Сұмдық! Си Цзиньпин Руслан есімді қазақстандықты мақтап, кітапқа шығарды
Сұмдық! Си Цзиньпин Руслан есімді қазақстандықты мақтап, кітапқа шығарды
ҚХР төрағасының жас қазақстандықтың қытайлықтарға көрсеткен игі ісі туралы айтқан мақтау сөздері 100 оқиға туралы кітапта жарық көрді. Бұл кітап Қытай компартиясының съезіне арнайы басып шығарылып, құрылтайға қатысушыларға таратылды, деп Newsroom.kz хабарлайды Baq.kz дереккөздеріне сүйене отырып.
Айта кетсек, 16 қазан күні Бейжіңде Қытай компартиясының ХХ съезі басталды. Журналистерге арналған медиа орталықта Қытайдың жеткен жетістіктері, кедейдікті еңсергені, індетпен күресі, үлгілі ауылдарға және т.б. тақырыптарда кітаптар ұсынылған.
Кітаптардың арасында «Ортақ сапарға бірге» («Together on a shared journey») деп аталатын кітап та бар. Онда Қытай коммунистік партиясының халықаралық байланыстағы 100 оқиғасы бейнеленген. 100 оқиғаның бірі қазақстандық Русланның оқиғасына арналған.
«Көк аспан мырзасы» немесе Руслан. Си мырза мақтаған қазақ
[caption id="attachment_71918" align="alignnone" width="1200"] Фото: baq.kz[/caption]Кітапта Русланның жасаған қайырымды ісі туралы жазылған. Оны ағылшын тілінен қазақ тіліне аударып көрдік.
«Көк аспан» дегенде көз алдыңызға қандай бейнелер келеді? Әдемі пейзаж, ашық көзқарас немесе келешегі зор болашақ елестей ме? Қытайдағы сымбатты жас қазақ студенті Руслан үшін бұл ерекше мәнге ие. Русланның қытайша есімі - Лу Силан, ал оның микроблогының идентификаторы – «Ruslan Blue Sky» («Руслан көк аспан»). Қытайда оны «көк аспан мырзасы» деп атайды. Оның шынайы күлкісі, риясыз көңілі және қытай халқына деген ізгі ниетіне бұл есім дәл келеді, - деп жазылған кітапта.
Руслан Қытайға 2009 жылы 17 жасында қытай тілін үйренуге келеді. Ол Орталық Азиядан болса да, жылы және ылғалды Хайнаньда өзін жайлы сезініп, жергілікті тұрғындардың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпына сүйсіне қарады. Ол балалық шағында қытайлық «Батысқа саяхат» телехикаясын көргенде Қытай мәдениетіне қызығушылығы оянған. Ол басқаларға көмектесіп, Қытай-Қазақстан достығына өз үлесін қоса білді.
Хайнань университетінде оқып жүргенде алғаш рет қан тапсырып, қаны сирек кездесетін RН-теріс екенін біледі.
Осыдан кейін қанының қаншалықты сирек кездесетінін білген Руслан жылына екі рет қан тапсырып, тұрақты донор болды. 2016 жылы Бейжің ғылым және технологиялар университетіне магистр дәрежесіне түскеннен кейін отандасымыз Бейжіңде қан тапсыра бастайды. Сегіз жыл ішінде ол 5000 миллилитрден астам қан тапсырды. Бұл ересек адамның жалпы қанының орташа көлеміне сәйкес келеді.
Көптеген адамға көмектесу үшін ол қан тапсыру орталықтарына өз телефон нөмірін қалдырған. Жол апатына ұшырап, қан тобына мұқтаж қыз туралы білген соң, көмек көрсетуге асығып, тиісті ауруханаға хабарласады. Руслан «Көк аспан мырзасы көмектесуге келді!» жазбасымен қызды мықты болуға шақырып, жігерлендіреді.
Кітапта Русланның қан тапсырып, басқаларға көмегін тигізе алғаны үшін өзін бақытты сезінетіні туралы жазылған.
Си Цзиньпин: Екі елдің жастары - достықтың болашақ елшісі
2013 жылғы 7 қыркүйекте президент Си Цзиньпин Қазақстандағы Назарбаев университетінде сөз сөйлеп, алғаш рет Жібек жолының экономикалық белдеуі бастамасын ұсынды. Өз сөзінде Си мырза Русланның қан донорлығын ерекше атап өтті. Бұл екі халық арасындағы тығыз байланыс пен бауырластықтың дәлелі екенін айтып, ризашылығын білдірген болатын.
ҚХР төрағасы сол кездегі сөзінде екі елдің жастарын достықтың болашақ елшісі болуға және жастардың дамуына, Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікке өз үлесін қосуға шақырды.
Шынында да, Русланның қан тапсыру тарихы екі халық арасындағы достықтың айғағы. Бұл Қазақстан мен Қытай жастарын екіжақты достықты дамытуға шабыттандырады.
Айта кетейік, араға 5 жыл салып төртінші мәрте Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген ҚХР төрағасы Си Цзиньпин (2022 жылғы 14 қыркүйек) екі елдің тарихи достығы Ұлы жібек жолы дәуірінен бері мың жылдыққа ұласып келе жатқанын айтқан болатын.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына биыл 30 жыл толып отыр.
Фото: iz.ru