Жаңалықтар

Жоғарғы соттың жаңа төрағасы сайланды

Жоғарғы соттың жаңа төрағасы сайланды

Бүгін сенаттың жалпы отырысында еліміздің Жоғарғы сотының жаңа төрағасы болып Асламбек Мерғалиев сайланды. Ол бұл қызметте Жақып Асановты алмастырды, деп newsroom.kz хабарлайды kaz.nur.kz дереккөздеріне сүйене отырып.

Президенті әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу сенат отырсында Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың желтоқсан айында өкілеттігінің аяқталатынын және басқа қызметке ауысуына байланысты президенттің оны осы лауазымнан босату туралы ұсынымын оқып берді.

Сондай-ақ ол Жоғарғы соттың лауазымына Асламбек Мерғалиевті сайлау туралы мемлекет басшысының ұсынымын таныстырды.

Сенаторлар Асламбек Мерғалиевтің кандидатурасын мақұлдап, ол Жоғарғы соттың жаңа төрағасы болып бекітілді. Бұдан кейін Мерғалиев ант қабылдады.

Асламбек Мерғалиев 1972 жылы 2 сәуірде Павлодар облысы Ертіс ауданы Қарақұдық ауылында дүниеге келген. 1999 жылы заңгер мамандығы бойынша Ыстамбұл мемлекеттік университетін бітірген.

Сот саласында 2001 жылдан бері қызмет етіп келеді. Кәсіби еңбек жолын Павлодар облыстық сотының бас маманы қызметінен бастаған. 2003 жылдан 2007 жылға дейін Павлодар қалалық сотының судьясы, 2007-2008 жылдар аралығында Екібастұз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы қызметін атқарған.

2008 жылдан 2012 жылға дейін Екібастұз қалалық сотының төрағасы, 2012-2014 жылдары Павлодар қалалық №2 сотының төрағасы болған.

2014 жылдың 17 маусымынан Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық сот алқасының төрағасы, 2015 жылдан 2020 жылға дейін Қостанай облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған.

2020 жылдың 31 желтоқсанында президент жарлығымен Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болып тағайындалған.

Фото: akt.sud.kz