Жаңалықтар

Танымал суретші Алпысбай Қазғұловтың көрмесі ашылды

«Парасат» орденінің және Масарик атындағы еуропалық алтын медаль иегері Алпысбай Қазғұловтың Алматы қаласының әкімдігі мен Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі бірлесіп ұйымдастырған «Әр алуан әлем» атты жеке көрмесі 2022 жылғы 22 желтоқсанда салтанатты түрде ашылды, деп newsroom.kz хабарлайды.

Алпысбай Қазғұлов 1978 жылдан бері республикалық және халықаралық деңгейдегі бейнелеу өнері кәсіби шеберлерінің көрмелеріне қатысып келеді. Суретшілердің симпозиумдарына бірнеше рет қатысты. Сондай-ақ, шет елдердегі, оның ішінде Ресейдегі, Жапониядағы, Нидерландыдағы, Бельгиядағы, Кытайдағы, Түркиядағы, Ұлыбританиядағы көрмелерге қатысқан. Онға жуық дербес көрмесі Қазақстанның әртүрлі мәдениет орталықтарында болып өтті. Оның жұмыстары астаналық қазіргі заманғы өнер музейінің, Президент мәдениет орталығы, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің, Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің және отандық һәм шетелдік жеке коллекционерлердің көркемдік топтамасына енген. Қазақстанның жас суретшілері үшін онға жуық пленэр ұйымдастырды және өткізді. Әртүрлі қайырымдылық акцияларына қатысты.

 width=

Вернисажда Алпысбай Қазғұлов жиналған қауымға дербес көрмесінің мақсатын егжей-тегжейлі баяндап берді. Алпысбай Қазғұлов туындыларының өзіне тән даралығы бар. Көп шығармалар арасынан оның еңбектерін оңай тануға болады. Ол суретшілік қырынан бөлек, көңіл-күйдің әсем көріністерін өзіндік шеберлікпен үйлестіреді. Сондықтан да болар, автор шығармаларының басым бөлігі қарабайыр тіршілік көріністеріне емес, тұңғиық ойдың көркем келбетіне арналған.

 width=

Көңіл түкпірінде жасырынған тіл жеткізе алмас көркем ой мен ұшқыр қиялды қылқалам ұшына сыйдыруды меңгерген суретшінің ең басты құндылығы шынайылығында жатыр. Көрмеге суретшінің көптеген картиналары қойылып, тамашалаушысын таңғажайып әлемнің тұңғиығына бойлатты. Алпысбай Қазғұловтың картиналарында суреттелген шынайы өмір көріністері жай ғана көшірме емес, ол – хас шебердің қылқаламына ғана тән өзіндік мәнермен берілген сезім мен сырға толы нағыз өнер туындылары. Сондықтан да болса керек, суретші шығармаларында терең білім, тағылымды өмірлік тәжірибемен қатар, қылқалам иесінің жан тебіреністері мен көркем әлемі де сайрап жатады. Кәсіби шеберлігін айтпағанда, суретші көңіл күйдің әсем көріністерін ғаламат бір әуездікпен әсем үйлестіреді. Көрермендер Алпысбай Қазғұлов шығармашылығымен танысып, көңіл көктеміне саяхаттап қайтқан ғаламат сапарымызда біз осыған көз жеткіздік.

 width=

Әйгілі жазушы, әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматов 1996 жылы Алпысбайдың Брюссельдегі көрмесіне қатысқаны да – тарихи оқиға. Ол бұл көрме туралы былай жазған еді: «Қазіргі заманның көрінісін дөп басқан картиналардан қазақтың дархан даласына, туған еліне, Жер-Анаға деген деген сүйіспеншілік сезілетін Алпысбайдың суреттері мені бірден баурап алды. Сол күні автордың жеке көрмесінде онымен танысудың да сәті түсті. Суретшінің қылқаламынан туған дүниелерде жалғандық жоқ. Шығармалары бүгінгі заманның тілімен үн қатса да, баба дәстүрінен алыстап кетпеген. Қылқаламына тәуелді туындылар «модернистік» формада болғанымен, тақырыбы бойынша әлем шешімін таппаған мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді».

 width=

Шынында да ұлы қаламгер бағалап өткендей, көрмеге келген әрбір тамашалаушы қиял мен логика иесінің жұмысымен алғаш танысқан сәтінен-ақ айнымас досқа айналып, бірден сырласып кетеді. Суретші қандай жұмбақ болса, дәл сондай қарапайым да. Оның еңбектерінде сұлулық пен тазалықтың исі аңқып тұрады. Дәл таңдалып, қанық бедерленген көркем әлем көзді арбап, тұңғиығына тартып ала жөнеледі.

 width=

«Әр алуан әлем» көрмесіне келгендер Алпысбай Қазғұловтың картиналарының бояулық және композициялық байлығымен еркін сусындайтыны сөзсіз. Талантты суретшінің жеке көрмесі Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде ашылуы тәуелсіз қазақ елінің рухани өрлеуінің, еліміздегі мәдени қоғамдастықтардың ғаламдық өнер орбитасына бет бұрғандығының айқын айғағы болып табылады.

Көрменің ашылу салтанатындағы аурадан Алпысбайдың өнерін бағалап барған әр адам ерекше ләззат алды. Үлкен дарын иесі Алпысбай «Әр алуан әлем» көрмесі арқылы ғалам мен адам арасындағы алшақтықты жақындатып, сол бір жұмбаққа толы нәзік байланысты картиналары арқылы әдемі сезіндіреді. Себебі, суретші сіздің жүрек пернеңізді дөп басып, көңіліңізді қуантатын әрбір картинасы арқылы жаныңызбен өзара үндестік тауып, әлгі нәзік әлемнің сиқырлы қуатын ұғындырады. Суретші творчествосының құдіреті осында.

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі