Жаңалықтар

Түркістан облыстық ардагерлер ұйымының жиыны облыс төрінде өтті

Түркістанда Түркістан облыстық ардагерлер ұйымының кезекті І Пленумы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев, облыстық басқармаларының басшылары, аудандық, қалалық «Әкелер мектебінің» төрағалары, «Әжелер алқасының» төрайымдары қатысты, деп Newsroom.kz хабарлайды.

Жиынды жүргізген Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов аталмыш ұйымның 2022 жылғы қызметі мен алдағы міндеттері туралы баяндады:

«Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің негізін 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңестеріне біріктірілген 536 бастауыш (ауылдық) ардагерлер ұйымдары құрайды. Онда 140855 ардагер есепте тұрады немесе облыстағы зейнеткерлердің 78,4%. Ардагерлер саны өткен жылмен салыстырғанда 8706 адамға көбейіп, бастауыш ардагерлер ұйымы 528-ден 536-ға жетті. Осы есепті кезеңде облыстық ардагерлер кеңесінде 2 Пленум, 8 төралқа мәжілісі, 5 дөңгелек үстел, 18 семинар, 5 ардагерлер жиыны өткізілді. Онда жастар тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығы, салауатты өмір салты, елдің ынтымағы мен бірлігі, ардагерлердің әлеуметтік жағдайлары және өзге де өзекті мәселелер қаралды. Облыстық ардагерлер кеңесі тарапынан қабылданған «Ата-баба дәстүрі, ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында негізгі 8 бағытта жұмыстар жүргізілді»

Әр отбасында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіру, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, даулы мәселелерді шешу мақсатында 902 мектепте «Әкелер мектебі», 528 елді мекенде «Әжелер алқасы» жұмыс істейді. «Дәнекер» пилоттық жобасы аясында танымдық-тәрбие жұмыстарын 21 маман, 399 қоғамдық медиатор-ардагер жүргізеді. Нәтижесінде 57 іс сотта аяқталса, 1276 түрлі дау оң шешімін тапты. Ардагерлердің өмір сүру сапасын жақсарту, олардың салауатты өмір сүруін ұзарту, егде жастағы адамдардың әлеуметтік-психологиялық әл-ауқатын жақсарту, олардың қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларына және ардагерлердің әлеуметтік өміріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту үшін «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашылуда. Қабылданған іс-шаралар жоспарының аясында Арыс, Кентау, Түркістан қалаларында, Жетісай (2 орталық), Келес, Түлкібас, Ордабасы, Шардара, Созақ, Отырар, Төлеби, Мақтаарал аудандарында жаңадан ғимараттар салынды және бұрынғы тойхана, мейрамхана ғимараттары «Ардагерлер орталығы» болып қайта жаңғыртылды. Бұл орталықтарда ардагерлер үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған, емделуге, демалуға, түрлі ойын, спортпен айналысуға жағдай жасалған. Бұл бастама қалған аудандарда жалғасын табатын болады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев ел бірлігін сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда ел ағаларының, ақсақалдар мен ардақты әжелеріміздің үлесі зор екенін айтты:

«Жасы үлкенді сыйлау, қадірлеу, құрмет көрсету – ұлтымыздың қанына сіңген қасиет. Елімізді дамытуда, Түркістан өңірін өркендетуде, жастарды тәрбиелеуде осындағы ел ағаларының қосқан үлесі мол. Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарында Түркістанға тарихи және мәдени елорда мәртебесін беру бастамасын көтерді. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Түркістанды рухани орталыққа айналдыру ісінде сіздердің ақыл-кеңестеріңіз, салмақтарыңыз сезіліп тұруы тиіс. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы қазыналы қарияларымыздың еңбегін жоғары бағалайды және аудандарды аралау барысында үнемі пікірлерін, кеңестерін тыңдайды. Бүгінгі жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша жұмыс істеуге дайынбыз. Аға буынға қолдау көрсету жалғасады.»

Жиын соңында Пленумның қаулылары қабылданды. Ардагерлер қозғалысының дамуына, елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға елеулі үлес қосқан 9 ардагер «Түркістан облысының құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек, үздік бастауыш ардагерлер ұйымдарына, аудандық кеңестерге, «Әкелер мектебіне», «Әжелер алқасына» Алғыс хаттар тапсырылып, сый-сияпат жасалды.