Жаңалықтар

Сырымбек сайлаудан шеттетілді: RE партиясы не деді?

Сырымбек сайлаудан шеттетілді: RE партиясы не деді?

Бүгін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тауды сегізінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауына қатысудан шеттетті. Ол бір мандатты аумақтық округтер бойынша ұсынылған партия кандидаттарының бірі болатын, деп Newsroom.kz жазады.

 Осыған байланысты Respublica партиясы өз мәлімдемесін жасады:

«Біздің партияласымыз, нағыз патриот, табысты кәсіпкер және жасампаз азамат Сырымбек Таудың сайлаудан шеттетілуі бізді қатты қынжылтады.

Бюрократиялық кідірістердің кесірінен Сырымбек сайлауға жіберілмеді. Бәлкім, формальдық дүние өте маңызды шығар, бірақ ол өте лайықты кандидат болды.

Сырымбек нөлден бастап жеке кәсібін ашып, 600 ден астам адамды жұмыспен қамтып, мемлекет бюджетіне жалпы сомасы 10 миллиард теңгеден астам салық төлеген.

Бірақ, Сырымбек елге көмекті тек экономикалық үлеспен ғана көрсетіп жүрген жоқ. Қиын-қыстау кезеңде де халқына қолдау көрсетті. Пандемия кезінде оның компаниясы Алматыдағы 9800 отбасына азық-түлікпен жәрдемдесті, «Біз біргеміз» және «Шұғыла» қайырымдылық қорына қаражат бөлді. «Тау шаңырақ» қайырымдылық қорының негізін қалаушылардың бірі. Талғар қаласындағы балаларды оңалту орталығының құрылысына қомақты қаржы бөлді. Су тасқынынан зардап шеккен Арыс қаласы мен Мақтаарал ауданының 100 тұрғынына көмек көрсетті.

Сонымен қатар, Сырымбек әлемнің 60 елінде болып, ондағы тұрғындардың қалай тұратынымен, үкіметтік модельдердің қалай жұмыс істейтінімен жақсы таныс. Әсіресе, ол Жапония үкіметі мен парламентінің қалай қызмет ететінін егжей-тегжейлі және қызығушылықпен зерттеді. Кезінде алашордалықтар ел басқарудың озық тәжірибесіне үлгі ретінде Жапонияны мысалға алған. Қозғалыс жетекшілерінің салыстырмалы түрде қысқа мерзімде артта қалған феодалдық аграрлық елден әлемдік державаға айналған Жапониядан үлгі алудың нақты жоспары болды. Біздің партиялас әріптесіміз де Қазақстан өз дамуында осындай серпіліс жасаса деп армандайды. Оның Қазақстанда мемлекеттік және қоғамдық институттардың жұмысының осындай үлгісін енгізу ниеті болған»,-делінген партия хабарламасында.

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров:

«Respublica партиясы берілмейді, біз күресті әрі қарай жалғастырамыз. Мұндай оқиғалар бізді тек қана алға ұмтылу үшін күш-жігерімізді қайрайды және Сырымбек сияқты лайықты тұлғаларға жол әрқашан ашық болатын нағыз Жаңа Қазақстанды құруға ынталандырады», - деп атап өтті. 

Фото: respublika-partiyasy.kz