3 күндік қамау: Қарағандылық оқушының анасы сот үкімімен келіспейді
3 күндік қамау: Қарағандылық оқушының анасы сот үкімімен келіспейді
Қарағандылық оқушының анасы соттың бұл шешімімен келіспеймін деп Almaty tv арнасына сұхбат берді. Оның айтуынша, қызына лифтіде тиіспек болған азамат ауыр жаза арқалауы керек, деп Newsroom.kz хабарлайды Almaty.tv-ға сілтеме жасай отырып.
Қаланың қақ ортасында 14 жастағы қыздың артынан еріп, ілесе лифтіге бірге кірген азаматтың әр әрекеті бейнежазбада таспаланған. Қарсылық көрсеткен жеткіншекті сыртқа шығармай, қысым көрсеткен жігіт кейіннен анықталғандай, 23 жастағы тұрғын болып шығыпты. Оның үстіне, арам ойдың арбауында қалған азаматтың отбасылы екені анықталған.
«Үйге шақырдым. Ойымда арам ой болды, оны мойындаймын. Істеп тұрған нәрсемнің бәрін мойындап тұрмын», – деді күдікті.
Күдікті кінәсін толық мойындағанымен, аталған іс зорлық-зомбылық фактісі деп танылмайды. Сондықтан, сот шешімі қарапайым. Ал оқушының анасы аталған үкіммен келіспейтінін айтып, жазаны қатаңдатуды сұрап отыр.
«К есімді азамат сот шешіміне сәйкес, адамды қорлап, тиіскені үшін кінәлі деп танылды. Оны әкімшілік жазалау мақсатында 3 тәулік қамау туралы шешім бар. Әзірге сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ», – деді Мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Алексей Ан
«Бұл жағдай қызымның психологиясына қатты әсер етті. Қазір ер адам көрсе, қорқатын болған. Мен соттың шешімімен келіспеймін. Мұндай жағдайға қалай ғана 3 күндік қамау туралы шешім шығаруға болады?» – деді жәбірленушінің анасы Альмира Әбдікәрімова.
Әділдік іздеп шарқ ұрған ана әлі де арыз жазатынын айтты. Қазір қыздың отбасы басқа үйге көшкен.
Фото: видеодан кадр