Жаңалықтар

Жігіттің сырттаны…

Жігіттің сырттаны…

Иттің сырттаны туғанда, таудағы қасқырдың сырттаны ұлып түнімен маза бермейді екен. Себебі болашақ өзін алқымынан алып өлтіретін күшікті иттің сырттаны екенін іші сезеді екен көкжалдың.

Қайткен күнде иттің сырттанын күшік күнінде өлтіру қасқырдың сырттанының арман тілегі болған. Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар демекші, сырттанның ұлығаны Тәңірісіне айтқан назы дейді көпті көрген қариялар.

Қазақ сыртанды: “Иттің сыртаны”, “Қасқырдың сырттаны”, “Жігіттің  сырттаны” қылып үшке бөлген екен. Құдайдың қалауымен үшеуіде алапат күштің иесі. Ажалдың көзіне тіке қарайтын, қорқумен үркуді білмейтін, тірі жаннан тайсалмайтын қасиет олардың туа бітті мінезі.

Жігіттің сырттаны деп Кенесары ханның інісі Наурызбайды айтады екен қазақ халқы. Хан Кененің қасында жүрген небір көкжал батырлар осы Наурызбайдан аяқ тартатын болған. Бес қаруын бірдей қолданатын сырттан батыр, айсыз түнде атпен шауып келе жатып жерде жатқан түйенің құмалағын найзасының ұшымен шаншып іліп әкетеді екен.

Қара күшпенде, ақыл айламенде ешкім Наурызбай сырттанның алдын орай алмапты. Көзінің қиығымен қарағанның өзінде көкжалдың жанарындай  Наурызбайдың көзі өңменіңнен өтіп кететін адам шошитындай сұсты екен.

Бірде Хан Кене інісі Наурызбайға Шұбыртбалы Ағыбай батырды жанына қосып Сырдың бойында, жүз жиырмаға келген Алшынның абыз ақсақалының батасын алуға жібереді.

Арқадан атпен айшылық жол жүріп абыздың ауылына кеп түседі. Абыз он екі қанат ақ ордасында ақ сақалы кіндігіне түсіп керегенің тұсында теріс қарап жатыр екен дейді.

Менде не қалды-дейсің, ет кетті сүйек қалды, тіс кетті иек қалды-дегендей, жағының еті суалғасын иегін торқамен төбесіне таңып қойыпты қария.

Шіліңгір шілденің тұсы болса керек, салқын самал ауа айналсын-деді ме екен, киіз үйдің түндігімен етегін түріп қойып, төрде жайылған қалы кілемнің бетіндегі қалың салынған шыт көрпешенің үстінде бүк түсіп жатыр екен-дейді жарықтық.

Ханзадамен батыр, ақсақалдың батасын алуға сонау Арқадан арнайы іздеп келіпті Сізге-деген сөзге де мыңқ етпейді абыз.

Тылсымды көретін, кие қонған адамдардың мінезінің өзі бірде көл, бірде шөл емес пе? Қай жағынан тұрғаны белгісіз. Қабағын жапқан қалың аппақ қасымен сақалын салалы саусақтарымен бір сипап, бердім батамды, үйге кірмей-ақ, келген жағына кете берсін дейді абыз.

Бұл сөзді місе тұтпай ішке кіруге ұмтылған екеуге бұл сөздер тағыда екі рет қайталанады. Сырттан туған Наурызбай ханзада алған бетінен қайтпай: “Тап қазір маған осы жерде өлесің деседе алдына кірем ақсақалдың. Сонау Сарыарқадан ерігіп келген жоқпын мен мұнда-дегенде іште жатқан ақсақалдың “жіберіңдер кірсін”-деген үні естілді-дейді құлаққа.

Арсалаңдап кірген аңғал батырдың сәлемінде алмапты ақсақал. Кірген бойда түріне қарап тұрып: “Жігіттің Сырттаны”- екенсің батырым. Бақ тек маңдайыңа ғана біткен екен. Жарқыраған Маңдайбағың өзіңмен келді, өзіңмен бірге кетеді. Қайрамаған қылыш өтпейді. Жасың жиырма беске жетпейді қарағым. Мен айтқым келмеп еді, сен өзің қоймадың. Жорытқанда жолың болсын сырттаным- деп абыз қысқа қайырады.

Екінші кірген Шұбыртпалы Арғын Ағыбайға қарап:”Бақ желкеңе біткен екен. Атағың алысқа кетеді. Атың ұранға айналады. Ұрпағың көп. Жасың ұзақ болады айналайын депті.

Екеуі ұзақ жолдан ат терлетіп ауылына келсе. Үйдің маңындағы төбеде, таспиығын тартып Хан Кене отыр екен-дейді. Наурызбай інісі ағасына сәлем де бермей ақ отауына кіріп кетеді.

Атын байлап болған соң, Ағыбай батыр ханға барып сәлем беріп, болған жайды баяндайды. Сонда Хан Кене бекер, бекер болды Наурызбайжан қасарыспай қайта беру керек еді. Аузы дуалы абыз ақсақал еді, айтқаны келмесе болар еді ей, Алла-деп күрсініп қоя беріпті.

Шынында абыздың ауызы дуалы екен, сол жылы айыр қалпақ ағайынмен болған айқастан кейін, жасы жиырма беске жетпей Наурызбай ханзада өлтіріледі. Маңдайбағы өзімен бірге кетеді.

Ал Шұбыртпалы Ағыбай батырдың өмір жасы ұзақ, ұрпағы көп болып, атағы алысқа кетеді. Ұрпағы жауға шапқанда атын ұранға айналдырған екен.

“Атаңның ботасын емес, батасын ал. Бота өліп қалады, батадан бағың жанады”-деген сөз бекер емес ағайын. Аузы дуалы абыз-ақсақалдардың батасы бұйырсын. Сіз не дейсіз?

МАҚСАТ СҚАҚОВ