Жаңалықтар

Мақтааралға Бас мүфти келді

Мақтааралға Бас мүфти келді

Бүгін Мақтаарал ауданына Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы келді. Қонақты күтіп алу маған бұйырған екен. Бас мүфти амандық-саулықтан соң сапарының мақсатын түсіндірді. Яғни, тасқыннан зардап шегіп, салы мен малы суға кеткен тұрғындарды рухани қолдауға ниетті екенін жеткізді. Шынында да дәл қазіргі таңда үйінен айрылып, малынан көз жазып, еккен егістігінен күдерін үзіп отырған тұрғындарға қолдаудың қандай түрі болса да ауадай қажет. Әсіресе қасиетті Рамазан айында елдің еңсесін көтеруге күш салу - сауапты іс. Осыны мақсат тұтқан Бас мүфти Мақтаарал ауылдық округі мен Атакент кентіндегі эвакуациялық бекеттерді аралап, тұрғындармен жүздесіп, жабыққан жұртты жылы сөздерімен жұбата білді. Азаматтарға ауызашарға арнап «Рамазан тәттісін» де ұсынды. Жандары жабыққан жұртқа арнап дұға жасады. На изображении может находиться: 1 человек, толпа «Апат айтып келмейді. Жаратушы бізге осындай сынақ берген екен. Ендеше сабыр сақтай отырып, сынан сүрінбей өтуді жазсын деп тілейік. Өздеріңіз білетіндей, еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген көмек арқылы барша халық қолдау танытып жатыр. Көмек қолын созып мақтааралдықтармен бірге екенін білдіріп жатқан барлық азаматтарға Алла разы болсын. «Әрбір істің қайыры болады» демекші Алла қаласа Үкімет тарапынан салынып жатқан су жаңа үйлерге қоныстанасыздар. Бұдан кейін қуанышты күндер көп болсын», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Рамазан – қайырымдылық пен жақсылықтың айы. Топан судан зардап шеккен Мақтаарал ауданында қасиетті айда қайырымды жандардың арқасында қаншама игілікті істің куәсі болып жүрміз. Бас мүфти өзімен бірге 30 тонна ұн алып келіпті. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы атынан облыстық "Түркістан" әлеуметтік корпоротивтік қорына 10 млн. теңге аударғанын жеткізді. Бұл мақтааралдықтар үшін үлкен көмек, ерекше қолдау. Ендеше ниет қабыл болсын! Наурызбай қажының Мырзашөл өңіріне сапары жетісайлық тұрғындар үшін де ырысты болды. Олай деуіміздің себебі – бір күнде үш бірдей отбасы жаңа баспананың кілтін Наурызбай қажы Тағанұлынан алды. Айта кету керек, соңғы жылдары Жетісай ауданында «Баспанаға жол» қайырымдылық қоры есебінен көпбалалы, тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға баспана алып беру мен салып беру ісі жанданып келеді. Айтпақшы, соңғы бір–екі күнде Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарынан гуманитарлық көмек керуендері келіп жетті. Қостанай ұн, Батыс Қазақстан көрпе –төсек пен гигиеналық заттар себеттерін, Ал атыраулық ағайындар 20 тонна балық жөнелтіпті. Қазақ халқының тамаша қасиетін паш ете білген өңірлердің басшылығы мен жұртшылығына мақтааралдықтардың атынан шынайы алғысымды білдіргім келеді. Ең бастысы елдің ниеті түзу, пейіл – кең. Баршаңызға сансыз сауаптан жазсын.   Бейсен ТӘЖІБАЕВТЫҢ фейсбук парақшасынан алынды