Жафар Шадкам: санкция нәубет емес, нығмет болды...

08 Қаңтар, 2020 912 0

Таяу Шығыстан тыныштық кетті. Кеше-бүгін парсы шығанағында түрлі оқиғалар орын алып, АҚШ-тың Ирактағы базасы Иран тарапынан атқыланды. Бүгін таңертең Украин ұшағы Тегеран үстінде құлап, 180 жолаушы қайтыс болды. Осы орайда, Тегеранда тұратын қазақ диаспорасының өкілі – Жафар Шадкаммен newsroom.kz тілшісі телефон арқылы сұхбат құрып, Ирандағы жағдай туралы аз-кем сұраған болатын. 

- Жафар аға, Ирандағы қазіргі ахуал қалай? Кеше-бүгінгі оқиғалардан соң қарапайым халықтың көңіл күйі дұрыс па?

- Халықтың тұрмыс-тіршілігі қалпынша. Мектептер мен мекемелер әдеттегідей жұмыс істеп жатыр. Қазір бірнеше минуттан соң ел Президенті теледидардан халыққа үндеу жариялайын деп отыр. Соны күтіп отырмыз. 

Кеше АҚШ-тың Ирактағы әскери базасын Иран ондаған ракетамен атқылады. Оны өздеріңіз де білесіздер. Бұл – кек алудың басы деп отырғандар бар. 

Ирандағы ахуал туралы айтар болсам, кейбіреулер АҚШ-тың бұл әрекеті дұрыс емес, генералды соғыс алаңында емес, Иракқа қонақ болып барғанда, ракетамен атып өлтірді, бұлар ерлікке жатпайды деп айыптауда. Халық қатты ашуға булығып, генералдың кегін қайтару керек деуде. Сүлейманиды ақтық сапарға шығарып салған қаралы жиында осыны байқадық. 

Ирандықтар әлеуметтік желіде қолдарын осылай ұстап түскен фотоларын таратуда. Америкалықтарға сес көрсетіп жатыр. Аяқтарыңа тік тұрған күйде келіп, табытқа жатқан күйде қайтасыңдар дегенді меңзеп отыр (с) Жафар Шадкамның әлеуметтік желідегі парақшаларынан алынды.

- Сүлейманиді еске алған қаралы жиында елуге жуық адам қайтыс болыпты. Жалпы генерал Сүлеймени шынымен халық сүйіктісі ме еді? 

- Елуден астам адам қайтыс болды. Генерал тұлғасы халық арасында беделді еді. Халық оны сыйлайтын, құрметтейтін. Қазасынан соң, қатты ашуға берілді. Жерлеу алдында кек алуды бастайық деп, американың Ирактағы базасын атқылай бастады. Генерал Сүлейманиды Иракта болсын, Ливияда болсын шииттер қатты құрметтейді. Олар да кек алуға қол ұшын бермекші. Сөз беріп отыр. Оның ішінде Ливан «Хезболласының» көшбасшысы Сейіт Хасан Насыролла да бар. Халық арасында қандай беделді екенін оны ақтық сапарға шығарып салуынан байқауға болады. Тегерандағы қаралы жиынға бардым. Көшеде халық тола болды. Көз жастарын төгіп, кегін қайтару керек деген қарапайым халықтың ашу-ызасын көрдім. 

- Ирандағы қазақ бауырлардың жағдайы қалай? Қазір қауіпсіз аймақтасыздар ма?

- Қазақтар шоғырланған аймақ Каспи жағалауына жақын Гүлстан аймағы. Ресейге жақын болғандықтан, соғыс ошағынан алыс жатыр. Иранның әр өңірінде кәсіппен жүрген қазақтар үшін соғыс басталып кетсе, әрине қауіпті.

- Өмір-бақи Иранда тұрып келесіз. Иран билігі АҚШ санкциясынан көз ашпай келеді. Өзіңіз бұл оқиғаның соңы немен бітеді деп ойлайсыз?

- Халық шыдамды. Қандай қиыншылық көрсе де санкцияны айналып өту жолдарын іздеуде. Төтеп беріп жатқан секілді. Билік басындағылар нәубет емес, нығмет болды деп есептейді. Өз аяғымызға тұрып, ішкі өндірісті болсын, әскери саланы болсын дамытып, өз күшімізге өзіміз сүйенуге себепкер болды деп ойлайды. 

- Таңға жуық құлаған украин ұшағы туралы не айтасыз?

- Хомейни әуежайынан ұшып шығып, Һаранд пен Шаһриор деген жерде техникалық ахауға байланысты құлаған. Жаңа әуесқой түсірілімнен көргенмін, аспанда өртеніп, жерге түсіп жарылғанын бір кісілер ұялы телефонмен түсірген екен. Иранның «Жедел жәрдем» ұйымының басшысы және «Қызыл жарты ай» ұйымының басшысының теледидардан айтуынша, ұшақтағы түгел жолаушы қаза тапқан сияқты. 

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!



Тегтер: ақш, иран, жафар, шадкам, жаңалықтар, сұхбат, тегеран

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.