Тегерандағы ұшақ апаты: Әуе кемесінің құлауына теракт себеп болмаған

08 Қаңтар, 2020 228 0

"Халықаралық Украина әуежолы" ұймына тиесілі Boеing 737 украиналық әуе кемесінің апатқа ұшырауына теракт себеп болмаған, деп хабарлайды Stan.kz.

Бұл туралы Ирандағы Украина елшілігінің өкілдері мәлімдеді. 

Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, Тегеранның уақыты бойынша сағат 6:00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 8:30) Имам Хомеймни атындағы халықаралық әуежайынан аспанға көтерілген Boeing 737 ұшағы апатқа ұшыраған. Өкінішке орай, бортта болған адамдардың ешқайсысы аман қалмапты. 

"Алғашқы мәліметтер бойынша, ұшақ апатына себеп болған жағдай - қозғалтқыштың өртенуі. Әуе бортының теракттың кесірінен құлауы мүмкін деген нұсқаға сенудің еш негізі жоқ", - деді елшілік өкілдері. 

Қазіргі таңда Украина елшілігінің қызметкерлері ұшаққа белгілі себептерге байланысты отырмаған жолаушыларды анықтауда. 

"Әуе тасымалдаушы компанияның мәлімдеуінше, аталған рейске 168 адам билет сатып алған. Қазіргі таңда олардың қаншасы бортта болғандығы анықталуда. Бұған қоса ұшақта украиндық 9 азамат экипаж мүшесі болған", - деп мәлімдеді Украина елшілігіндегілер. 



Тегтер: Иран, Тегеран, әуеапаты

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.