Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың ұлы, медицина қызметінің генерал-майоры Талғат Нұрмағамбетов көз жұмды, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Oinet.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл ақпаратты Алматының ардагерлер кеңесі растады. "18 мамын күні 67 жасында Талғат Нұрмағамбетов дүниеден өтті. Ол Алматыдағы өз үйінде қайтыс болды. Талғат Нұрмағамбетов онкологиялық ауруға шалдыққан еді", - делінген ресми хабарламада.
Талғат Нұрмағамбетов 1952 жылы 27 қазанда дүниеге келген. 1975 жылы Томск медицина институтының әскери-медицина факулътетін, 1983 жылы Әскери-медицина академиясын бітірген. Офицерлік қызметін оқу-үйрету взводы командирінен бастаған.
Полк медицина қызметінің бастығы болған. Медицина баталъонының командирі, танк құрамасы медицина қызметінің бастығы, армиялық корпус медицина қызметінің бастығы, армия медицина қызметінің бастығы қызметтерін атқарған.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас медицина басқармасының бастығы лауазымын атқарды. Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан. «Красная звезда» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған.