Жаңалықтар

Ақтөбе облысында 2200 шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өтеді

Ақтөбе қаласындағы «Жантас» ЖШС-ның қызметкерлері «AMANAT» партиясынан партиялық тізім бойынша Ақтөбе облыстық  мәслихаттың депутаттығына кандидаттармен кездесу барысында жолдардың сапасы мен жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелердің жұмысына көңілі толмайтындарын жеткізді, деп Newsroom.kz хабарлайды.

— Жолдардың сапасына қатысты сіздер сияқты азаматтардан қазір жиі сын еститініміз рас. Айтуларыңыз орынды. Сапалы жол – азаматтардың қауіпсіздігінің, медициналық көмектің, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігінің кепілі, экономика мен сауданы дамытудың маңызды шарты. Бүгінде Ақтөбе облысындағы  жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 72 пайызды құрап отыр. «АМАNАТ» партиясы алдағы бес жыл ішінде дәл осы мәселені шешуге атсалысатын болады. Нақтырақ айтсақ, алдағы уақытта облыстың барлық аудандары мен Ақтөбе қаласында кемінде 2200 шақырым жолды күрделі және орташа жөндеуден өткізуге бюджеттен қаражат бөлуді қарастырамыз, - деді кандидат Бижан Қалмағамбетов.

 width=

Оның айтуынша партия «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аудандардағы 50 тірек ауылда кемінде 130 шақырым және 20 серіктес ауылда 15 шақырым көше жолдарын орташа жөндеуден өткізуге атсалысады. Сондай-ақ қала маңындағы елді мекендерді қамтамасыз ету үшін 130 автобус сатып алу арқылы Ақтөбе қалалық автобус парктерін жаңартуға ықпал етеді. Мамандарды және жалпы халықты тарта отырып, жөндеу жұмыстарының сапасына үнемі партиялық бақылау мен мониторинг жүргізеді.

 width=

Бұл шаралар жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 2027 жылға қарай 72 пайыздан 97 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кандидат Талғат Дүржановтың айтуынша, партия бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі — баспанамен қамту. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Жантас» ЖШС да өз үлесін қосып жатыр.

 width=

— Партия бағдарламасында көрсетілгендей, алдағы бес жылда облыста 4,2 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Қазір өңірімізде 4,5 мың көпбалалы және 14,4 мың әлеуметтік осал отбасы баспана кезегінде тұр. Сонымен қатар 31 көппәтерлі тұрғын үйдің апатты жағдайда екендігі тіркелген. «АМАNАТ» партиясы тұрғын үй құрылысына, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ықпал етіп, ақтөбеліктердің баспаналы болуына жағдай жасайды. Осылайша алдағы бес жыл ішінде кемінде 30 мың отбасы, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарындағы және көпбалалы 500 отбасы баспанамен қамтылады, — дей келе Талғат Дүржанов серіктестік қызметкерлерін сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды.

 width=

Айта кету керек, «Жантас» ЖШС кеңсесінде 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Бұл компания Батыс-2 ауданында тұрғын үйлер салып жатыр. Сондай-ақ серіктестіктің құрылыс материалдарын сататын көтерме қоймасы да бар.

 width=

Ақтөбе облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы сайлау қорының қаражатынан төленді.