Жаңалықтар

Асхат Оралов Түркістан өңірі тұрғындарымен кездесті

Асхат Оралов Түркістан өңірі тұрғындарымен кездесті

Бүгін Түркістан қаласындағы Фараб кітапханасында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов облыс тұрғындарымен кездесті, деп Newsroom.kz хабарлайды. Жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жүргізді. Жиында министр Асхат Раздықұлы министрлік биылғы жылы атқаратын бірқатар жобалар мен жұмыстарды таныстырды. Сонымен қатар, кездесу барысында министр түркістандық жаттықтырушылармен және спортшылармен 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындық барысын талқылады.  width=
«Биылғы жоспар бойынша Түркістан өңірінде 15 мәдениет нысанына жөндеу және 3 нысанына құрылыс жұмыстары көзделіп отыр. Сонымен қатар, сіздердің өңірлеріңізде «Гауһар Ана», «Отырар», «Сауран» визит-орталықтары биыл ашылып, туристерге қолайлы жағдай тудырады деп күтеміз. Ал 2023-2024 жылдары Түркістан облысында жалпы сомасы 41,7 млрд теңгеге туристік инвестициялық 18 жоба жоспарланған. Атап айтқанда, «Medina Palace» қонақүйі, «Отау» ойын-сауық орталығы, фитнес-клубы, теннис орталығы және «Turkistan Mall» орталықтары сияқты жобалар іске асырылуда. 2022 жылы 15 туристік нысан пайдалануға берілген. Бүгінде облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Бұл – Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Тарихи туризмнің алтын ұясы десек те артық болмайды», – деді ҚР Мәдениетжәне спорт министрі.
Бүгінде республикамыздағы аудан, ауыл жастары спортпен шұғылдану үшін мектеп интернат-колледждерде білім алуы керек деп мәлімдеді министр. Қазіргі таңда еліміз бойынша 20 аймақтың 12-інде спорт мектеп интернат-колледжі бар болса, қалған 8 өңірде жаңадан ашылатын болады. Осылайша, кемелді келешек иелері кәсіби спортқа тарту жолында игілікті істер жалғаса береді.  width= Сонымен қатар, министр өткен жылы республикамызда алғаш рет «Ұлы дала жүгірісі» жарысы ұйымдастырылып, түркістандықтардың үшінші орын алғанын айтып, алдағы уақытта жерлестеріміздің жүлделі орындардан көрінетініне сенім білдірді. Сұрақ-жауапқа ұласқан жиында басқосуға келген жұрт ұсыныстары мен сауалдарын жолда, тұшымды жауап алды. Бұл орайда, Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым облыстағы ақын-жазушылардың кітаптарын жарыққа шығару мәселесін көтерді. Асхат Раздықұлы өз кезегінде түркістандық қаламгерлердің жинақтарын мемлекеттік тапсырыс аясында шығаруға министрлік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ал Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов спорттағы легионерлер мәселесін қозғады. Аталған мәселе бойынша министр: «Бұл мәселе шынында мені де толғандырады. Осы бойынша елордаға барып зерделеу жасаймын. Меніңше, легионерлерден гөрі ауылдағы ағайынға жағдай жасауымыз керек. Чемпиондардың дені ауылдан шығады. Жас спортшыларды қолдауымыз керек. Бұл мәселені, талдау жасай отырып, оң нәтиже шығаратын боламыз», – деді министр. Жиын соңында Асхат Оралов жиналғандарға алғыс айтып,  кездесуден кейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныстарын тыңдады. Бұл ретте барлық ұсыныстар ескеріліп, соған сәйкес жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Министрдің Түркістан облысына сапары аясында Шардара, Отырар, Жетісай аудандары мен Арыс қаласында болып, жергілікті тұрғындармен кездеседі. Сондай-ақ спорт және мәдениет нысандарының жұмысымен танысады.

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұлттық мәдениеттің бірегей нысандарын ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу үшін «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинацияны әзірлеу жұмысы жалғаспақ. Бұл дәліз 6 объектіні қамтиды. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Сауран, Отырар, Яссы, Қызылорда облысындағы Жеті Асар, Жанкент, Сығанақ нысандары қамтылмақ.

Айта кетейік, Асхат Раздықұлы Оралов - 2023 жылғы 4 қаңтарда Президент Жарлығымен ҚР Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды. 1990 жылы 10 ақпанда Павлодар облысында туған. 2012 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, 2014 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында магистратураны тәмамдаған. 2017 жылы Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Халықаралық қатынастар» бағдарламасы бойынша PhD докторы дәрежесін алды. Еңбек жолын 2011 жылы Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаментінің жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің бас маманы болып бастады. 2014-2016 жылдары – «Нұр Отан» партиясы «Нұр» филиалы төрағасының бірінші орынбасары. 2016-2018 жылдары – «Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ басшысы. 2018 жылғы қаңтар-тамыз аралығында – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры. 2018-2019 жылдары – ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары. 2019-2020 жылдары – Павлодар облысы әкімінің орынбасары. 2020-2021 жылға дейін – ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі. 2021-2022 жылдары – Астана қаласы әкімінің орынбасары. 2022 жылдың ақпан айынан бастап «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы қызметін атқарды.