Ақтөбеде екінші топтағы мүгедек қызды 54 жастағы туысы екі жылдай зорлап келген

14 Қаңтар, 2020 360 0

Ақтөбеде екінші топтағы мүгедек қызды 54 жастағы туысы екі жылға жуық уақыт зорлап келген. Жапа шегушінің туыстарының айтуынша, ер адам қызға емдік массаж жасаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жантүршіктірерлік жағдай туралы Facebook әлеуметтік желісінде "Немолчиkz" қоры жазған. Зорлау оқиғасы ер адам мүгедек қыздың денсаулығына қажетті емдік массажды жасаған кезде болған.

Жәбірленушіде балалар миының салдануынан (БМС) бөлек, керең-мылқаулық бар. Деменция диагнозымен, басқа да аурулармен, ақыл-ой кемістігімен және психологиялық ерекшеліктерімен тіркеуге алынған.

Зардап шегушінің анасы бір күні туысының үйге келгені қызына ұнамайтынын аңғарған. Осыдан кейін анасы перзентінен не болған сұрап көрген. Бастапқыда қыз ештеңе айтпағанымен, кейінірек туысының бірнеше рет зорлағанын түсіндірген.

Жәбірленуші тергеу кезінде де, сараптама барысында да болған оқиғаны сурдо аудармашының көмегімен баяндап беріпті. Мүгедек қыздың сөзінше, оны туыс ағасы бірнеше рет, әртүрлі бөлмеде зорлаған.

Ал ағасының айтуынша, ер адамды жиенінің өзі азғырған және бұл жағдай бір-ақ рет болыпты.

Жәбірленушінің туыстарының сөзінше, сараптама зорлық-зомбылық болғанын растаған. Сондай-ақ қаскөйді Қылмыстық кодекстің 120 бабы, 2-бөлімі, 4-тармағы бойынша жазаға тартуға барлық дәлелдер жетерлік. Алайда қыздың жақындары шеше алмаған мәселелер де бар. Олар әділдікке жету жолын іздеп, БАҚ-тан көмек сұрайды.

Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстандық сенаторлар педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды мақұлдаған еді.

Тегтер: мүгедек, зорлық, қыз, массаж

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.