Жаңалықтар

Дипломат поэзиялық Антология шығарды

Дипломат поэзиялық Антология шығарды

Бауырлас қазақ, қырғыз халықтарының рухани, әдеби байланыстарын одан әрі нығайту орайында Ош мемлекеттік университетінде Қазіргі заманғы қырғыз поэзиясының қазақ тіліндегі Антологиясы «Мекенім» кітабының тұсаукесері өтті, деп newsroom.kz хабарлайды.

Ғалымдар мен студенттер, ұлттық зиялы қауым, баспасөз өкілдері қатысқан іс-шара Қазақстанның Ош қаласындағы Консулдығының ұйымдастыруымен және Университет басшылығының қолдауымен атқарылды.

Қазақстанның Қырғызстандағы Елшісі Рәпіл Жошыбаевтың Алғысөзімен жарыққа шыққан «Мекенім» Антологиясына Қырғыз елінің жиырма ақынының 170-тен астам өлеңдері енгізілді, өлеңдерді аударып жинақты құрастырған ҚР Ош қаласындағы Консулы Мұхтар Ахатұлы Кәрібай.

Тұсаукесердің ашылуында сөйлеген сөзінде қазақстандық дипломат Антологияның қазақ оқырмандарының назарына тілі жақын, тілегі бір қырғыз елінің қазіргі заманғы поэзиясының, соның ішінде орта және жас буын ақындарының туындыларын қазақ тілінде ұсынудың ізгілікті мақсатынан туындағанын жариялады.

 width=

Кәсіби қызметімен қатар өзі де шығармашылықпен айналысатынын білдірген Консул М.Кәрібай қазіргі заманғы қырғыз поэзиясының көзге оттай басылатын басты белгісі - ерекше ұлтжандылық, елжандылық, отансүйгіштік, жалындап тұрған патриоттық, әрі мұның барлығы жалаң, бос ұрандармен емес, ел шежіресінің, ұлт болмысының, ер Манас рухының өзінен алынып, бүгінгімен бірге шебер ұштастырылуында екенін жеткізді. Рухы жоғары мұндай асқақ жырлар, жалпы өнер мен әдебиет туындылары барлық түркітілдес халықтарға ортақ мұра.

Екі мемлекет басшылары Қ.Тоқаев пен С.Жапаров өз мәлімдемелерінде біздің халықтарымыздың ежелгі тарихтан бастау алатын терең құндылықтарын қайта жаңғырту, өзара әдеби тілін, рухани әлемін терең білу қажеттілігін үнемі жариялауда.

Өз сөзінде Ош Мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Құдайберді Кожобеков «Мекенім» жинағының жарыққа шығуы екі елдің білім, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығындағы айрықша оқиға екенін атап өтті. Өйткені, поэзия сынды аса күрделі жанрда тікелей аударма жасау үлкен талант пен жоғары білімді, биік интеллектіні талап ететіндіктен, сирек кездеседі. Жинақты дипломатиялық саланың өкілі дайындауының еларалық маңызы айрықша.

Дәл осы күні Ош мемлекеттік университеті жанынан Қазақ тілі мен мәдениеті орталығы – Еуразия Ұлттық университеті филиалының ашылу рәсімі өтті. Оған аталған университеттің Проректоры Ж.Құрманғалиева бастаған қазақстандық делегация арнайы келді.

Ж.Құрманғалиева өз сөзінде жалпы ЕҰУ филиалы шет мемлекетте бірінші рет Қырғызстанда ашылып отырғанын мәлімдеді. Бұл дегеніміз екіжақты білім саласындағы байланыстардың өзара дамуына елеулі серпін беретін біргегей маңызды оқиға екендігі аталып өтті.

ҚР Ош қаласындағы Консулдығы