Жаңалықтар

Әйелін соққыға жыққан ер адам елді шошытты

Әйелін соққыға жыққан ер адам елді шошытты

Әлеуметтік желілердің бірінде Пакиза Бопинаева есімді азаматша Шымкент қаласының Қаратау ауданында болған жантүршігерлік оқиғаның байнежазбасымен бөлісті, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Oinet.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Желі қолданушысы видеоларды өз қолымен түсіргенін жеткізді. Жазба авторы күйеу баласы көз алдында сіңлісін соққының астына алғанын айтады. Кадрдан ер адамның әйелдің шашынан тартып, бетінен тепкенін, сонымен қатар былапыт сөз айтқанын байқауға болады. Одан бөлек, оқиға орнына тәртіп сақшыларының келгені де көрінеді.  - "Адамның құқығын қорлап, өмірін ойыншық еткендер, заң алдында жауап берсе екен деймін. "Ұят" деп жүрдік. Бұлай істей берсе, адамға қастандық жасаудан да тайынбайды. Заң алдында әлімжеттік жасағаны үшін жауап беруін сұраймын", - деп жазды желі қолданушысы Instagram парақшасында. Аталған фото мен видеоларды жергілікті заңгер Айла Жұмалиева Facebook желісіндегі парақшасында жариялап, Ішкі істер министрлігінен, Бас прокуратурадан, Шымкент қаласының прокуратурасынан істі тексеруді сұраған. Жұмалиеваның авторға сілтеме жасап жазуынша, "қаншама айғақты заттар бола тұра, ұрып теуіп, өлім аузына дейін алып барған ер азаматқа" шара қолданылмаған көрінеді. - "Шымкент қаласы Қаратау аудандық полиция бөліміне жазған арызды қарамай жіберіпті, тел смс болып келді дейді жазбаның авторы. Әлде Қаратау ауданының полициясының барлығына әлгі жігіт сатып алғаннан сау ма? Мүмкін таныс-тамыр, көке-жәке болып кетті ме екен? Осындай фото, видеолар бола тұра жазылған арыз қаралмаса полицияға айтатын сөзім жоқ. Халық бекерге полиция тарапына наразылық білдірмейді екен ғой, заң бәріне ортақ емес па ағайын? Өз әйеліне итше етіп сабаған еркектің барынан жоғы жақсы емес пе?", - деп күйінді ол.  Бұл жайтқа қатысты Шымкент қаласының полиция департаменті пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293 бабы (бұзақылық) бойынша алдын ала тергеп-тексеру жұмыстары басталған.  - "18 мамыр 2020 жылы жәбірленушіге дене жарақатын анықтау мақсатында сот медициналық сараптамасы тағайындалған. Жинақталған дәлелдемелер негізінде заңды процессуалдық шешім қабылданатынын хабарлаймыз", - деді полициядан.  Ескерту! Видеода бейәдеп сөздер кездеседі!