«Ешқашан ажыраспаймыз». Бейсен Құранбектің отбасылық өмірдегі 7 қағидасы

«Ешқашан ажыраспаймыз». Бейсен Құранбектің отбасылық өмірдегі 7 қағидасы

ашық дереккөзі

49 жасқа қараған шағында белгілі журналист Бейсен Құранбек ауыр науқастан дүниеден өтті. Былтыр ақпан айында тележүргізуші асқазан жарасы шығып, дәрігерлердің оны екінші рет аман алып қалғанын Instagram желісінде жазған еді, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

Танымал тележүргізуші кейінгі жастарға үлгі болсын, отбасы іргесі берік болсын, ажырасу азайсын деген ниетпен отбасылық өмірінде ұстанған жеті қағидасы жайлы бөліскен еді. Айтуынша, үйленетін кезінде отбасының 7 қағидасын жасаған. Сыйластық бірінші кезекте тұру керек. «Үйленген күннен бастап мені «сіз» дейсің» дедім. Бастапқыда «сіз» дегені құлаққа түрпідей естіліп, күлкіге көміліп қалғам. Он бес жылдан бері «сіз» деген сөз отбасымыздың татулығының тірегіне айналды. Достарымның әйелдері біреуі 5 жылдан соң, біреуі 8 жылдан соң, біреуі 10 жылдан кейін күйеулерін «сіз» дей бастады. Анасы әкесін «сіз» деп сыйлап тұрса, бала да әкесін құрметтейтінін түсінді; Сенің ата-анаң – менің ата-анам, менің ата-анам – сенің ата-анаң. Балдызыма ақыл айтсам, туған қарындасыма айтқандай айтам, келіншегім қайнысына ұрысса, туған інісіне ұрысқандай ұрысады; Қандай сыйлы қонақ келсе де, үйімізге ішімдік кіргізбейміз; Балаларымызды мектепке дейін хан сияқты сыйлаймыз, мектеп кезінде шәкірт сияқты тәрбиелейміз, мектептен соң дос сияқты сырлас боламыз, бірақ ақыл айтпаймыз; Ренжісіп қалсақ, 5 минуттан соң сөйлесеміз. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше». Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап отырамыз; Біздің үйде ер-азамат есеп бермейді, телефон соғып: «Қайда жүрсің? Қашан келесің?» деген сұрақ қойылмайды. Кейбір достарымның әйелдері телефонмен «Қайда жүрсің қаңғырып?» деп жатқанын естігенде, телефоны болмаған біздің ата-бабалар не деген бақытты деп ойлаймын; Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел табылады, оған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды. Бейсен Құранбек 1971 жылы 9 желтоқсанда Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Тележүргізуші әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметтерінен бастаған. Ал, қалған жылдарын қазақ телевидениесімен байланыстырып, «Рахат», «31 арна», «Хабар», Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған. 2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды. 2013-17 жылдары «Қазақстан» телеарнасындағы жұртқа танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап «Қарекет» бағдарламасын жүргізді. 2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды.

Жүктелуде...