Жаңалықтар

Алматыда көшеде қызды алып қашқан бейнежазба тарады

Алматыда көшеде қызды алып қашқан бейнежазба тарады

Алматыда белгісіз біреулер көшеде кетіп бара жатқан қызды «алып қашқан», деп newsroom.kz хабарлайды sn.kz дереккөздеріне сүйене отырып.

Бейнежазбаға қатысты Алматы полициясы тексеру жүргізіп жатыр.

Тараған бейнежазбаға қарағанда, оқиға Алатау ауданындағы "Алматы Арена" кешенінің маңында болған.

Видео кадрларынан такси ұстап келе жатқан қызды ақ түсті көліктен түскен екі жігіт көлікке күштеп салып алып кеткенін көруге болады. Ал көліктің мемлекеттік нөмірі жоқ.

Бейнежазбаға қатысты Алматы полициясы тексеру жүргізіп жатыр.

"Алатау ауданының ІІБ полиция бөлімінің мәліметінше, "102" пультіне және олардың бөлімшелеріне бұл оқиғаға қатысты ешқандай дабыл, өтініш және арыз түспеген. Қазіргі уақытта жедел бөлімше мән-жайды анықтау мақсатында тексеру шараларын жүргізуде. Тәжірибеге сүйене отырып, бұл әдейі жасалған немесе шығармашылық түсірілім болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Бұл тек нұсқалардың бірі ғана. Тексеру шаралары міндетті түрде жүргізілетін болады", - деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Кейін алып қашқан қыз жағдайды түсіндірді:

"Бұл әлеуметтік эксперимент – пранк екенін айтқым келеді. Мен сол видеодағы қызбын. Менде бәрі жақсы, мені ешкім алып қашқан жоқ. Жұртшылықтан кешірім сұраймыз", – деді 2004 жылғы Т.есімді қыз.

Сондай-ақ полиция департаментінің ақпаратынша, "Шевроле Нексиа" автокөлігінің жүргізушісі, 1988 жылғы азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Оған қатысты көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз басқару және жол белгілері мен таңбалары талаптарын сақтамау бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Фото: sn.kz