Жаңалықтар

Түркістанда Бас мүфти мұқтаж азаматтарға баспана кілтін табыстады

Түркістанда Бас мүфти мұқтаж азаматтарға баспана кілтін табыстады

Бүгін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапары барысында топан судан зардап шеккен мақтааралдық тұрғындармен кездесіп, олардың қазіргі жай-күйіне қанықты. Қонақты күтіп алған «Nur Otan» партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев су алған ауылдар мен эвакуациялық бекеттерде жүргізіліп жатқан жұмыстарымен таныстырды. Наурызбай қажы Тағанұлы Мақтаарал ауылдық округі мен Атакент кентіндегі эвакуациялық бекеттерде болып, сонда уақытша орналастырылған тұрғындармен жүздесті. Кездесу барысында азаматтарға ауызашарға арнап «Рамазан тәттісін» ұсынды. «Апат айтып келмейді. Жаратушы бізге осындай сынақ берген екен. Ендеше сабыр сақтай отырып, сынан сүрінбей өтуді жазсын деп тілейік. Өздеріңіз білетіндей, еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген көмек арқылы барша халық қолдау танытып жатыр. Көмек қолын созып мақтааралдықтармен бірге екенін білдіріп жатқан барлық азаматтарға Алла разы болсын. «Әрбір істің қайыры болады» демекші Алла қаласа Үкімет тарапынан салынып жатқан су жаңа үйлерге қоныстанатын боласыздар. Бұдан кейін қуанышты күндер көп болсын», - деді Бас мүфти. Бас мүфти өзімен бірге орталықтандырылған қоймаға 30 тонна ұн алып келді. Сондай-ақ, ол облыстық қайырымдылық қорына көмек ретінде аударылатын 10 млн. теңгенің сертификатын табыстады. Сапар соңында Наурызбай қажы Жетісай ауданында болып, «Баспанаға жол» қайырымдылық қоры есебінен салынған 3 бірдей үйдің кілтін әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға салтанатты түрде табыс етті. Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі