Өркениеттен құр қалған ауыл (видео)

12 Желтоқсан, 2019 321 0

Күні кеше ТМД елдері арасында мәдени астана атанған Шымкент қаласында шешілмеген мәселелер жетіп артылады. 

Үшінші мегополистің дәл түбіндегі 156 орам елді мекені соңғы бес жылдан бері жол, ауыз су мен электр жарығына жарымай отыр. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, жауынды күндері көшеге шыға алмай, шыққан күннің өзінде көліктер батпаққа батып, жүре алмай қалады екен. Соның салдарынан автобус түгілі, жедел жәрдемнің өзі келмейтін көрінеді. Жығылғанға жұдырық демекші, бес күннен бері мұнда жарық жоқ. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Ел арасында 156 орам аталып кеткен елдімекен Шымкенттен небәрі 2 шақырым қашықтықта жатыр. Аттап бассаңыз мегаполистің дәл ортасына жетіп барасыз. Әрине, бұл айтуға оңай. Ауыл тұрғындарының айтулары бойынша мұнда, проблемалар шаш етектен жетіп артылады. Біріншіден қоғамдық көлік мәселесі. Мұнда автобус келмейді. Сондықтан ел-жұрт анау тұрған тарссаға жаяулатып әрең жетеді. Екіншіден ауыз су жоқ. Тұрғындар суды сатып ішеді не болмаса, тасып ішеді. Ал, ең өзектісі электр жарығы. Бес күннен бері свет жоқ. Сондықтан жұрт жарықты әлі күнге шаммен пайдаланып отыр.

Бұған дейін Сайрам ауданының құрамында, кейінен Шымкенттің аумағына өткен елдімекен расында инфрақұрылымнан жұрдай. Әкімдік тарапынан ауыз су жүйесі жүргізілмеген, жарық тартылмаған, қоғамдық көлік тасымалы қарастырылмаған. Биліктен қайран болмасын білген жұрт өз күштерімен іргедегі автокөлік базарынан электр желісін тартып алған екен. Алайда, бес күн бұрын базар әкімдігі ескертусіз жарықты үзіп тастапты. Соның кесірінен кейбір отбасылар жылусыз отыр.


Тегтер: ТМДелдері, ауыл, Шымкент

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.