Жаңалықтар

Түркістан облысында 1000-ыншы мектеп ашылды

Түркістан облысында 1000-ыншы мектеп ашылды

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында өңірдегі бір мыңыншы мектеп ашылды. Білім ұясының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздарды, жергілікті тұрғындарды құттықтады, деп newsroom.kz хабарлайды. Осылайша, Түркістан облысындағы мектеп саны 1000-ға жетті, ал жалпы оқушылар саны 500 мыңнан астам. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл ретте демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр:
– Мемлекет басшысы балаларға жағдай жасауды ерекше тапсырды. Өнерлі, білімді, спортқа бейім балаларды    жан-жақты дамыту керектігін айтты. Бұл тапсырманың біздің өңір үшін маңызы өте жоғары. Себебі еліміздегі сәбилердің бестен бірі Түркістан облысында дүниеге келеді. Облысымызда, қазіргі таңда 700 мыңнан астам бала бар. 2400-ге жуық білім беру ұйымы жұмыс істейді. Облыста 2023-2025 жылдары кезең-кезеңімен 96 мектептің құрылысын салу жоспарланды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдаулар ұстаздарға шабыт береді және жас ұрпақтың сапалы білім алуына оң ықпал етеді деп санаймын. Біз бүгін облысымыздағы 1000-шы мектептің ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Мұндағы оқушылар ата-аналарының және ұстаздардың, елдің үмітін ақтайды деп сенемін, – деді Д. Сатыбалды.
Сарыағаш қаласының "Самал" шағынауданындағы №78 жалпы орта мектебінің құрылысы 2020 жылы басталды. Мектепте 900 оқушыға арналған және оқушыларды алаңсыз оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Есік алдына асфальт төселген және абаттандырылған. Мектепте суық су, жылыту және санитарлық байланыс құбырлары орталықтандырылған. Білім беру ұясында үлкен дәліз, 1 оқу залы және кітапханада 1 медиа залы бар. Сондай-ақ, химия, физика, Еңбек және информатика кабинеттері заманауи жабдықтармен толық жабдықталған. Үлкен спорт залы, 300 орындық асхана жұмыс істейді. 2 медициналық кабинет бар. Олар арнайы медициналық жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталған. Өртке қарсы дабыл, 17 сыртқы және 60 ішкі бейнебақылау камералары орнатылған. Түркістан облысы елімізде туу көрсеткіші, демографиялық өсу бойынша көшбасшы орында тұр. Бұл аймақта ел халқының 10,7% - ы тұрады. 2022 жылғы желтоқсанда Түркістан облысының халық саны 2116 450 адамға жетті. Оның 75,5% - ы ауыл халқы. 2022 жылы облыста 57429 бала дүниеге келді. Олардың 605-і егіздер, ал 12-сі үшемдер болды. Бұл деректер ауылға қолдауды күшейту және жыл сайын мектептер санын көбейту міндетін қояды. Сондықтан облыста мектептермен қамтамасыз ету бойынша өте қарқынды жұмыс жүргізілуде. Облыстың 1364 мектепке дейінгі ұйымдарында 159 113 бала тәрбиеленуде. Өңірдегі 1000 мектепте 514018 оқушы оқиды. Мектеп тапшылығы мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Өткен жылы 21 мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде 2 үш ауысымды мектептің мәселелері шешілді. Биыл 20 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 63 мектеп салу жоспарлануда. Оның ішінде 2023 жылға 31 мектеп құрылысын бастауға қаражат бөлінді.