«2-10-20» мен «5-10-20» арқылы қалай ипотека алуға болады?
«2-10-20» мен «5-10-20» арқылы қалай ипотека алуға болады?
Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған екі түрлі бағдарлама бар, деп Newsroom.kz хабарлайды Informburo.kz дереккөздеріне сүйене отырып.
Кrisha.kz Қазақстандағы қазір қолжетімді жеңілдетілген ипотека түрлерін ұсынды.
Қазақстанда жеңілдетілген несиемен алуға болатын екі ипотека түрі бар:
- "2-10-20" – бұрынғы "Бақытты отбасы";
- "5-10-20" – бұрынғы "Шаңырақ".
Бұлар мемлекеттік бағдарлама болғандықтан, сыйақы мөлшерлемесі басқаларға қарағанда төмен. Бағдарлама бірінші рет пәтер сатып алғысы келетін азаматтарға арналған.
Бұл екі бағдарламаның кез-келгеніне қатысу үшін келесі шарттарды орындау қажет:
- Қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы бес жылда пәтер тіркелмеген болуы тиіс.
- Пәтерге мұқтаж азаматтардың тізімінде тұруы тиіс. Кезекке Kezekte сайты арқылы тіркеле алады.
"2-10-20" бағдарламасы:
- 2% – сыйақы мөлшерлемесі;
- 10% – алғашқы жарна;
- 20 жыл – несиелеу мерзімі.
Әлеуметтік осал топтағы пәтерге аса мұқтаж азаматтарға арналған:
- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар;
- көп балалы аналар мен көп балалы отбасылар;
- І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
- мүгедектігі бар бала бағып отырған немесе асырап отырған отбасылар.
"5-10-20" бағдарламасы
- 5% – несие мөлшерлемесі;
- 10% – алғашқы жарна;
- 20 жыл – несиелеу мерзімі.
Қалған кезекте тұрған барлық азаматқа, дәлірек толық емес отбасы, мемлекеттік және бюджет қызметкерлеріне арналған.
Екі бағдарлама үшін де ортақ:
- азамат кезектің қалай жылжып жатқанын БАҚ-тан немесе осы бағдарламаның операторы Отбасы банкінің сервисінен көре алады;
- үміткер белгіленген уақытта otbasybank.kz платформасында құжат тапсырады;
- іріктелген соң төлем жасау қабілеті тексеріледі;
- алғашқы жарнаның бір бөлігін тұрғын үй сертификатымен өтеуге болады. Оны алу үшін Отбасы банкі ипотеканы мақұлдаған соң әкімдікке өтінім беру қажет;
- тұрғын үйді әркім otbasybank.kz арқылы және өз өңірінде іздейді.
Тек III, IV санаттағы, аумағы 80 шаршы метрден аспайтын үйді ғана сатып алуға болады. Бұл әкімдік арнайы өзі салған немесе сатып алған үйлер. Пәтердің 1 шаршы метрінің құны белгіленген:
- Алматы мен Астанада – 290 мың теңгеден;
- Атырау мен Маңғыстау облыстарында – 240 мың теңгеден;
- Шымкент, Қостанай, Түркістан, Қарағанды және Ұлытау облыстарында – 220 мың теңгеден;
- ШҚО, БҚО, Қызылорда және Абай облыстарында – 200 мың теңгеден;
- Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Павлодар, СҚО, Жамбыл және Жетісу облыстарында 180 мың теңгеден аспайды.
Мұнымен қатар, сыйақы мөлшерлемесі 7% болатын Ұлттық банк ұсынған, мемлекет жартылай араласатын "7-20-25" бағдарламасы. Алайда оның көмегімен пәтер табу және несие рәсімдеу қиын.
Сондай-ақ, "Отбасы банктің" сыйақы мөлшерлемесі 5 пен 11,5% арасындағы, алғашқы жарна 30-50% болатын бірнеше ипотека түрі бар.
Қазақстандағы қалған ипотекалар коммерциялық банктерге тиесілі, олардың жылдық мөлшерлемесі 17-22%.
Фото: Inform.kz