Биыл көпбалалы аналарға 73,5 млрд теңге көлемінде жәрдемақы берілді
Биыл көпбалалы аналарға 73,5 млрд теңге көлемінде жәрдемақы берілді
ашық дереккөзі
2020 жылғы қаңтардан сәуір айына дейін 384,9 мың көпбалалы отбасыға жалпы сомасы 73,5 млрд теңге мемлекеттік жәрдемақы берілді, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Oinet.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Сәуір айында 396,5 мың отбасы жалпы сомасы 19 млрд теңге аталған жәрдемақыны алды. «Мемлекеттік жәрдемақыға табысына қарамастан 4 және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент баласы бар көпбалалы отбасылар үміткер бола алады.
Төлем мөлшері балалардың санына байланысты 42,5 мың теңгеден (4 бала) 74,4 мың теңгеге (7 және одан да көп бала) дейін сараланған», делінген хабарламада. Сонымен қатар, бүгінгі күні 8 және одан да көп балалары бар отбасылар үшін жекелеген мөлшерлерді белгілеу арқылы жәрдемақы беріледі. 13 мамырында Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды.
«8 балаға берілетін жәрдемақы 88 896 теңге, 9 балаға – 100 008 теңге, 10 – 111 120 теңге, 11 – 122 232 теңге, 12 – 133 344 теңге, 13 – 144 456 теңге, 14 – 155 568 теңге, 15 – 166 680 теңге, 16 – 177 792 теңге көлемінде белгіленді. Жәрдемақыны кеңейту 2 451 отбасына әсер етеді, онда қосымша 3 710 бала қамтылатын болады», делінген хабарламада.
Жалпы, 2020 жылы көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 177 млрд теңге бөлінді. Естеріңізге сала кетейік, көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерімен қарастырылған табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілген.