Жаңалықтар

Ақжолтай пойыз ауылдағы ағайынның денсаулығын түзеуге көмектесті

Ақжолтай пойыз ауылдағы ағайынның денсаулығын түзеуге көмектесті

Еліміздің басты құндылығы – адам, ал оның денсаулығын сақтау – мемлекетіміздің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Осы міндет жолында қолға алынған іргелі жобалардың бірі – «Медициналық пойыздар» қайырымдылық жобасы, деп newsroom.kz хабарлайды.

Пандемия кезінде үзіліп қалған жоба биыл қайта жалғасып, көктемде «Саламатты Қазақстан» және «Жәрдем» пойыздары жолға шыққан еді. 6 ай бойы шалғай елдімекендерді аралап, халыққа тегін медициналық көмек көрсеткен пойыз бригадалары 22 009 шақырым жол жүріп, биылғы жұмысын тәмамдады.

Заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған пойыздар екі бағытта жолға шықты: «Жәрдем» пойызы Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарын араласа, «Саламатты Қазақстан» пойызы Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Ұлытау облыстарына ат басын бұрды. Бір айта кетері, олар үлкен аудан-қалаларға емес, дәрігер жетіспейтін, ауруханасы мен емханасы жоқ, орталықтан алыста жатқан елдімекендерге ғана тоқтады. Медициналық бригадалар құрамында 36 маман шалғайдағы 147 станцияның 80 649 тұрғынына, оның ішінде 21 867 балаға тегін әрі сапалы медициналық көмек берді.

 width=

Медициналық пойызға келген әр тұрғын дәрігердің ақыл-кеңесінен бөлек, әртүрлі анализ тапсырып, ЭКГ, УДЗ, флюорография секілді зерттеулерден де өтуге мүмкіндік алды. Аса шұғыл жағдайларда хирургиялық көмек те көрсетілді. Бригадалар құрамында терапевт, стоматолог, офтальмолог, маммолог, хирург, психолог секілді әртүрлі бағытта қызмет ететін мамандар болды. Осындай мүмкіндікті пайдаланған халық 389 388 рет дәрігердің қабылдауында денсаулығын тексертті. Өңір халқы көмегі мен кеңесіне көбірек жүгінген мамандардың ішінде жалпы тәжірибе дәрігерлері (терапевт, педиатр) көш бастап тұр, оларға 54 029 адам қаралды. Ал невропатологке 44 560, офтальмологке 39 114, ЛОР дәрігеріне 38 898 және хирургке 38 200 кісі барған болып тұр.

 width=

Дәрігерлердің айтуынша, тұрғындарды тексеру кезінде қант диабеті, глаукома, липома, артроз, созылмалы холецистит, созылмалы панкреатит, аллергиялық дерматит аурулары кең таралғаны анықталған. Сондай-ақ онкологиялық аурулар бойынша әрі қарай тексеруге жолдама берген жағдайлар да болған. Уақытылы тексеріліп, дер кезінде анықтамағандықтан, шалғай елдімекен тұрғындары көбіне сырқатын асқындырып алатыны көңіл қынжылтады. Тіпті жүрегінің сол жақтан соқпайтынын да медициналық пойызға келіп бірінші рет білгендер болыпты.

«Саламатты Қазақстан» медпойызының жетекшісі Аман Қасенов:

«Павлодар облысында бізге Маралды станциясының 1975 жылғы Гүлжиһан есімді тұрғыны келді. Тексеріп-қарау барысында флюорографиядан оның жүрегі оң жағында орналасқанын анықтадық. Бұл диагноз «декстрокардия» деп аталады әрі өте сирек кездеседі. Ең қызығы – 47 жастағы пациент жүрегі оң жақта орналасқанын бұған дейін білмеген екен».

Мемлекет басшысы еліміздегі 650 елдімекенде емдеу мекемесі жоқ екенін айтқан болатын. Жердің шалғайлығы, медициналық қызмет нарығындағы бағаның жоғарылығы осы елдімекен тұрғындарының қолын байлайтыны рас. Соның салдарынан ағзасында қатерлі дерттің дендеп жатқанынан хабарсыз болуы да мүмкін. Мәселен, медициналық пойыз дәрігерлері Солтүстік Қазақстанға келгенде 22 жасар қызға «эхинококкоз» деген диагноз қойып, шұғыл ота жасауға жіберген. Ал Батыс Қазақстан облысында 76 адамнан туберкулез дерті анықталған.  

Медициналық пойызда қызмет еткен акушер-гинеколог Гүлмира Бердалы ауыл тұрғындарының денсаулығына салғырт қарайтыны қапаландыратынын айтады:

«Өкінішке қарай, ауылда тұратын әйелдер гинеколог-мамандарға сирек қаралады. Қабылдауыма келгендердің арасында 15-20 жыл бойы дәрігерге қаралмаған пациенттер де болды. Ал әйелдер кемінде жылына бір рет гинекологиялық тексеруден өтуі керек».

 width=

Халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру үшін де оған қолайлы жағдай жасау керек. Бұл жоба осы мақсатта 2010 жылы қолға алынған еді. Содан бері «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» атты үш пойыз Қазақстанның шалғайда орналасқан 1870 елді мекенін аралап, 569 530  тұрғын тексеруден өтсе, дәрігерлердің қабылдауында 3 262 930 адам болған.

 width=

Осындай көрсеткіш көңілге медеу боларын әңгімелеген жобаның «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан бас серіктесі - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева пойыздарды қаржыландыруға 760 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалғанын атап өтті.

«Жобаның арқасында халық денсаулығын жақсартуға, алыс аудандар мен ауыл тұрғындарына қажет қызмет түрлерін қолжетімді етуге мүмкіндік туды. Өкінішке қарай, кейбір ауылдарда фельдшерден басқа маман тапшы, сол себепті де шағын станциялардың тұрғындары жай ғана флюорографияға түсу немесе аудандық ауруханаға барып анализ тапсыру үшін ондаған шақырым жол жүруге мәжбүр. Әрі бұл қалтаға салмақ түсіреді. Көбіне дәрігерге қаралуға мүмкіндік болмағандықтан, адамдар ұзақ жылдар бойы емделмей жүріп, ауруын асқындырып алады», – деген Қор директоры жобаға атсалысқан ақ халатты жандарға алғысын жеткізді.