Елорда емханаларына 50 жаңа көлік берілді
Елорда емханаларына 50 жаңа көлік берілді
Астана қаласы әкімдігі және қалалық мәслихаттың қолдауымен елордадағы мемлекеттік емханаларға 50 жаңа автокөлік сатып алынды.
Бұл көліктер өздігінен келе алмайтын пациенттерді тексеру, дәрілерін апарып беру, талдау сынамаларын алуға үйлеріне бару, шұғыл шақырту бойынша жұмыс жүргізу және мобильдік бригадаларды тасу үшін аса қажет.
Қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың айтуынша, әсіресе өткен пандемия медициналық санитарлық көмек беру ұйымдарының қызметінде жылдамдықтың аса қажет екенін көрсетті.
Емханалардың науқастармен жұмысы өте көп. Соның ішінде 4-санатты жеделдік деген бар, яғни, министрліктің бұйрығы бойынша адамның өміріне қауіп төнбейтін жағдайда пациентке жедел жәрдем көлігімен емес, жалпы жеңіл көлікпен де барып көмек беруге болады. Соған қоса елімізде «Дәрігерді үйге шақыру» деген функционал бар. Оны да атқару керек. Сонымен қатар өзі келе алмайтын науқастарды ары-бері талдау жасауға, компьютерлік томографқа түсіруге апару да – бұрын бізге салмақ салатын жұмыс еді. Сондай-ақ пандемия кезінде науқастарға үйден қызмет көрсету, стационарларды үйде ұйымдастыру, мобильді бригадаларды жіберу қызметін енгізген едік. Соның бәрін атқаруға осы көліктер қолданылатын болады. Қазір қаламызда 16 мемлекеттік және 20-дан астам жекеменшік емханалар жұмыс істейді. Бұл көліктер тек мемлекеттік емханаларға бөлініп отыр. Әкімдік пен мәслихатқа осы бастаманы қолдағаны үшін алғыс білдіреміз, - деді Т. Мұратов.
№5 емхананың бас дәрігері, мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина мұндай жаңа көліктер емханаларға көп жылдан бері бірінші рет бөлініп отырғанын айтады.
Бұл біз үшін қуанышты жаңалық. Медицина мамандары тұрғындар үйіне шақыртқанда, тексеру, қан алу үшін және патронаж дейді, яғни, жаңа туған нәрестелерді қарауға, тағы басқа жағдайларда барғанда бұл көліктер өте жайлы, ең бастысы жаңа. Жалпы бізде әр учаскелік дәрігердің күніне 15 шақыртуға дейін баруға мүмкіндігі бар. Әр емханаға тіркелген пациенттер санына қарай 3-4-5 көліктен берілді, - дейді ол.
Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов қазіргі таңда елордада медициналық орталықтар мен жедел жәрдем стансаларын жабдықтау жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатқанын атап өтті.Қалалық денсаулық сақтау саласында бүгін - тарихи күн. Басқарма тарапынан бұл мәселе көптен көтеріліп келеді. Емханалардың материалдық базасын күшейту, оларға қолайлы жағдай жасау, халықтың көңілінен шығатындай бүкіл керек-жарақтарын алып беру – біздің басты міндет. Сондықтан бүгін міне жеңіл автокөліктер қаланың емханаларына беріліп отыр. Былтыр денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, қаланың медицина саласын дамытуға арналған үш жылдық кешенді жоспарды бекіткен едік, міне соның бірінші жылы табысты болып аяқталғалы отыр, - деді Е. Каналимов.
Соңғы үш жыл ішінде қаладағы медициналық мекемелер 3 мыңға жуық арнайы жабдықпен толық жабдықталды. «Үй жанындағы дәрігер» бойынша 40 нысан ашылды. Бірқатар медициналық мекемеге жөндеу жүргізілді. 4 медициналық мекеменің құрылысы бойынша тиісті жобалар іске асып жатыр.