Жаңалықтар

Кеңес үкіметінің бассыздықтары мен жемқорлығы зерделенді

Кеңес үкіметінің бассыздықтары мен жемқорлығы зерделенді

Қазақстанға 1 млн 207 мыңнан астам әртүрлі ұлт өкілінің күшпен жер аударылуы, тың және тыңайған жерлерді игеру барысындағы бассыздықтар, биліктегі қасаң бюрократия мен жемқорлық – әлеумет­тік және этностық қақтығыстардың туындауына себеп болды, деп Newsroom.kz жазады Egemen.kz-ке сілтеме жасай отырып.

Кеңестік өкімет орындарының халықтың талап-тілегіне құлықсыз­дығы апатты зардаптарға апарды. Жазылмаған «заңдылық» бойынша оқиғалар себеп-салдары талданбады, құжат-деректер құпияланды, бейкүнә адамдар қосақ арасында жаза тартып кетіп жатты. Осы олқылықтың зардабын зерттеу мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге «Кеңестік Қазақстан: әлеуметтік және этни­калық қақтығыстар тари­хының тағылымы, 1920-1991 жылдар» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Ғылыми-практикалық конференцияны Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Қабылдинов ашып, басқосуға Астана қаласынан арнайы келген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік ме­кемесі директорының орынбасары А.Кемелов құттықтау сөз сөйледі. Жиынды саяси ғылымдар докторы, профессор С.Борбасов жүргізіп отырды.

Ғылыми басқосуда ХХ ғасыр­дың 20-30 жылдары ашаршылық­тан және түрлі індеттерден қыр­ғынға, ұлт саясатына, әлеуметтік саладағы және экономикада жүргі­зілген ауытқуларға қарсы бас көтеру­лер, 50-60 жылдарда орын алған Кеңгір, Степлаг, Лениногорск (Рид­дер), Зыряновск (Алтай), Жеті­қара, Құсмұрын, Шымкент, Цели­ноградтағы көтерілістер туралы баяндамалар таныстырылды. Атап айтқанда, Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қыз­меткері, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Алдажұманов «1950-жыл­дардағы Қазақстандағы әлеуметтік және этникалық қақты­ғыстар туралы» кеңірек баяндаса, институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғы­лым­дарының докторы, профессор Г.Көкебаева «Ашық қоғам архи­віндегі» Қазақ­стандағы қақты­ғыстар тарихына қатысты мате­риал­дар» туралы сөз қозғады.

Бір ғана 1959 жылғы Теміртау оқиғасы үш қырынан талданып, үш баяндамаға арқау болды. Про­фессор Қ.Алдажұманов жалпы және арнайы архив қорларының мәліметтерге сүйен­ген түйіндерін ортаға салса, тарих ғылымдарының докторы Г.Көкебаева оқиғаның Будапештегі «Ашық қоғам архи­вінде» сақталған сараптамалық материалдарда сипатталуын талдап берді. Конференцияға Қа­рағандыдан арнайы келген тарих магистрі Асқар Құмар баяндамасына Теміртау оқиғасының тұрғындар жадындағы естеліктерін арқау еткен. 50-жылдардағы қақ­тығыстардың негізгі себебі әлеу­меттік жағдайдан туған.

Про­фессор Қ.Алдажұманов Темір­тау көтерілісіне қазақтар мүл­де қатыспағанын, шетелдік жұмыс­шыларға айрықша жағдай жасалуы, кеңестік жұмысшылардың қайыршы жағдайы тұрғындардың ашу-ызасын туғызғанын баяндады. А.Құмар баяндамасында Темір­тау­да көтеріліске қатысқандардың әлеу­­меттік құра­мында бұрынғы сотталғандардың көп болғанын атап өтті. Г.Көкебаева баяндамасында «Ашық қоғам архи­вінде» қақтығыстар баяны жалпы көрсетілгенімен, оқиғаның ішкі тартысы, тіпті мерзіміне бай­­ла­нысты қазақстандық дерек көз­де­ріне қайшы мәліметтер көп еке­ніне назар аударды. Оқиғаның бұ­лай кешенді талдануы тыңдаушы ықыласын арттырды.

Сондай-ақ конференцияға арнайы келген тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Д.Сүлейменова 1991 жылдың қыркүйегіндегі Орал оқиғасы тарихын баяндады. Баян­дамаға арқау болған деректер мен сараптаулар баяндамашының Оралдағы дүрбелең туралы өмір­­лік естеліктерімен өрілген тың пайымдарымен құнды. Ал Ш.Уә­лиханов атындағы Тарих жә­­не этнология институтының рhd докторанты Е.Стамшаловтың сөзі 1967 жылғы Шым­кент көтерілісінің тарихына арналды.

Л.Брежнев билікте болған кездегі 1967 жылдың 13-15 маусымындағы көтеріліс жеке­леген БАҚ материалдарында там-тұмдап айтылғаны болмаса, мүлде зерттелмеген. Көтері­ліс шымкенттіктердің кеңестік мили­ция қызметкерлеріне қарсы наразы­лығынан туған әлеуметтік сипаттағы бас көтеру болған. Үлкен дүмпу туғызған Шымкент оқиғасын басуға Мәскеуден КОКП ОК хатшысы А.П.Кириленко, КСРО қоғамдық тәртіп сақтау министрі Н.А.Щелоков арнайы келсе, Ташкенттен Орта Азия әскери округінің қолбасшысы, генерал Салманов бастаған қарулы күш жіберілген еді. Жиында Астана қаласының мемлекеттік архивінің бөлім меңгерушісі Ғ.Исахан Цели­ноград­тағы оқиғалардың тарихына тоқталды. Ал институттың бас ғылы­ми қызметкері, тарих ғылым­дары­­ның кандидаты М.Қалыбекова Қос­танай облысының Құсмұрын стан­­­сасындағы оқиғаны талдап, әңгімеледі.

Бұдан бөлек баяндамашылар кеңес­тік кезеңде Қазақстанда болған әлеуметтік және этностық қақты­ғыстар тарихын зерттеудің методологиясын, бас көтерулердің кеңестік билік тарапынан бағала­нуын, тарихи оқиғалардың халық жадындағы бейнесін, тарихнамасын талқылады. Жалпы, бұл ғылыми-практикалық конференция материалдары арнайы жинақ түрінде жарық көрмек.

Фото: Egemen.kz