Ұлы дала мұрагерлерінің тәуелсіздікке тартуы

13 Желтоқсан, 2019 379 0

Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен  ҚР Тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған  «Ұлы дала мұрагерлері»  атты концерті өтті. Биылғы шара сахналық қойылым түрінде көрерменге жол тартты.

Кеш шымылдығы оркестрдің орындауында  Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» күйімен ашылды. Ұлы дала елінің ұлық мерекесіне арналған кеште сақ дәуірінен тәуелсіздікке дейінгі елеулі оқиғалар қамтылды.

Алдымен сақтар туралы бейнебаян көрсетіліп, Алтын адам биі жиналған қауым назарына ұсынылды. Кейін 12 000 шақырым қашықтықты жалғап, шығыс пен батысты байланыстырып тұрған Ұлы жібек жолы туралы да мол мағлұмат берілді. Сауда маршруты еліміз үшін мәдени  және экономикалық көпір болғаны керуен көрінісі арқылы көрерменге жол тартты. Сондай-ақ, ұлтарақтай жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен  қорғаған батырлардың ерен ерлігі сұлтандар кеңесінде көрініс тапты.

Ашаршылық жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдер де  назардан тыс қалмады. Жеңіске жеткен жауынгерлердің қуанышты сәті де сахналанды.  Қазақ жастарының күресіне айналған желтоқсан көтерілісі  көрерменнің көңілін босатып, жанарына жас толтырды.  Осылайша, екі сағатқа созылған кеште байтақ жерді бүгінгі ұрпаққа аманат еткен ата-бабалардың ерлігін жиналған жұрт қайта еске түсірді.

Елбасының ант қабылдау салтанаты, Ата заңымыз, ұлттық валютамыз, Нұр-Сұлтан қаласының бой көтеру сәттері  көрерменнің көңіл түкпіріндегі сезімнің  қайта  жандануына сеп болды.

Кеш соңында 28 жыл бойы тәуелсіздіктің бесігінде тербелген жалынды жастар  «Мекенім – Қазақстан» әнін жаппай орындап, өнер сүйер қауымға рух сыйлады.

ҰЛЫ ДАЛА МҰРАГЕРЛЕРІНІҢ асыл парызы - бабалардың аманаттын сақтау екенін әрбір жас ұғынып,  тарқасты.

Тегтер: «Ұлыдаламұрагерлері», Тәуелсіздік

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.