Қарақат Әбден Түркістан жұртымен жүздесті
Қарақат Әбден Түркістан жұртымен жүздесті
Президенттікке кандидат Қарақат Әбден Түркістан қаласының жұртшылығымен жүздесу кезінде киелі мекеннің отандық туризмді дамытуда зор әлеуетке ие екенін атап өтті.
Кездесу барысында жиналған жұртқа өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырған кандидат қоғамдағы өзекті сұрақтар мен туризм саласын дамыту мәселелеріне де тоқталды.
Қ.Әбден атап өткендей, тарихи-мәдени ескерткіштер мен мәдени мұра нысандары көп шоғырланған Түркістан шаһарының туризмді дамытуда әлеуеті зор.
- Түркістан – барша түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті жер. Ежелден-ақ «екінші Мекке» деп атанып кеткен қазақтың рухани астанасы көптеген саяхатшылардың қызығушылығына ие болып отыр. Түркістанның тарихи маңызын және осы өңірде шоғырланған киелі жерлердің көп екенін ескере келе, алкогольді ішімдіктерді сатудан бас тартқан алғашқы қалалардың бірі атануына барлық мүмкіндік бар, - деді Қ.Әбден.
Кездесуге сондай-ақ өңірлік туризм саласының өкілдері қатысып, бұл бағыттың өзекті сұрақтарын ортаға салды.
- Бізге шетелден көп туристер келеді, бірақ ішкі туризм нарығын да дамыту керек. Аймақтың инфрақұрылымын да назардан тыс қалдырмаған жөн, - деді туристік компанияның өкілі Мөлдір Мәлібекова.