Түркістан автономиясын құруға атсалысқан репрессия құрбаны Хайретдин Болғанбаев кім еді?
Түркістан автономиясын құруға атсалысқан репрессия құрбаны Хайретдин Болғанбаев кім еді?
Тағдыр тəлкегіне тап болған асыл азаматымыз Хайретдин Əбдірахманұлы Болғанбаев биыл 129 жасқа толып отыр. Жалынды қайраткердің, қарымды қаламгердің абзал есімін есте қалдырудың қамын ойластырар шақ туды, деп newsroom.kz жазады articlekz.com дереккөздеріне сүйене отырып.
Оның тағдыры — қиын, бірақ кісі қызығарлық тағдыр. Ғұмыры ащы арманға толы, алайда адамға өнеге боларлық ғұмыр. Біз онымен енді ғана таныса бастадық. Əлі танып болғанымыз жоқ. Алаш қайраткері, ағартушы-ұстаз, ғалым, ақын, жалынды публицист екенін енді ғана біліп отырған жерлесіміздің күреске толы өмірі мен мұрасына там-тұмдап үңілген сайын оның қуатты тұлғасы зорайып, еңсесі биіктеп бара жатыр.
Қайраткердің жүріп өткен жолы туралы қысқаша мəліметтер
Хайретдин (кейде Қайретдин деп жазылады) Əбдірахманұлы Болғанбаев 1893 жылы (кейбір деректерде 1894 жылы) Ақмола облысы Қорғалжын өңірінің Жосалы атты ауылында дүниеге келген. Ол адам ретінде де, қоғам жəне саяси қайраткер ретінде де ерте есейіп, есімі жиырма жастан асар- аспас кезінде жұрт аузына ілініп, халыққа танымал болды.
1917–1918 жылдары М.Шоқай, С.Қожановтармен бірге «Бірлік туы» газетін шығаруға қатысады.
1918–1919 жылдары Ташкент қаласындағы педагогикалық курста оқиды, 1919–1921 жылдары Ташкент, Орынбор қалаларында мұғалімдік қызмет атқарды. 1921 жылы Ə.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың тапсырмасымен Бұхарадағы басмашылар қозғалысына Энвер пашамен бірге жетекшілік етіп жүрген Зəки Уəлиди Тоғанмен кездесіп қайтты. 1922–1923 жылдары — Ақмолада, 1924–1927 жылдары Петропавловскіде (Қызылжарда) халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 1928 жылы ОГПУ шешімімен «халық жауы» ретінде 5 жылға сотталып Батыс Сібірге жер аударылды. 1934 жылы айдаудан оралған соң Алматыға келген. Кейін қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Қапланбек ауылына көшіп барып, сонда тұрақтап қалады. 1937 жылы саяси қуғын-сүргін кезінде тұтқындалып, сол жылы 21 қазанда Ташкент қаласында атылған. 1958 жылы 26 ақпанда ақталды [1; 367–368].
Аз-кем сөз Х.Болғанбаевтың ата-тегі мен отбасы туралы айтсақ, Хайретдиннің аталары Арғын тайпасының бір негізгі тармағы болып саналатын Темеш руынан. Бабаларымыздан келе жатқан шежірелер бойынша [2] Темеш руы Қуандықтан тарайтындығы көрсетіледі. Хайретдиннің əкесі Əбдірахман Меккеге барып, елге келген соң Əбіш қажы аталған. Темеш руынан тараған 13 атаның ішіндегі Түгей бұтағынан.
Хайретдиннің анасы туралы мағлұмат аз, ал оның жұбайы — Рахима Əкбарқызы (1903–1986). Хайретдин мен Рахима төрт перзент сүйген. Бүгінде Х.Болғанбаевтың жеке тұлғасы мен еңбегі толыққанды зерттеліп болды деп айтуға əлі ерте. Оның өмірбаянында əзірге көпшілікке беймəлім «ақтандақ» беттері бар. Сондай-ақ кей ғалымдардың ол туралы зерттеулерінде қайшылықтар да кездеседі.
Хайретдиннің ұлт алдында істеген ірі істері жайлы ықшамды деректер
Алаш мұрасын ыждаһатпен зерделеуші Д.Қамзабекұлы «Алаш ардақтысы Хайретдин Болғанбаев» дейтін мақаласында: «Біз халыққа түсінікті болу үшін аз сөзбен жəне нақты дəлелмен аталған тұлғаның ұлт алдында істеген ірі істерін санамалап өтейік» [3; 171–172], — деп жазады. Оның пайымдауынша:
Бірінші, X.Болғанбаев — қазақ мемлекеттігінің дəстүрін жалғастырған Алаш қозғалысының белсенді мүшесі. Бұл жөнінде деректі «Қазақ» газетінен (1913–1918), «Бірлік туы», «Сарыарқа» газеттерінен (1917–1919) ұшырастырамыз. Сондай-ақ Ə.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Шоқай мақалаларында, естеліктерінде, жазбаларында X.Болғанбаев еңбегі, қасиеті ілтипатпен аталады.
Екінші, X.Болғанбаев — халықаралық деңгейдегі қайраткер. Ол белгілі себеппен Қоқандта жарияланған Түркістан автономиясына қатысты істерге атсалысқан. Осындай ерекше ісі большевизмге қарсы тұрған Орталық Азия халықтарының күресіне белсене қатысуынан да көрінеді. Бұл туралы башқұрт зиялысы, эмигрант Зəки Уəлиди Тоған мен эмигрант Мұстафа Шоқай естеліктерінде жазады. Алғашқы Түркістан автономиясы түрік халқына ортақ болатын.
Үшінші, X.Болғанбаев — ұлттық журналистика мен баспасөздің іргетасын қалаушылардың бірі. Ол — «Қазақ» газетінің тұрақты авторы. Сонымен қатар Хайретдин біраз уақыт түркістандық ұлт газеті — «Бірлік туының» редакторы болған жəне осы басылымды үздіксіз шығарысқан. X.Болған- баевтың бұл еңбегіне сол газеттердің өзі дəлел. Сондай-ақ бүгінгі зерттеу жұмыстары бұл туралы айта бастады.
Төртінші, Х.Болғанбаев — ұлттық ағарту ісіне де өлшеусіз үлес қосқан азамат. Ол Қызылжарда, Ақмолада, Ташкентте оқушыларға сабақ беріп, оқу-білім саласын ұйымдастырып, А.Байтұрсынов бастаған ағарту ісін дамытты. Бұл жөнінде замандастары газет-журнал беттерінде айтқан-ды.
Бесінші, Х.Болғанбаев — туған жерінің жанашыры. Ол Кеңес өкіметі тұсында Қазақстан территориясын айқындау ісіне көп үлес қосқан, осы мəселемен тікелей айналысқан мамандарға кеңес берген. Ақмола облысын Сібір төңкеріс комитетінен (Омбы) алып, Қазақстанға қосуда, Қорғалжын ауданын айқындауда жəне сол жергілікті жер балаларын оқытып, көзін ашуда Хайретдиннің еңбегі орасан.
«Əрине, Х.Болғанбаевтың тарихи орнын əлі де болса жүйелеп, салалап көрсете беруге болады, алайда біз ең бастыларын айттық», — деп түйіндейді өз ойын Д.Қамзабекұлы.
Х.Болғанбаев — Алаш қозғалысының белсенді мүшесі
XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстан тарихының «ақтандақ» беттерінің біразы Алаш партиясы мен Алашорда үкіметіне тікелей байланысты. Ұлттық демократияшыл зиялылар — ұлт- азаттық мүддесін таратушы, қазақ халқының сана-сезімін оятушы, отаршылдыққа қарсы күреске дем беруші болды. Сондықтан да келешек ұрпақтың тəрбиесіне аса зор мəн берген, тəуелсіздікке жету жолында құрбан болған Алаш қайраткерлері — ұрпаққа өнеге.
Алаш қозғалысы тарихының өзекті мəселелері, Алаш қайраткерлері, олардың идеялары мен қоғамға деген көзқарасы жайлы қазақ ғалымдары тек соңғы жылдары ғана еңбектер шығара бастады. Тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» зерттеу осы шығып жатқан еңбектер мен құжат жинақтарының негізінде ауқымды түрде дəлелденуде. Осындай зерттеудің бірінде көрсеткендей, 1917 жылы 3 қарашада «Ресей халықтары құқықтарының декларациясы» жарияланды. Онда Ресей халықтарының теңдігі, еркіндігі, өзін-өзі басқару құқықтары, тіпті жеке бөліну жəне дербес мемлекет құру құқығы, сондай-ақ ұлттық жəне діни шектеулерді жою, саны аз халықтар мен этникалық топтардың еркін дамуын қамтамасыз ету туралы уəде берілді. Бұндай жағдайда қазақ зиялылары арасында ұлттың мемлекеттілігі туралы мəселе талқылауға түсті. Бұл мəселені қараған II Жалпықазақ съезінде бүкіл қазақ жерін, оның халқын біртұтас мемлекет туы астында жинауға бағытталған батыл қадам жасалды.
Ұлт тəуелсіздігін ісімен де, сөзімен де өркендетуге қайрат-жігерін жұмсаған Х.Болғанбаев «Қоқанд съезі һəм қазақ-қырғыз» [4; 74–77], «Алаш автономиясы» [4; 77–82], «Тұла бойлары қан сасиды» [4; 82–84], «Елдің жайы» [4; 84–87], «Өзгерістің бір жыл тəулігі» [4; 87–91], «Ташкент 18 (5- ші) апрел» [4; 92–95], «Феурал өзгерісі» [4; 95–97], «Совет үкіметі һəм Күншығыс (II)» [4; 98–100] дейтін шығарамаларында сол жылдардағы саяси-қоғамдық, əлеуметтік мəселелерді түп-тамырынан қозғап баян етті [5]. Əсіресе бұл орайда оның «Алаш автономиясы» деген туындысында: «...Бірінші, Русияның ішінде болып жатқан үлкен ойран, зор бүліншіліктен Алаштың аман қалуы үшін, екінші, Алаштың түпкілікті ел болып, басқалармен қатар қызықты тіршілікке жетуі үшін сонда қабыл етілген қаулыларды кешікпестен іске асыруы өте қажет еді. Сол себепті жалпы съез соларды орындап іске асырудың қамына кірісуі үшін он бес кісілік бір ұлт кеңесі сайлап Алаштың барлық негізгі істерінің тізгінін соған тапсырылған һəм ол Алаш автономиясының жоғарғы хүкіметі болғандықтан, оған «Алаш ордасы» деп ат қойған еді...
Алаш ордасы — ұлт істерінің басында тұратын күзетші. Ол ұлт қызметтерінің ұлы ұрғасын белгілеп, халықтың аталы істеріне бағыт көрсететін жетекші...» [4; 78], — деген тастүйін толғамдары, айшықты оралымдары тəуелсіздік тұсында айбынды да, айбарлы болып естілді.
Алашорда кезеңінде ұлт-азаттық қозғалыстың ауқымды бір бөлігі еліміздің оңтүстігін қамтыды. Алаш партиясының басына əлдеқандай қара бұлт төнгенде Хайретдин Əбдірахманұлы Мұстафа Шоқаймен, башқұрт Зəки Уəлиди Тоғанмен бірге исі түркі жамағатына ортақ Түркістан автономиясын құруға белсене кірісті. 1917 жылы 26–27 қарашада Қоқандта өткен Түркістан мұсылмандарының өлкелік IV Төтенше съезі Түркістан автономиясын құру туралы қаулыны жариялады.
1917 жылы 1 желтоқсанда Түркістан автономиялық үкіметі өлке халқына Үндеу жариялады. Үндеуде Түркістан Ресей Федеративтік Демократиялық Республикасының автономиялық бөлігі болатынын мəлімдеді. Съездің өткізілген орны жəне автономияның əкімшілік орталығы Қоқанд қаласында орналасқандықтан, оны Қоқанд автономиясы деп те атады [6].
М.Шоқайдың, М.Тынышбаевтың, Х.Болғанбаевтың Қоқанд автономиясын құруы Сырдария, Ферғана, Самарқандтағы Əзімхан Кенесарин, Серқұл Алдабергенов, Есет Ақжолов, Санжар Əсфендияров, Сұлтанбек Қожанов, Қоңырқожа Қожықов, Нəзір Төреқұлов, Алдабек Мангелдин, Сағдат Шағмарданов, тағы басқалардың ерен қайраткерлігі Алаш баласының қай өңірде, қай уақытта болмасын ортақ мүдде төңірегінде тұтаса алатындығын, азаттық сүйгіштігін аңғартты. Сондай-ақ Əлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің, Мұстафа Шоқай бастаған Түркістан қайраткерлерімен саяси, адами ынтымағы олардың азаттық жолында бірлесіп күресе алатындықтарын дəлелдеді. Оны олардың өзара қарым-қатынастарынан, басында А.Байтұрсынов пен М.Дулатов тұрған «Қазақ» газетінің, шығарушысы М.Шоқай мен Х.Болғанбаев болған «Бірлік туы» газетінің, Халел Ғаббасов, Имам Əлімбеков пен Райымжан Мəрсеков шығарған «Сарыарқа» газетінің бағыты мен мазмұнынан да айқын аңғартуға боларлық.
Алаш қозғалысының осы Алашорда кезеңі қазақ елінің мемлекет бола алатындығымен бірге, ең бастысы — халқымыздың бойында өз абыройы үшін күресе алар үлкен рухани жігердің бар екендігін, ел болып ұжымдасуға аса мүдделі екендігін, бостандықтың қадірін, теңдіктің бағасын білер дегдар сананың бар екендігін де қай жағынан болмасын əбден байқатты.
Өкінішке орай, 1918 жылдың ақпанында Түркістан-Қоқанд автономиясы большевиктердің əскери күшімен құлатылды. Кеңес билігінің бел алып келе жатқаны айқындала түсті. Бұл туралы Хайретдиннің «Тұла бойлары қан сасиды» атты мақаласы көп нəрсеге көзімізді жеткізеді. Осы еңбегінде ол Түркістан-Қоқанд автономиясын большевиктердің құлатуын, олардың жасаған қарақшылықтарын былай баян етеді: «31 ғинуардан 10 февральға шейінгі күндер Түркістан халқының есінен өмірінде шықпас. Ол күндерде адам-хайуан өзінің бет аузын Түркістан халқына ашық көрсетті.
Ол күндер — Түркістан тарихында сиямен емес, қанмен жазылатын күндер.
Адам пішінді жыртқыштардың ол күндерде қоқандық көшелерінде істеген сұмдықтарын естігенде денең түршігіп, қаның мұздайды. Жүгені сыпырылып, мейірімі кеткен, аузы көпіріп, көзі қызарған адам-хайуан қоқандық көшелерінде құтырған қасқырдай кəріні, жасты, еркекті, əйелді талғамай қырған күндер — ол күндер.
Топ пулемет отымен жалғыз хүкімет əскерлерін ғана емес, бəлки, неше мыңдаған обалсыз, бейбіт халықты қамыстай жапырып бүкіл қоқандық шаһарының күлін көкке ұшырған күндер — ол күндер.
Тозаңдай күнəсі жоқ есепсіз мұсылман халқының қаны судай шашылып, жаңа ғана қайтып, өсіп келе жатқан бостандық гүлінің адам пішінді жыртқыштар табанында тапталған күндер — ол күндер» [4; 82].
«Енді мен бұл қанды көріп бұрынғыдай тоң болып қала алмаймын. Бұл қан мені ұйықтатпайды. Бұл қан көз алдымда тұрғанда қалың мақталы дүрия көрпені жылы жамылып жата алмаймын. Тұншықтырады... түсіме енеді» [4; 84]. Бұл да қайраткердің осы шығармасында келтірілген жан айқайы.
Алаш зиялыларының бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігінің болмауы — олардың ұлт мүддесі жолындағы қызметтерінің типтерін өзгертті. Бірақ Алаштың ең тұрлаулы, ең берік қайраткерлері мен қаламгерлері руханият саласындағы өздерінің қарым-қатынастарын үзбеді. Əлихан Бөкейханның Мəскеудегі қызметі, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған топтың Ташкенттегі қимылдары олардың қашан болмасын, қандай жағдайда болмасын ұлтпен бірге екендерін паш етті.
Қуғын-сүргінге ұшырай берген Х.Болғанбаев болса 1921 жылдың күзінде Ақмола қаласына кетіп, екі жылдан соң Қызылжарға ауысты. Екеуінде бес жылдай облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет етті.
Большевиктер болса Хайретдиннің ел ішінде қалуын қауіпті деп тапты. Оның көзін жоюдың қамын ойлады. Өжет қайраткер қайда жүрсе де мемлекеттік қауіпсіздік қызметі түп ізіне түсіп, қыр соңынан қалмады.
Х.Болғанбаев халықаралық деңгейдегі қайраткер болған
Хайретдин Болғанбаев — түркі тілдес халықтарға ортақ аяулы тұлға. Профессор Дихан Қамзабекұлының сипаттамасына көңіл аударсақ, «Хайретдиннің халықаралық жəне бір саяси қайраткерлігін ұмытпағанымыз жөн. Ізденіс кезеңінде X.Болғанбаев, Д.Əділов, М.Əуезов, тағы басқа азаматтармен бірге Бұхара-Самарқандтағы басмашылармен қазақтың болашағына қатысты келіссөздер де жүргізген. Қазір біз басмашылардың баскесер емес, өз өлкесінің азаттығы үшін күрескерлер болғанын айтып жаза бастадық. X.Болғанбаевтың осы бағыттағы саяси сауаттылығын, табандылығын З.У.Тоған «Естеліктерінде» (Мəскеу, 1997) ерекше жазыпты» [3; 174].
Тарихшы Дархан Қыдырəлидің көрсетуінше, «Зəки Уəлидидің «Бүгінгі Түрік елі Түркістанның жақын тарихы» деп аталатын сүбелі еңбегінде Х.Болғанбаевтың есімі екі жерде аталады. Оның бірінде Хайретдин Болғанбаевтың есімі Əлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовпен бірге «Қазақ» газетінің белсенді авторы ретінде аталса (аталған еңбек, 500-б.), енді бір жерде Болғанбаевтың аты Мұстафа Шоқай мен Сұлтанбек Қожановпен бірге «Бірлік туы» газетінің шығарушылары қатарында аталады (аталған еңбек, 506-б.). Міне, 3əки Уəлидидің қаламынан туған осы жолдар арқылы біз Хайретдин Болғанбаевтың Түркістанның тəуелсіздігі үшін басын бəйгеге тігіп, қалам мен қаруды қатар алып, жан аямай күреске түскенін аңғарамыз. Оның біресе Орынборда, енді бірде Ташкентте, тіпті, Қоқандта жүріп халқына қызмет етуі сөзімізге дəлел болса керек» [7].
Сонымен, ұлы Мағжан ақыннан «бір теңі жоқ, бір кемі жоқ» деп баға алған Хайретдин Болғанбаевтың кезінде ұлтты ұлт ететін талай-талай шаруаны бастағаны, жолға салғаны белгілі болып отыр. Ол бүгінде киелі рухымен, қасиетті сөзімен, тегеурінді іс-қимылдарымен ортамызға оралды деп қуанышпен айта аламыз.
Х.Болғанбаев — ұлттық журналистика мен баспасөздің іргетасын қалаушылардың бірі
Əбіш қажы (Əбдірахман) жалғыз ұлының көзі қарақты, көкірегі ояу болғанын қалады. Хайретдин де бала күнінен зерек болып медресе, мектепті алғырлықпен тəмамдады. Осындай алғырлығының арқасында кейін жалынды публицист, қаламы қарымды журналист болды. Əсіресе ел жағдайы, қазақ тұрмысы, оның саяси құрылымы, отаршылдық езгінің зардаптары, патшалық жазалау саясатының құрбандары жөнінде өткір де батыл дүниелер жазды.
Қазақтың ең алғашқы қоғамдық-саяси жəне əдеби журналы — «Айқап» екені белгілі. Прогресшіл ұлттық интеллигенцияның органы 1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықта Троицк қаласында алғашында айына бір рет, соңынан екі реттен шығып тұрды. Барлығы 88 нөмірі жарық көрді.
«Айқаптан» екі жылдан соң, «Қазақ» газеті жарық көрді. Жас Хайретдиннің мақалалары «Қазақ» газетінде 1913 жылдан бастап көріне бастады. Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың:
Бортаң бала, Бүгін қара, Кəрі тай.
Бір кемі жоқ, Бір теңі жоқ Болғанбай, —
дейтін атақты эпиграммасы [8] осы Хайретдинге арналған. «Қазақтың» бетіндегі Бортаң, Бортаң бала, Кəрітай, Қайыркен, Хайралдин Болғанбаев — осының бəрі бір автордың — Хайретдин Болғанбаевтың бүркеншік аттары болатын.
НКВД-ның тергеу хаттамасынан Хайретдиннің 1917–1918 жылдары Ташкентте «Бірлік туы» газетін шығаруға қатысқаны көрінеді [9; 187]. Бұл газет — алғашқы қазақ басылымдарының бірі. Негізін қалаушы əрі алғашқы редакторы — М.Шоқай. Газетті шығару ісіне Х.Болғанбаев пен С.Қожанов атсалысты.
Газет 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдай, сондай-ақ ел ішіндегі əлеуметтік-экономикалық ахуал туралы хабарларды жариялап, елді бірлікке шақырып, азаттық жолындағы күрестің жаршысы болды. Газет қазақтардан басқа, қырғыз, өзбек, татар, тағы басқа түркі халықтарының арасына кеңінен тарады. 1917 жылы тамызда өткен Түркістан өлкесі қазақ-қырғыз съезі баспасөз туралы мəселе бойынша «жаңадан шыға бастаған «Бірлік туы» барша қазақ-қырғызға ортақ болсын» деген қаулы қабылдаған [1; 505].
1918 жылдың сəуір айында «Бірлік туы» Кеңес үкіметі тарапынан қысымшылық көріп жабылғанда Х.Болғанбаев пен С.Қожанов педагогтік қызметке ауысты.
1919 жылы 17 желтоқсанда Орынборда «Ұшқын» атты газет екі бет болып жарық көрді. Кейін аты өзгеріп, «Еңбек туы» (1920), «Еңбекшіл қазақ» (1921–1925), «Еңбекші қазақ» (1925–1932), «Социалды Қазақстан» (1932–1937), «Социалистік Қазақстан» (1937–1991), «Егеменді Қазақстан» (1991–1993) болып шықты. 1993 жылдан бастап «Егемен Қазақстан» атымен шығып келеді. Газет Орынбордан кейін Қызылорда қаласында басылды. 1929 жылдан бастап Алматыда басылып келеді. 1932 жылдан бері аптасына 5 (кейде 6) рет шығады [10].
«Ұшқын» («Егемен Қазақстан») жетекші басылым ретінде еліміз бастан өткерген барлық тарихи кезеңдер мен оқиғаларға дер кезінде үн қосып отырды. «Ұшқын» атты жаңа газет шықты дегенде сөз сарбазы Ташкенттен Орынборға асыға аттанады. Хайретдиннің «Ұшқынның» редакция алқасының мүшесі болғаны жөніндегі деректер Мемлекеттік архивтің 921-қорындағы құжаттарда кездеседі [9;186].
1920 жылдың көктем–жазында жалынды ақын Бернияз Күлеев редакторлық еткен «Ұшқын» газеті қазіргі уақытта «Егемен Қазақстан» деген атпен Қазақстандағы ең беделді мерзімді басылымдардың біріне айналды. Біздің ойымызша, «Егемен Қазақстан» газетінің бастау кезеңінде еңбек еткен Х.Болғанбаевты, аз ғұмырын жақсылар қасында, баспасөз басында өткізген тұлғаны қарашаңырақ газеттің қилы заманда сынып түскен бір уығы деп əрдайым еске алған жөн. Өйткені соңғы кезде арыстар тағдыры мол зерттелгенімен, Х.Болғанбаев қалтарыста қалып келеді.
Х.Болғанбаев — ұлттық ағарту ісіне үлкен үлес қосқан тұлға
ХХ ғасыр басында тарих сахнасына келген Алаш зиялылары қазақ халқын қоғамдық дағдарыстан шығарар жол — ғылым мен оқу-ағарту салалары деп білді. Əсіресе Алашорда үкіметін большевиктер талқандаған соң қазақ оқығандары оқу-ағартуға жаңа қарқынмен кірісті. 20-жылдары қазақ баспасөзі осы мақсатта жұмыс атқарды. Газет-журналдарда қазақ зиялыларының өткір, ащы мақалалары жарияланып, халықтың санасын оятуға тырысты. Мысалы, қазақ халқының рухани көсемі Əлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларының сапындағы бірегей жатқыр тұлға — Хайретдин Болғанбаев оқу өнері, ғылым үйрету, оқулықтар туралы ой-толғамдарын «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Ұшқын», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттеріне жариялағаны мəлім.
Жалпы, XX ғасырдың басында Алаш зиялыларының қай-қайсысы болмасын өз ұлты үшін, елінің болашағы үшін аз тер төккен жоқ. Өйткені отарлық қыл бұрауынан қасірет жайлаған қазақ халқының өміріндегі қиыншылықтарға XX ғасыр басында кесе-көлденең шыққан ер-азаматтарын, халқының қамын жеген ардақты ұлдарын ойландырған үш мəселе болды. Бұл үш мəселе түпкілікті шешілмей қазақ халқының қараңғылық пен надандықтың уысынан құтылмасы айқын-ды. Бұлар — біріншіден, жер мəселесі; екіншіден, оқу-ағарту ісі; үшіншіден, ел басқару жайы еді. Қолына қалам алып, газетке хат жолдай бастағаннан-ақ Хайретдин де осы үш мəселе төңірегінде өз ойларын көпшілікке жеткізіп отырды [11].
Дүние жүзінде өзінің тарихи отаны жоқ халықтар қаншама. Тіпті олар «Мынау менің жерім» деп айтуға зар болып жүр. Аллаға шүкір, ол жағынан алғанда, Қазақ ұлты — бақытты халық. Əйтсе де жер көлемі жөнінен тоғызыншы, аумағына бес Франция сыйып кететін қазақ елінде ұлтарақтай жерге зар болып жүргендер баршылық.
Ал кезінде жерімізді мұжыққа бермеу үшін Алаш көсемдері жанын салған болатын. Алашордашылар: «Қазақстанда келімсектерді қоныстандыратындай артық жер телімі жоқ» деп ғылыми тұжырымдама жасады. Өкінішке қарай, аталмыш байлам озбыр империяның қазақтарға деген өшпенділігін арттыра түсті. Саясат сахнасында өзіндік орны бар Хайретдин Болғанбаев жер үшін таласта батыл əрекет етіп, «Бортаң» деген бүркеншік есімімен «Жер жалдау» атты тамаша еңбегін жариялады. Бұл шығарманың жазылу себебі — қазақ жеріне «қарашекпен» атанған орыс шаруаларының көшіп келуіне байланысты, қазақ сахарасында осы кезеңде туған жер саясатының əлегі.
Қазақ сол бұрынғы көшпелі қалпында қалу керек пе, жоқ, 15 десятинадан жер кестіріп, егін егіп, бау-бақша салып, отырықшы болғаны жөн бе? Өзінің «Жер жалдау» атты мақаласында Хайретдин осыны тілге тиек етеді: «Ақтөбе уезі, бірінші Бөрте болысы, 3-ауыл отырықшы болғанына екі жыл болмай-ақ, берілген жерлерін жалдай бастады. Ауру қалса да, əдет қалмайды деген ғой, бұрын кеңшілікте жер жалдап жаман үйреніп қалған отағасылар бүгін жер тарылды екен, жұрттың тамақ асырап отырғаны жалғыз сол екен деп, ескі мінездерін қалдыра алатыны көрінбейді», — деп жазады да, əлгі хабарына мынандай дерек келтіреді: «Былтыр осы ауылдың атқамінер отағасылары мен бірсыпыра икемді жастары мешіт салуға жарамды деп 300 десятина жерді бір орысқа арендаға берген еді. Бірақ содан бері бір заман өтіпті, не ақша, не мешіттің қайда жүргенін білген кісі жоқ.
Бұл — былтырғы іс.
Енді биыл тағы да əлгі отағасылар мен икемді мырзалар мешітті сылтау қылып, жұрттың ырзалығынсыз 250 десятина жерді арендаға беріп отыр. Бұған ырза болмаған бірсыпыра адамдар бастапқы кезде олай қыламыз, былай қыламыз деп жүр еді, бір күні əлгі атқамінерлер бір мал сойып етке тойғызған екен қарқындары сонымен басталыпты. Сорлы қазақ бір күн етке тойса, жүз жылғы пайдасын ұмытатынын жазған ғой.
Бұл енді биылғы іс.
Міне, біздің ауылдың отағасылары мен икемді ел бастайтын жастарының қимылдары» [4; 59], — дейді жаны күйіп, ызасы келген ұлт санаткері.
Алыстан болжап, тереңнен ойлайтын Хайретдин жергілікті ұлттың қара шекпенділерден қорлық-зорлық, теперіш көре бастағанын, азын-аулақ тұяғын «арқандап отырып бақпаса, қалай бағатынын», жалқаулықтың, енжарлықтың салдарынан бақыттың құсын өзі үркітіп ұшырғанын қынжылыспен былайша баяндайды: «Бүгін мешіт салам деп ұлтарақтай жерін сатып бітіріп алып ертең бала-шағасын асырау үшін елдің еркегі маңайындағы қарашекпеннің малын бағып, көшесін сыпыруға кеткенде ол мешітке кім кіріп құлшылық қылмақшы. Мұндай бір күннің келуіне шек қылуға жарамайды: бұл күн жердің арқасында аз-маз астық шашып, сонымен тамақ асырап отырған онан басқа һешбір нəсіпті білмеген бір жұрттың қолындағы жері бітсе əлгідей болмай не болмақшы? Осы күні орысқа жалдап тоздырып алған жерді соңынан өңдеп іске жарату екі бастан біздің қазақтың қолынан келмейді.
Онысы əлі тұра тұрсын, мына биыл сатқан жердің бір шеті ауылдың іргесіне тиіп жүр. Жұрттың осы күні аз да болса қара-құрасы бар. Бүгінге шейін сол аз малдарын осы сатқан жерлеріне жайып отыратын еді. Енді мұнан соң қозы-лағына шейін арқандап отырып бақпаса, қалай бағады?
Күн сайын орыстың егініне малын түсіріп штраф төлеп отырғанын көрерміз əлі. Міне, осы күнгі алған ақшаның қызығын сонда көрер жұрт» [4; 59, 60].
Жанын шүберекке түйіп, нар тəуекел деп қып-қызыл майданға түсу Алаш қайраткерлеріне тəн қасиет еді. «Аталы сөзі атан түйеге татитын» тарланбоз Хайретдин Болғанбаев та ұлт тəуелсіздігі, жер-су, орман-ну тағдыры туралы ой-толғамдарын ашық айта келе, аталмыш мақаласын: «Бейшара қазақ, өзді-өзін қыспаққа салып кең жеріңді тартып алған соң, сол қыспақтың əдісін де үйрену керек еді. Сен ондай əдістің мыңнан бірін білмейсің. Жалғыз-ақ қарап отырғаның сол бір алақандай жерің. Сауда қылуды білмейсің, ауылыңдағы дүкен не орыс, не ноғайдікі, өнер білмейсің: үйіңді салып жатқан ылғи ноғай, ең ақыры киіміңді өзің тігуге үйренбей, ноғай тігушіге ақша беріп отырсың. Қысқасы, не керек болса, өзіңде бірі де жоқ, бəрі басқанікі. Ең ақыры моншаға шейін» [4; 60], — деп аяқтайды.
Айтса айтқандай, сарт саудагерге бір жем болып, ноғай молда мен татар тігіншіге екі жем болып тапқан-таянғанын тамағына жеткізе алмай отырған сорлы қазақты, бейшара ұлтын көрген соң, халқының сонда да еңбекке қырсыздығын, жалқаулығын сезген соң Хайретдин осылай демей не десін?
Ұстаз-педагог Х.Болғанбаев «Медресе Хасениде қазақ балалары» дейтін еңбегінде қазақ балаларының қаншалықты дəрежеде оқуға ұмтылып жатқаны, оқу мен ғылым іздеп талпынып жүргендер көбінесе сіңірі шыққан кедей балалары екендігі туралы былай ой қозғайды: «Біздің жұрттың арасында осы күні ғылым іздеп талпынып жүргендер көбінесе жарлы балалары. Ауқатты, тəуір, бай балалары бірен-саран болмаса оқуға көздерінің қырын да салмайды. Білімге сусаған бұл сорлылар қанша талаптанса да қолдарының қысқалығынан жігерлері құм болып ойлаған жерлеріне жете алмай орта жолда қала береді. Өздері ғылым керек қылмаған байлар бұларды сүйемелеп жіберуді əлі білмейді…
Біле білсе, біздің байлар мұнан намыстануға керек еді. Өз жатақтарын басқаларға телміртіп қойып барлық малын, дүние-жұртты пайдасыз жерге шашудан ұялуға тиіс еді. Бірақ қайтесіз, надандық тұманы халқымыздың көз əрін байлап, оң мен солын, қисық пенен жөнді ашық көрсетпей отыр: əрине, біздің жұрт та осы күйімен ылғи надандыққа қарай сүңгіп кете бермес. Бір уақытта малын орнына жұмсайтындар да шығар. Бірақ ол уақытқа шейін заман бізді күтіп тұрмас. Ұйықтағандар оянсын деп уақыты біткен соң Күн шықпай тұра ма? Заманның ағымы да нағыз сол сияқты, икемін осы күні білерге керек» [4; 47, 48].
Салиқалы ардагердің салмақты ойынша: «…Осы күнгі халқымыздың нашарлығы, бүкіл жұртымыздың күннен-күн төмендеп бара жатқандығы һəркімге мағлұм болса керек. Егер осы бетімен барса, ақыры қайда барып тоқтарын бір Құдай өзі білсін! Міне, осы күйге түсуіміздің ең үлкен себебі — надандығымыз. Енді бұл жұрттың ауруына ем, адасқанына жөн сілтеп ілгері бастыратын ерлер керек. Жұрттың жұрттығын сақтап, ұйқысын ашатын ерлер керек» [4; 49, 50]. Сөйтіп, танымы терең, жоғары мəдениетті Х.Болғанбаев ардан жаралған, арыстан туған ерлерді армандайды.
Жалын мен оттан жаралған Хайретдин Əбдірахманұлы əрбір туындысында мейлінше сара пікірлер өрбітіп, жұтынтып жеткізген. Осы сөзіміздің растығына оның ел басқару, болыс сайлау, ауылнай сайлаудағы келеңсіздіктерді жою мақсатында жазылған «Сайлау» атты əңгімесі куə.
Ресейдің қолтығына енгелі қазақ арасына сайлаудың жаңа түрі енді. Хандық жойылғаннан соң шыққан сұлтан, болыс, ауылнай сайлаулар қазақ арасын шілдің қиындай тоздырды. Ел жік-жікке, ру-руға, партияға бөлінетін болды. Сайлау болған жерде пыш-пыш əңгіме, жанталас орын алды. Елдің ұйтқысы бұзылды. Жұрттың ынтымағы, ұйымы қашты.
Сайлауда жеңілген жақтың түрін, ойлаған ойын, кіжінгендерін көріп Хайретдиннің үрейі ұшады. Сондықтан осы сайлауда зияннан басқа не бар деп ойлайды ұлт зиялысы. Бұл ойын ол былай түйіндейді: «Əлден-ақ екі жақ бір-біріне қырын көз, кекесін сөз, бет салқындығын білдіріп тұр. Болған жақ болмаған жақты қанша білдірмеймін десе де сөзбен шағып, тілмен түйреп отыр. Осының бəрі жеңіл бітетін жара емес. Келер штатты осы күннен сағынып отырғандар тағы осымен тегін қалдырса. Партиялықтың осындай зор зиянын көретін көзі, сезетін санасы жоқ надан қара халыққа кейігеннен басқа айтар сөз жоқ. Бірақ осы ауылдарда бұларды бізден артық аңдарлық орысша, мұсылманша оқыған жігіттер аз емес. Міне, осылар жұрттың мұндай берекесін кетіретін бəледен бездіруге амал қылу керек еді. Көптен қазақтың қанына сіңіскен бұл дертті біржола жоқ қылып тастамағанмен, елдегі осындай жаман əдетке қарсы тұру əрбір көзі ашық қазақ баласының міндеті емес пе?» [4; 55].
Ел ішіндегі партияшылдық сияқты сұмдық-сойқандарды көргенде: «Иə, Алла! Адасқан Алашыңды тура жолға өзің баста!..» [4; 56] — деп, жоғарыдағы кереметке сыйынады.
Қорыта айтсақ, өрі-қыры бірдей Х.Болғанбаевтың ойшылдық-зерделіліктен, мейірім-шарапаттан туындаған түйінді ой-пікірлері, елдің есеюі, көркеюі жолындағы ардақты істері, ағартушылық қызметі — ұлт руханияты тарихындағы айрықша бір құбылыс, өзгеше бір əлем.
Х.Болғанбаев туған жерінің жанашыры болған
Торғай жері — Ахмет Байтұрсыновпен, Міржақып Дулатовпен, Жезқазған жері — Сəкен Сейфуллинмен, Қызылорда жері — Мұстафа Шоқаймен, Талдықорған жері Мұхамеджан Тыныш- паевпен мақтанады. Ал бүкіл ұлттың баласы болған Хайретдин Болғанбаев — Қорғалжын жерінің мақтанышы.
Қорғалжын ауданы — қазіргі Ақмола облысындағы əкімшілік бөлік. 1928 жылы құрылған. Қорғалжын — Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы ауыл, аудан орталығы. Облыс орталығы Көкшетау қаласынан оңтүстікке қарай 315 км жерде. Іргесі 1923 жылы қаланған [12].
Əу баста жаңадан ашылған Қорғалжын ауданы қай жерге салынуы керек деген мəселе туындағанда, қасына астанадан келген өкілдерді ертіп жүріп, қазіргі аудан жерін белгілеген, оның алғашқы қазығын қаққан Хайретдин Əбдірахманұлы болған. Ол — Қорғалжында алғашқы мектептің ашылуына, балалардың оқып, сауат ашуына ұйытқы болған адам.
Бір қызығы, кейбір ауыл ақсақалдары: «Қарағым-ау, бұл жерде аудан орналасса, малымыздың өрісі тарылады ғой, бұл не қылғаның, жаның ашымағаны ма?» — деп өкпе айтыпты. Сонда Хайретдин: «Əй, бауырларым-ай, сендерге неге жаным ашымасын, ашиды ғой. Мен жаңа ауданның орны үшін жүгіріп шыр-пырым шыққанда, сендерді ойлап қам жеп жүрмін ғой. Мына заман құбылмалы болып тұр. Ертеңгі күн алда не тұр? Аштық, қиыншылық бола қалса, түгел қырылмайсыңдар ма? Ал егер аудан іргемізде болса, дүкен, каператіп дегендер ұйымдастырылады. Алда-жалда соған қолыңдағы нəрселеріңді өткізесің де тамақ, киім-кешек аласыңдар ғой, сүйтіп, күнелтпейсіңдер ме? Аудандық жерде мектеп ашылады, онда жас ұрпақ оқып, хат таниды, білім алады, əрі қатынасқа жақсы. Ауырып-сырқасаңдар аурухана да əзір, заң орындары болады. Мысалы, прокурор, сот, милиция органдары сіздердің бір қамқорларыңыз» [13], — деп жауап беріпті.
Қазіргі уақытта аудан аумағындағы 26 елді мекен 8 ауылдық əкімшілік округке біріктірілген. Аудан Теңіз-Қорғалжын ойысында орналасқан. 1957 жылдан бастап астық өндіретін кеңшар орталығы, өйткені топырағы қоңыр, күңгірт қоңыр, Нұраның аңғары қара топырақты. Аудан аумағында мемлекеттік
«Қорғалжын қорығы» ұйымдастырылған.
Түйін
Сөз соңында айтарымыз, ұлтты дамыту, өркендету жолында аянбай тер төккен, тіпті жанын құрбан еткен Хайретдин Болғанбаевтай дара тұлғаны тану мен таныту — елдігімізге сын, бүгінгі замандастарымызға да, ұрпақтарымызға да мерей. Тоталитарлық жүйе оны екі мəрте репрессиялады. Соңғысында зұлымдықпен көзін жойып тынды.
Қорғалжындық ақын Мұқан Сағымбекұлы мына өлең жолдарымен [14] бəріміздің атымыздан жаладан жапа шегіп, халқының асқақ мақсат, мұрат-мүддесі үшін өмірін қиған асыл азаматымыз алдында кешірім сұрағандай болады:
Жаңарған Қорғалжыным жылдан жылға,
Ардақты өнеге ұл мен қызда.
Сені емген, сенде туған, сенде өскен
Хайретдин Əбішұлы — асыл тұлға.
Хайретдин ерке ұлың думан құрған,
Жазушы толқынында аты тұрған.
Қаламгер əрі ақын, журналист,
Халық үшін өмірін де етті кұрбан.
«Жосалы» туған жерін мақтан көрген
Жыр толғап жүрегінен тебіренген
Салғызған тұңғыш рет қызыл үйлер,
Күлімдеп күн астынан көтерілген.
Талпынған табиғатты өзгертем деп
Жан болып кетпейін деп өмірден тек.
Білімін қараңғы елге шырақ еткен,
Ұрпағым қалмасын деп өнер шеттен.
Өтті ғой, Хайретдиндей ақын ұлдар,
Қорғалжын құтын еміп, өскен бұлар,
Тағынып жырдан қанат, сөзден семсер,
Халқының жаршысы боп талай жылдар.
Қырандай желге қарсы қаңтарда ұшқан,
Қиялы келешектің нұрын құшқан.
Жетем деп атар таңның сəулесіне,
Қараңғы надандықты көрген дұшпан.
Сондықтан соны жерден салды соқпақ,
Əр сөзі адамдықтық арын жоқтап.
Тірліктің бар қасиеті өнер, білім,
Қалғанша көз жұмылып, көңіл тоқтап.
Жазықсыз қуғын-сүргін көрген кісі,
Елімнің тарихында ерлік ісі.
Рахима — Хайретдиннің сүйген жары
Өсірген екі ұл, бір қыз тəрбиесі.
Рахима Əкпарқызы бала өсірген,
Өмірден өшпейтұғын ер есіммен.
Көрсе де қуғын-сүргін неше атасын,
Ажалды тұншықтырды кеудесімен.
Қойныңнан шықты асылдар ауыл сенің,
Ой салып толғандырған, өрендерің.
Хайретдин жазықсыз боп атылса да,
Өзіңді ұмытпайды туған елің.
Хайретдин жарына айтты: «Кетпе елден,
Айдалып кетіп барам бөтен жерден.
Ұмытпай айта жүрсін кейінгі ұрпақ,
Жүрейін көзімді алмай туған жерден.
Қоржынкөл, Жосалы көл,
Жасыл көлім, Қаратомар, Атақозы, Нұрбай жерім.
Əліптомар, Əліп қоңырданы ағайындар
Құйылған толқынына жасым менің.
Жатайын сылдырыңды тыңдап қана
Жолыңа құрбан болған басым менің».
Гүлденер дала селдеп нөсерменен,
Кілемдей жасыл жерге нұр төселген.
Жаңғырып тау іші де жауап береді,
Армысың арда аяулы аға десем.
Өлмейтін жан жоқ екен бұл жалғанда,
Қол созар сағым сынды бір арманға.