Жаңалықтар

Шымкентте квартирант үй иесінің ұлын пышақпен ұрған

Шымкентте квартирант үй иесінің ұлын пышақпен ұрған

Шымкентте квартирант үй иесінің ұлын пышақпен ұрған, – деп Newsroom.kz хабарлайды Polisia.kz дереккөздеріне сүйене отырып.

Оқиға түнгі уақытта орын алған. Жалға берушілермен ортақ аулада бөлме жалдап тұратын 52 жастағы азамат масаң күйде үй иесінің ұлынан өзін белгілі мекенжайға апаруын өтінген. Жолда ер азамат көлікті дүкен алдына тоқтатуды сұрап, жүргізушінің анасы оған қарыз екенін айтып, ақшаны қайтаруды талап ете бастаған. Жігіттің қарсы жауабын естіген қаскүнем қалтасынан ас үй пышағын шығарып жәбірленушінің кеуде тұсынан ұрып, оқиға орнынан бой тасалаған. Ауыр жарақат алған жігіт ауруханаға түсті.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 106-бабымен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) іс тіркелді.

Жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктіні қала аумағында қолға түсірді. Іс айыптау актісімен сотқа жолданды.

Сот үкімімен айыпталушы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Фото: Polisia.kz