Жаңалықтар

Руслан Жанпейісов бұдан былай полицейлерді сынға алмайтынын мәлімдеді

Руслан Жанпейісов бұдан былай полицейлерді сынға алмайтынын мәлімдеді

Белгілі қоғам белсендісі, халық арасында "полицейлер аңшысы" атымен танылған шымкенттік Руслан Жанпейісов бұдан былай полицейлерді видеоға түсірмеуге уәде берді. Ол арнайы мәлімдеме жасап, қорғаушысы Закир Асадовтың Fasebook парақшасына жариялаған. Шын аты-жөні Бейбарыс Райымбеков еліміздің Ішкі істер министріне жолдаған үндеуінде енді полицейлерді сынамауға уәде беріп, кешірім сұраған. "Жасым 40 жасқа таяп қалды. Соңғы жеті жылда мен Қазақстан полициясының жұмысын жақсартуға үлесімді қосуға тырыстым. Видеосюжеттер мен үндеулер жасау барысында мен полицейлердің жұмысын сынға алдым. Себебі олар жіберген қателері өзге полицейлерге сабақ болса екен дедім. Осылайша еліміздің полициясының жұмысын жақсартады деп ұқтым. Бірақ мені ешкім тыңдаған да жоқ, түсінген де жоқ», — деді қоғам белсендісі. Мен жол қозғалысы туралы азды-көпті білімім арқылы полицейлермен бірге жұмыс атқарғым келді. Алайда маған полицейлерге қарсы шығушы "қылмыскер" деген айып тағылды. Министр мырза бұдан былай полицейлер туралы видео түсірмеймін. ІІМ атына айтылған сындарым үшін кешірім сұраймын",-дейді Руслан Жанпейісов. Еске сала кетсек, қоғам белсендісі бұған дейін де өзінің құқық қорғау органдарына қарсы келіп, бірнеше рет заң алдында жауап беруіне тура келген. 2017 жылдың қыркүйегінде Шымкенттегі Абай аудандық соты Руслан Жанпейісовтің бас бостандығын екі жарым жылға шектеген. Сот оны "мемлекеттік органдардың қызметіне заңсыз араласу" бабымен айыпты деп таныған. Жуырда ғана карантин режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 25 тәулікке қамалған еді.Бейбарыс Райымбековке қатысты әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 476 (төтенше жағдай режимін бұзу) және 478 (төтенше жағдай кезіндегі тәртіпті бұзуды тудыратын әрекеттер) баптары бойынша хаттама толтырылғанын айта кеткеніміз жөн.