Белгілі ғалым Серік Пралиев өмірден озды
Белгілі ғалым Серік Пралиев өмірден озды
Елге сыйлы болған ел ағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ғылым академиясының академигі, мемлекет және қоғам кайраткері Серік Жайлауұлы Пралиев 2022 жылдың қарашаның 5 күні 70-тен асқан жасында дүниеден озды, деп newsroom.kz хабарлайды.
Еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарының ректоры, ҚР Білім және ғылым министрлігінде басшылық қызметкер болып, талантты шәкірттер баулыған ұлағатты ұстаз, ел ісіне етене араласқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Отандық ғылымның қарқынды дамуына айрықша үлес қосты. Сонымен қатар қоғамдық істерге де ат салысып, жұртшылықтың ізет-ілтипаты мен құрметіне бөленді. Жемісті қызметі жоғары марапаттармен атап өтілді.
Ардақты азаматымыздың өнегелі өмір жолы ұрпақтан ұрпаққа үлгі болып, ақжарқын асыл бейнесі барша жақындарының жүрегінде мәңгі қалары сөзсіз. Ғалымның ғұмыр жолы өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала беретіні анық.
Бұл дүниеге сүтпен бірге сүйекке біткен кісілік келбетінен айнымай, тектілік тұғырынан таймай, жүзін сыртқа, арқасын ыққы бермей, ақ адал ғұмыр кешіп, талай шаруаларды оңынан шешіп, педагогика саласындағы айтулы жаңалықтармен із қалдырған Серік Жайлауұлы өз шәкіртерімен осы дүниеде мәңгілік алауын сөнбестей жағып кетті. Тауды үгіп тозаңға айналдыратын, теңізді жұтып тақыр шөлге айналдыратын ұлы уақыттың қатал үкіміне төтеп беретін жанды-жансызда өшпес, өлмес жаратылыс жоққа тән. Тек сол құдіретті әмірші адамның отты жүрек, ұшқыр қиялынан туған ғалым еңбегінің алдында ғана дәрменсіз екені белгілі. Ғалымның түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылып, майдай терін сорғалата отырып тапқан жаңалығы келер ұрпақтың игілігіне айналады. Міне, Серік Жайлауұлының өмірі мен өнегелі ғылымдағы қалдырған мұрасы да қазақ халқы бар да ешқашан ұмытылмасы хақ
Бүкіл қазақ елі үшін орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері атынан көңіл айтамыз. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.