Алматы әкімі Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесті
Алматы әкімі Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесті
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қала тұрғындарымен кезекті кездесуі Әуезов ауданында өтті. Қала басшысы ауданның дамуы және өткен жылы тұрғындардан түскен ұсыныстар бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Кездесуге 200-ден астам адам келді, деп newsroom.kz хабарлайды.
Өткен жылы Әуезов ауданында оң даму динамикасына қолжеткізілді. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 22%-ға артып, 45 мыңды құрады, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,7%- ға, 101 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл 9 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді, оның 4 мыңнан астамы халықты жұмыспен қамту Орталығы арқылы жұмысқа орналастырылды.
Ерболат Досаев Әуезов ауданы үшін ең өзекті мәселелер инженерлік коммуникацияларды жаңғырту, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, ауданның қоғамдық қауіпсіздігі мен абаттандырылуын қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті.
Өткен жылдың маусым айында қала әкімінің тапсырмасы бойынша ауданның ең проблемалы 4 учаскесінде сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу және жаңғырту үшін жобалау басталды: олар Достық, Мамыр-4 шағын аудандары, Саин-Шаляпин-Жандосов-Қарғалы өзені көшелерінің қиылыстары, сондай-ақ Арычная, Ыкылас, Западная көшелерінің учаскесі. Бұл учаскелерде су және кәріз желілері 1960-1970 жылдары салынған, олардың тозуы 80%-дан асады. Жұмыстар ағымдағы жылы басталып, 2024 жылы толығымен аяқталады. Қайта құру 11 мыңнан астам абонентті сапалы сумен және кәрізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауданда жол инфрақұрылымын дамыту өзекті мәселе болып қала береді. Өткен жылы ұзындығы 27 км 22 көшеге орташа жөндеу жүргізілді, сондай-ақ жалпы ауданы 25 мың м2 75 көше учаскелерінде ағымдағы жөндеу аяқталды. Ұзындығы 6,8 км 33 учаскеде тротуарлар жасалды, биыл тағы 22 көше мен ұзындығы 19 км 9 өтпелі жолды орташа жөндеу жоспарлануда.
Үнемі су басып қалатын орындардың проблемасын шешу үшін өткен жылы ТЖ желісі бойынша ауданның 7 проблемалық учаскесінің 5-і жойылды. Қалған 2 учаске бойынша жұмыстар ағымдағы жылдың наурыз айының соңына дейін аяқталады.
Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша өткен жылы 167 аула аумағына жөндеу жұмыстары басталды. Олардың 30-ы толық жөндеуден өтті. Қалған аулаларды абаттандыру ағымдағы жылдың маусым айында аяқталады.
Оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін өткен жылы екі мектептің қосалқы нысандары пайдалануға берілді және «Достық» жекеменшік мектебі ашылды, бұл 400 оқушы орнын құруға мүмкіндік берді. Ағымдағы жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық ғимарат салу жоспарлануда. Жыл соңына дейін 4 мектепте сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеу аяқталады.
Аудан тұрғындарын сапалы әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 348 орындық 6 жеке меншік балабақша ашылды. Ағымдағы жылы «Алтын бесік» ш/а 120 орындық мемлекеттік балабақша салу жоспарлануда. «Мектеп автобусы» жобасы аясында биыл 5 мектепке автобус бөлінеді.
Өткен жылдың маусым айында Мамыр-1 ш/а медициналық қызмет көрсетудің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ауысымында 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Сондай-ақ, Қуаныш шағын ауданында №18 емхананың жаңа негізгі ғимаратын салу үшін бір ауысымда 300 адам қабылдайтын жер учаскесін сатып алу бойынша жұмыс жалғасуда.
Ауданда қоғамдық қауіпсіздік мәселелері белсенді түрде шешілуде. Бейнебақылау жүйелерінің желісін кеңейту үшін 2022 жылы 359 бейнебақылау жүйесінің камералары орнатылды. 2023 жылдың I тоқсанының соңына дейін 700-ге жуық жаңа камераны орнатуға арналған мекенжайлардың тізімі дайындалады.
Әкіммен өткен тұрақты кездесулер барысында тұрғындар жайлы қалалық ортаны дамыту жөнінде тілектерін білдірді. Бүгінде заманауи қалалық дизайнның жаңа стандарттарын ескере отырып, Ақсай ш/а-да саябақ абаттандырылды әрі ол тұрғындар жиі келетін орынға айналды. Ақпан айында Сайран көлінің түбін шөгінділерден механикалық тазарту жұмыстары басталады. Жұмыстарды 2023 жылдың мамыр айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Ағымдағы жылдың қазан айына дейін Саин көшесі бойындағы 4 жерасты өткел жөнделеді. Сондай-ақ, ауданның 5 жер үсті өткелін күрделі жөндеу үшін ЖСҚ әзірленуде.
Ауданның келбеті мен экологиясын жақсарту үшін өткен жылы 3700 ағаш және 15 585 бұта отырғызылып, 1150 апатты ағаштар алынып тасталды. Ағымдағы жылы 2 мың апатты ағашты алып тастау және 20 мың ағашты өтемдік отырғызу жоспарлануда.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында өткен жылы ауданда 23 жоба іске асырылды, нәтижесінде 17 қоғамдық кеңістік құрылды, 4 шағын жаяу жүргіншілер аймағы жабдықталды және 2 автосуару жүйесі орнатылды. 2023 жылы аудан тұрғындарының өтінімдері бойынша 800 млн теңгеге 16 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Алматы әкімімен кездесу барысында аудан тұрғындары жолдарды жөндеу, кәріз, электр желілерін абаттандыру және т. б. мәселелерді көтерді.