Түркістан облысында су басқан елді мекендерден іс-жүзінде су кеткені анықталды. Бұл туралы NewsRoom+ тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. Өткен тәулік ішінде су басқан аумақтардың ауданы 400 га азайды және 2700 га құрайды. Жалпы жағдайға мониторинг жасау мақсатында әуеден бақылау жүргізілді, нәтижесінде су басқан елді мекендерден іс-жүзінде су кеткені анықталды.
Сонымен қатар, Нұрлыжол, Фирдоуси, Өргебас, Достық және Жеңіс елді мекендерінде су басқан 1 030 үйден су толықтай сорып шығарылды. 46 аула және бау-бақша учаскесінде су сору жұмыстары жүргізілуде.ТЖ-ның салдарынан зардап шеккен халық үшін Мырзакент кентінде 426 тұрғын үй салу жоспарлануда.
Қазіргі уақытта 180 үйдің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарына 24 мердігер ұйым, жалпы саны 900 адам және 90 бірлік техника жұмылдырылды. Бүгінгі күні 6,2 млн астам м3 су сорылды. Жалпы ұзындығы 23 шақырым уақытша бөгеттер салынды, 88 000-нан астам қап төселді және су бұру үшін 3 коллектор орнатылды.
Су басқан елді мекендерде құқықтық тәртіп күзетін қамтамасыз ету үшін 4 блокпост қойылды. Полиция азаматтардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз етуде. ТЖ-ның салдарын жою бойынша жұмыстар тәулік бойы режимде жалғасуда. Оған ІІМ, ҚМ, ЖАО және Өзбекстан ТЖМ күштері мен құралдары 1475 адам, 219 бірлік техника, 13 жүзу құралы, 207 мотопомпа жұмылдырылды.