнкөрістің нашарлағаны ма, әйтеуір бір танысымыз шетел асып, жұмыс істеп жүргенін естіп жүрміз. Біз Кореяға жұмыс істеп жүрген қазақтар туралы айдарымызды тұрақты жүргізуді жөн санадық. Өзге елге кеткен отандастарымыздың бүгінгі күні туралы сөз етпекпіз. Сонымен келесі кейіпкеріміз Салима есімді Шымкенттік қыз туралы болмақ, деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі.

- Өзге елде жүру қиын емес пе?

- Жалпы киын емес. Бірақ Шымкентте жургенде комфортта өмір сүрген екенбіз. Мұнда басқа елде бірінші қиналасың, адаптация болады, өзінің қиыншылықтары бар. Біз ең алдымен Кванхевон деген кішкене қалаға келіп тоқтадық. Халқы өте қарапайым. Өзіміздің таныс қазақ жігіті қарсы алып, пәтерге жайғастырды. Жұмыс берушіні  мұнда сатжан деп атайды. Сатжандармен таныстырды. Қонақжайлылығын көрсетті. Ол қалада біраз жұмыс істедім. Жұмыс ауырлау болды. Кейін өзге қалаға кеттім. Қала дегені кішкентай қалашықтар. Қазір Тессо деген қалаға көштім. Бұл Кванхевонға қарағанда үлкендеу, әрі заманауи. Бүгінде Тессода витаминдер шығаратын зауытта жұмыс істеймін.

- Кім болып жұмыс істейсіз?

- Қораптарды скотчтап тұрамын. Жұмыс онша ауыр емес. Жалпы сегіз сағаттық жұмыс. Зауыт қаланың шетінде орналасқан. Бес күндік. Сенбі, жексенбі демалыс.

 width=

- Жалақы қанша?

- Жалақым 40 мың теңгедей. Қазір доллар түскеніне байланысты 36-37 мың теңгедей. Айына 750-800 мыңдай.

- Қазақстандықтарға қарым-қатынасы қалай?

- Қазір жұмыс жасап жүрген Тессо қаласында қазақтарды екі қадам сайын кезіктіруге болады. Бір-бірімізді танып, амандаса жөнелеміз. Бұл жақта біз сияқты жұмысқа келушілерді арбайт деп атайды. Бірақ "сен сондайсың" деп бөлектегенін өз басым көрмедім. Қазақтардан бөлек тәжік ұлтынан жалданып жұмыс істеушілер өте көп.

- Кәріс жігіттерінің қазақ жігіттерінен айырмашылығы қандай? Кейбір қаракөздеріміз жұмыс істеуге кетіп, кәріс жігітіне тұрмысқа шығып кеткендерін естіп қалып жүрміз?

- Бірге жұмыс істейтін кәріс жігіттері де бар. Білмегеніңді түсіндіреді. Кейде ауыр жүкті көтерейін десең, жүгіріп келіп, көмек беруге әзір. "Бес саусақ бірдей емес". Осы уақытқа дейін дөрекі мінез көрсетіп, ауыр сөйлегенін естіген жоқпын. Жұмыс берушілердің, бөгде жандардың да. Ия, сөзіңіздің жаны бар, осында жұмыс іздеп келіп, кәріс жігіттеріне тұрмысқа шыққандарды да өз көзімізбен көріп жүрміз. Кәріс қызға үйленгендері де бар. Әркімнің таңдауы өз еркінде.

- Осында тұрмысқа шығып, қалуыңыз мүмкін бе?

- Жоқ. Ондай ойым жоқ. Шымкентте өмір сүруге жетпейді. Мақсатым жұмыс істеп, ақша табу болғандықтан келдім. Біраз уақыттан соң өз еліме қайту. Қанша жақсы болғанымен өз еліңе жетпейді.

- Неге дәл Кореяны таңдадыңыз? Араб елдері емес. Еуропа мемлекеттері емес?

- Кореяға келу себебім, осында келіп жұмыс істеп, шынымен табыс тапқан жақсы таныстар болғаны үшін. Бұл жаққа келген соң көмектесетініне сендірді. Дәл солай да болды. Сіз айтқан елдерге баруды шыны керек ойланбаппын.

- Бұрын өзбек ағайындар, тәжік, қырғыз көршілеріміз шетел асып, түрлі қызмет көрсету жұмыстарын жасайды дегенді еститінбіз. Қазір өзіміздің қазақтар өзге елдерде нәпақаларын тауып жүр. Оның себебі неде?

- Қазақстанда жұмыс істейсің. Жалақы аз ғой тым. Өзім елде жүргенде екі жұмыс жасадым. Шыны керек жетпеді. Шығын көп па? Қымбатшылық па? Қарыздан көз ашпай кеттім. Бұл жақта бір күн жұмыс істесең, бір аптаның шығыны төленеді. Бір апта жұмыс істемесең болады. Ал елде мемлекеттік жұмыста істедім. Айлығым 90 мың болды. Одан соң сұлулық салонында істедім. Әйтеуір жетпеді. Тағы айта кетерлігі Кореяда адамға қажетті барлық жағдай жасалған. Сосын кәрістер де менсінбеушілік деген жоқ екен. Бір байқағаным, адамды кемсітіп, бөтенсінбейді. Жеңіл жұмыстарды кәрістердің өздері, ал ауыр жұмыстарды сырттан келгендерге тапсырады деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Негізі ондай емес. Барлық жұмысты теңдей атқарамыз. Сен бөтен елден келдің деген жоқ. Бастықтардың өздері бізбен бірдей жұмыс істейді. Әр екі сағат сайын 10 минуттық кофе-тайым бар, түскі үзіліс бір сағат. Тәрбие, мейірім, мәдениеттілікті жоғары қойғандықтан болар.

- Біздің елге Кореядан не алып келуге болады? Қандай кәсіпті әкеліп, өзімізде дамытуға болады?

-Бұл жақта бізде жоқ нәрселер өте көп. Маған ең ұнағаны үйлердің проектілері. Бізде коридорға көп кв м жұмсаймыз. Мысалы Нұрсат мөлтек ауданындағы үйлерді мысалға келтірсек болады. Ал бұнда жатын бөлмелерге көбірек мән беріледі екен, есесіне коридор кішкентай. Нағыз жастарға қолжетімді баспаналар. Сосын көлік арзан. Ал белгілі бір кәсіпті дамытуды білмедім. Өйткені мен жұмыс істеп жүрген зауытта витаминдер шығарылады. Ол оны жабық түрдегі құтылармен зауытқа жеткізіледі. Құрамында не бар екенін де білмеймін.

- Біз бүгінде 30 дамушы елдердің қатарындамыз деп жатырмыз. Сол қаншалықты рас. Кореямен салыстырғанда қанша жыл кенже қалған сияқтымыз?

- Ия жасырын емес. Корея бізден әлдеқайда көш ілгері. Мұндағы үкіметтің елге жасаған жағдайы, адамдардың өздеріне істеген керемет дүниелері жетерлік. Қызығасың. Елдегі кафелері тура біз теледидардан көрген дорамаларындағыдай. Сөйлеу мәнері, тазалығы, мәдениеті бәрі де. Біз мұсылман болғандықтан шүкір айтуға үйренген жанбыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Мира ЕРЖАН