Жаңалықтар

Ата мен әже немересімен араласуға заң жүзінде құқылы болмақ

Ата мен әже немересімен араласуға заң жүзінде құқылы болмақ

Ата мен әже немересімен араласуға заң жүзінде құқылы болмақ, деп Newsroom.kz тілшісі хабарлайды.

"Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…" деген екен батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Сол қорқынышы бүгінде қоғамда орын алуда.

Қазақта немере тәрбиесінде ата мен әженің рөлі ерекше. Сонау Абай, Шоқан аталарымыздың ана тілін сүюді, салт-дәстүрді дәріптеуді, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсіруіне әжелері ықпал еткен еді. Ата мен әженің тәрбиесін көріп өскен бала зерек, алғыр, білімді және иманды болып тәрбиеленген деген түсінік қалыптасқан. Қазір ше, қазір мүлде бөлек. Әже институтынан жапа шегіп, не болса да әке-шешенің тәрбиесін алсын дегендер көбейген заман. Оның үстіне қазіргі әжелер өз баласын өсіріп, өзі үшін өмір сүргісі келіп, немере бағуға құлықты еместігі бар. Әрине барлығы болмаса да көпшілігі сол пікірде. Әжеден қайран болмаған жас отбасылар тәрбиеші, көмекші жалдап күн көргені әлдеқайда тиімдірек. Бұл бүгінгі таңдағы жас отбасылардың басты проблемалары болып отырғаны рас.

Ал ендігі мәселе мүлдем бөлек. "Жаман айтпай жақсы жоқ" отбасы шайқалып, ортада балалар болып жатса, екі жаққа кеткен жастардың туыстары баламен кездесуден мақұрым болады. Осылайша бұл үлкен дауға айналады.

Осыған орай "Неке және отбасы туралы" ҚР кодексіне жаңа бап енгізілмекші.

Ол ата-мен әженің немересімен, сондай-ақ баламен оның әпке-бауырлары, өзге де туыстарының қарым-қатынас жасау құқығы арнайы баппен бекітіледі. Бұл туралы Ашық НҚА порталында Оқу-ағарту министрлігі жариялаған құжат жобасынан белгілі болды.

Яғни "Неке және отбасы" кодексіне жаңа 73-1 бап енгізіледі. Онда "Аталар, әжелер, бауырлар, әпкелер және басқа туыстар баламен араласуға құқылы" деп жазылған.

Бапқа сәйкес, егер "ата-ана баланың жақын туыстарына онымен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін беруден бас тартса, дауды ҚР Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайтын тәртіппен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган шешеді. Шешіммен келіспеген жағдайда, дауды медиация тәртібімен немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын осы органның қатысуымен сот шешеді" делінген.

Құжат жобасы осы 24 ақпанға дейін жария талқылауға ұсынылды.

Фото: ашық дереккөз