Жаңалықтар

Қазақ "қырғыз" емес: Тұңғыш премьер Сәкен Сейфуллин жайлы қызықты деректер

Қазақ "қырғыз" емес: Тұңғыш премьер Сәкен Сейфуллин жайлы қызықты деректер

Бала Сәкеннен әкесі үлкен үміт күтті. Сәкен Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда бүгінгі Қарағанды облысының Ортау мекенінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Сәдуақас. Бірақ әке-шешесі еркелетіп, "Сәкен" деп атап кеткен. Руы – Арғын, Қуандықтан тарайды. Бұл туралы Сәкен Сейфуллин музейі өзінің фейсбук парақшасында жазды деп newsroom.kz хабарлайды.

Сәкеннің әкесі Сейфолла сөзге шешен, домбырашы, саятшы болған. Ол тұңғышынан үлкен үміт күтті. Ал анасы Жамал баласына ертегі айтып беруден  жалықпайтын. Сәкеннен кейін екі ұл – Мәлік пен Әбен, одан кейін үш қыз – Рахима, Сәлима мен Қалима дүниеге келген. Бірақ қыздың үшеуі де 11-13 жасында көз жұмды. Әбен де жас кетті.

Сәкен ауыл молдасынан тіл сындырып, арабша хат танығаннан кейін орыс-қазақ мектебінде білім алды. Ал оқуды үздік бітіріп, Ақмолада приходская мектебіне түседі. Одан кейін тағы екі жылдық мектепте оқып, ары қарай Омбы педагогикалық семинариясына аттанады.

Елдің жұмысына араласу

Омбыда оқып жүргенде "Айқап" журналына алғашқы мақаласы жарияланды. Содан бастап жас Сәкен патшалық "охранканың" назарына ілігеді. Дегенмен, өзінің белсенді жұмысын жалғастыра берді. 1914 жылы қазақ жастарының "Бірлік" атты мәдени және білім беру қоғамын құруға атсалысты. Тура сол уақытта  "Өткен күндер" атты өлеңдер жинағын жариялады.

Оқуды бітіргеннен кейін Сәкен Сейфуллин елге келіп, шамалы уақыт мұғалім болып істеді. Ал 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете түседі. Ақын халық жағына шығып, патшаны тақтан тайдыратын ақпан төңкерісін қуана қарсы алады. Қазақ елі бостандық алып, бодандықтан құтылады деп сенеді. Сөйтіп, дереу Ақмолаға келіп, жаңа заман жолындағы күреске бел шеше кіріседі. Сол кезде ақын Амангелді Иманов бастаған көтеріліске арнап "Толқулар" атты өлеңің жазды.

Екі оттың ортасында қалды

Сәкен ұлт-азаттық көтеріліске дейін қаладағы ірі байдың қызы – Рахимаға үйленген еді. Сонда оның жары жаңа заманның тәртібін әкеме қолданба деп шарт қояды. Сол кезде кедей өкіметінің жаршысы болып жүрген ақын екі оттың ортасында қалады. Отбасының берекесі қаша бастайды.

Дегенмен Сейфуллин өз бағытынан тайған жоқ. Шығармашылығын да жалғастырды. Ақмолада жүргенде "Біз асығыс жиналдық" деген өлеңін жазды. Ал 1917 жылдың сәуір айында "Жас қазақ" ұйымын құрды.

Бір жылдан соң Ақмолаға ақтар келіп, сол жердегі кеңес үкіметін құлатады. Сейфуллин тұтқындалып, түрмеге қамалады. Одан кейін атаман Анненковтың "өлім пойызымен" Колчак түрмесіне жеткізіледі. Осының бәрін "Тар жол, тайғақ кешу" романында жазған.

Сәкен түрмеден қалай қашты?

Колчак түрмесінде отырғанда Сәкен екі жолдасымен бірге қашуды жоспарлайды. Бірақ екі досы сүзекпен ауырып қалады. Содан амалсыз жалғыз өзіне қашуға тура келеді. Ол кезде Колчак түрмесінен қашып шығу қиын болатын. Ондай әрекеттер өте сирек кездесті.

"Лагерьде қазақ пен орыс тіліндегі газеттер бар. Карта ойнайды, әрі қолдан даярланған дойбының қызығына түседі. Көркем өнерпаздар да табылды. Кешке ән шырқайды. Тұтқындардың саны бір жарымдай, тұтастай интернационал – мажарлар, орыстар, қазақтар, немістер, татарлар. Лагерьді чехославактар күзетті", - деп жазды Сейфуллин.

Түрмеде дұрыс тамақ болған жоқ. Кейбір тұтқындар қаңғыбас иттерді жеді. Қамауда отырғандарды қар тазалауға шығарып тұрды. Осыны пайдаланған Сәкен күл-қоқысқа толы шанаға тығылып, қашып кетті.