Нұрлан Әуесбаев Ақмола облысы Шортанды кентінде сайлаушылармен кездесті
Нұрлан Әуесбаев Ақмола облысы Шортанды кентінде сайлаушылармен кездесті
ҚР президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Ақмола облысы Шортанды кентінде сайлаушылармен кездесті.
Іс-шара барысында жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндап берді. Тұрғындар өздерін алаңдатқан сауалдарға тұшымды жауап алды.
Қажетті инфрақұрылым жоқтығы секілді Қазақстанның бірқатар өңіріне тән мәселе Шортанды кентінде де өзекті. Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, жағдайды түзету үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту керек. Кандидат барлық деңгейлі депутаттарды бір мандаттық округтерден ғана сайлау қажет деп есептейді. Сол кезде ғана халық қалаулылары сайлауалды бағдарламасында айтқан уәделерінде тұрып, жауапкершілікті сезінетін болады.
«Билікте де өзгерістер болуы қажет. Қазақстан парламенттік-президенттік басқару үлгісіне өтуге тиіс. Бұл дегеніміз, президенттің өкілеттіктері толықтай қайта қарастырылады. Мемлекетті басқарудағы басты рөл парламентке тиесілі болуы керек. Заң шығарушы органды қайта жасақтау қажет. Депутаттардың 50%-ы партия тізімдері бойынша сайлануы қажет. Халық қалаулыларының тең жартысы бір мандаттық округтерден құралуға тиіс», дейді үміткер.