Жаңалықтар

Тұрар Рысқұлов Түркістан өлкесіндегі ашаршылық кезінде 1 млн адамның өмірін сақтап қалған

Тұрар Рысқұлов Түркістан өлкесіндегі ашаршылық кезінде 1 млн адамның өмірін сақтап қалған

Түркістан өлкесінде алғашқы ашаршылық 1917-1923 жылдарда болды. Сол ашаршылықтан елді аман алып қалуда Тұрар Рысқұловтың еңбегі орасан, деп newsroom.kz хабарлайды inform.kz-ке сілтеме жасай отырып. Т. Рысқұловтың Бішкек ауыл шаруашылығы техникуын бітірген соң, 1914 жылы Ташкентке келіп, түрлі жұмыстар атқағаны жайлы дректер баршылық. 1916 жылы патшалық Ресейге қарсы басталған ұлт-азаттық күреске белсене қатысықаны туралы ақпар жеке ісінде жазулы тұр. Ол 1916-1917 жылдары Ташкент мұғалімдер институтында оқиды. 1918-1924 жылдары Т. Рысқұлов Түркістан Автономиялық Республикасында маңызды қызметтер атқарды: Түркістан денсаулық сақтау халық комиссары (1918-19), Аштықпен күрес жөніндегі орталық комиссияның төрағасы (1918-19), ТКП РКП (б) Мұсылман бюросы (1919-20) , Түркістан АССР ОАК төрағасы (1920 ж. қаңтар-1924 ж.шілде), Түркістан АССР-інің төрағасы (1922 ж. қыркүйек – 1924 ж. қаңтар). Т. Рысқұлов Түркістандағы ашаршылықпен және оның жан түршігерлік зардаптарын жою үшін күрескен санаулы тұлғалардың бірі. Сондай-ақ, ол большевиктердің байырғы халықтардың аштыққа ұшырауына немқұрайлы қарауын ашық сынағаны да тарихтан белгілі. Т. Рысқұлов бастаған кейбір ұлт коммунистері Орталықтың шовинистік саясатын, Түркі бюросы мен Түріккомиссияның зорлық-зомбылық пиғылдарын, қызыл әскердің басқыншылық әрекеттері мен тонауларын әшкереледі. Губерниялық Мұсылмандар бюросының төрағасы ретінде Орталықтың саяси басшылығымен «Түрік республикасы» мен «Түрік компартиясын» құру мәселесін көтерді. Бірақ Орталықтың нұсқауымен Түрік комиссиясы Түркістан халықтарының бірігуіне мүмкіндік бермеді. Т. Рысқұлов Түркістандағы 1916 жылғы көтеріліс пен тәуелсіздік қозғалысы туралы және басқа да тақырыптарда бірқатар мақалалар мен еңбектер жазды. Әсіресе, оның «Төңкеріс және Түркістанның байырғы халқы» (1-бөлім, Ташкент, 1925) атты еңбегі сол аласапыран жылдардың жылнамасы іспетті. 1917-1924 жылдарда Бұхара, Хорезм Халық Совет Республикаларында ашаршылық болмағанын ескерсек, түркі халықтарының бірлігі үшін күрескен Түркістан АССР-ындағы ашаршылық елді ыдырату, ұлттық көзқарасы дамыған халықты жою үшін әдейі жасалған тәрізді. Орталықтағы саясаткерлердің жергілікті биліктің осал жерін пайдаланғанын тарихи деректер дәлелдей түседі. 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін де Түркістан өлкесі жергілікті астықпен өзін қамтамасыз ете алмайтын жағдайда еді. Өйткені, патшалық Ресей Түркістанда бидай, бау-бақша өсіруді шектеп, мақта монополиясына жол ашқан-ды. 1915 жыл өлкеде дайындалатын мақта шикізатының үштен екі бөлігі Ферғана уәлаятында өндірілген. Суармалы жердің 60-80, кей болыстарда 95 пайызында мақта егілген. Самарқан, Жетісу уәләяттарында тиісті астықтың өте аз бөлшегі өсірілген. 1916 жылдан бастап Түркістанға Ресейден астық жіберу қысқарады. 1917 жылдың сәуірінде ашаршылық басталды. Жергілікті азық-түлік комитеттері Уақытша Үкіметке «ашаршылықпен күресуге қауқар жоқ» екенінін айтып, жеделхаттарды қарша боратқан. 1917 жылдың жазында Түркістанда құрғақшылық болды. Астықтың төрттен үш бөлігі жиналды. 1918 жылы да құрғақшылық болып, жағдайды тіпті қиындатып жіберді. Самарқан уезінің кей жерлерінде тұрғындар бедеден(жоңышқа) тамақ дайындап ішіп, жан баққаны жайлы деректер сақталған. 1917 жылда Түркістанда егілетін алқаптар 2,8 млн десятина болған болса, 1923 жылы 1,6 млн десятинаға дейін түсіп кеткен. Ферғана аңғарында 1915 жылы 994 000 десятина алқап егілсе, 1917 жылы 596 381 десятинаға дейін түсіп кеткен. Бұған көптеген факторлармен бірге жергілікті халықтың 1916 жылы Ресейге «қара жұмысшы күші» ретінде алынуы да себеп болған. Тұрар Рысқұлов 1919 жылы 6 маусымдағы Түркістан Компартиясы III өлкелік съезінде: «Ферғанада совет үкіметі жоқ, ол тек орыс халқы тұратын қалаларда ғана бар. Мұсылман ауылдарында совет өкіметі жоқ, бұл жерде Николай дәуіріндегі тәртіп орнаған, пристав пен болыстардың орнына комиссарлар мен қарақшылар тобы келген» деп совет билігін ашық сынады. Өйткені, онсыз да ашаршылықтан қырылып жатқан халықты большевиктер тонаған. Ал бірде-бір мемлекеттік қайраткердің Тұрар Рысқұлов сияқты өз пікірін ашық айтып, орталықпен күресуге батылы жетпеді. Съезде Ферғана мәселесі туралы арнай комиссияның есебі кезінде бір мұсылман коммунистің хаты оқып берілген. Хаттың толық мәтіні Тұрар Рысқұловтың «Төңкеріс және Түркістанның байырғы халқы» кітабында жарияланған. Хатта: «Біз сорлы мұсылмандарды қанішер Николай дәуірінде мал орнында көрсе, кедейлер өкіметі дәуірінде де сондай... Әлі күнге қараңғылықта, аш, жалаңаш, иттей өлудеміз. Бұған кім кінәлі? Мысалы, бір кедейдің ат-арбасы бар еді, отбасын асырап отырған, оның үйіне бір қызыл әскер кіріп келіп, отбасын бағып отырған жалғыз атын тегінге алып кетеді, енді отбасы қалай күнелтеді, мұны сұрап та отырмайды. Осы жайт партия бағдарламасында көрсетілген бе... Олар тек оз орыстарын бөліп алып қамқорлық көрсетеді, жақсы тәуір тамақ беріп, жақсы киіндіреді, өзгелердің жібек матасы, бағалы заттарымен үйін безендіреді. Біз мұсылмандарға не берді? Тамақ берді ме? Жоқ! Киім берді ме? Жоқ! Егер киім берсе, кедейлер жалаңаяқ жүрер ме еді, егер тамақ берсе, он мыңдаған адам аштан өлер ме еді...», деген сияқты жергілікті халықтың жанайқайы бар. 1918 жылы РСФСР-да азық-түлік диктатурасы жарияланып, Түркістанда сол жылы 15 маусымда үш кісіден тұратын өлкелік дирекция құрылды. Бұл жетпегендей, «Астық монополиясы туралы», «Таптық нан паёгі туралы», «Түркістан өлкесінде азық-түлік саясаты комиссарына төтенше өкілеттер беру туралы» т.б. декреттер негізінде 1919 жылдың 4 маусымында Түркістанда да азық-түлік диктатурасы жарияланды. Тұрар Рысқұлов Халық комиссарларының отырысында «Астық монополиясы саясатын Түркістанда жүзеге асыруға болмайды... Астықты халықтан еркін бағада сатып алуымыз керек. Межеден артық астықты диқандардан талап етпеуге тиістіміз», деп, дереу диктатураға қарсылық танытты. Бұл сайып келгенде, большевиктер көсемі В. И. Ленинге ашық қарсылық болатын. Сондай-ақ, сол отырыста Түркістан АССР Темір жол халық комиссары «Астық монополиясын жүргізуде қару пайдаланбауымыз керек. Өлкеде 7,5 млк кісі өмір сүреді, олардың әр біріне 10 пұт астық тура келеді деп есептесек, жыл сайын 75 млн пұт астық қажет. Іс жүзінде 35 млн пұт астық жиналды. Азық-түлік дирекциясы бұл астықтың 15 млн тоннасын қаладағы жұмысшыларға бермек. Нәтижеде, 5 млн мұсылман халқы аштық құрсауында қалды». «Таптық нан паёгі туралы» декретке сәйкес Түркістанда карточка системасы жарияланды. Халық 3 тапқа ажыратылды: 1- тап – жұмысшылар, қызыл әскерлер мен жауапты қызметкерлер күніне 1 пұт(1 пұт – 409,5 грамм), 2-тап, қызметшілер, қара жұмысшылар жарты қадақ(205 грамм), 3-тап жұмысшылар мен буржуазия ширек қадақ(102 грамм) нан алатын болды. Жергілікті халық өзіне тесілі 100 грамм нанды ала алмады. Бұл жайлы Түркістан АССР советтерінің VII съезінде Тұрар Рысқұлов «бүкіл бір ұлты жойылып кету алдында тұрғаны» жайлы баяндама жасады. 1919 жылдың қыркүйек-қазан айларында болып өткен Түркістан АССР советтерінің VIII cъезінде Әндіжаннан келген делегат «Азық-түлік бөліміне түскен өнімдер еуропалық тұрғындарға тарқатылуды. Жергілікті халық ештеңені пайдаланбай жатыр», деп ашық айтқан. Орталықтағы және Түркістандағы большевиктермен қарсыласа отырып, Т. Рысқұлов ашаршылықпен қатаң күрес жүргізді. Қалаларда арзан немесе тегін қызмет көрсететін асханалар ашылды. 1918 жылы Түркістан бойынша 3 млн, 1919 жылдың 5 айында 32 млн түскі ас әзірленді. 1918 жылы аш қалғандарға көмектесетін қоғамдық ұйымдар құрылды. Оған ғалым Р. Шредер басшылық етті. Ашаршылықпен күрес жөніндегі орталық комиссия тізімінде 1919 жылдың басында 800 мың, сәуір айында 1 млн кісі болған. 1920 жылы тамыз айында Түркістан комиссиясы мүшелері В.В. Куйбышев пен Ф. И. Голощекиннің ұсынысымен Түркістан АССР-і аумағында азық-түлік тарату туралы қаулы қабылданды. Бұл жергілікті халықты ашықтан-ашық тонауға ұласып кетті. 1920 жылдың соңында тек жұмысшылардан азық-түлік жинайтын 42 отряд құрылды. Оның құрамында 3 мыңға жуық кісі болды. Азық-түлік жинаушы отрядтар 1920-1921 жылдарда жергілікті халықтан 9708703 пұт астық, 1606210 пұт ет және басқа өнімдерді тартып алды. 1921 жылдың 18 шілдесінде Азық-түлік халық комиссарлығы коллегиясы отырысында Малютин 10 күн ішінде 250 000 пұт астық жинап, орталыққа жіберу жайлы В. И. Лениннің бұйрығын оқыған. 1917-1923 жылғы ашаршылық салдарынан Ферғанада – 1 млн, Самарқанда – 200 000, Жетісу мен ҚазАССР-ында 1 млн-нан аса кісі өлген. 1921 жылдың қараша айындағы деректер бойынша, ҚазАССР-ында 1,3 млн, 1922 жылдың наурызында 1,5 млн кісі ашаршылық құрсауында қалған. Жергілікті халықтың қынадай қырылуы Т. Рысқұлов сияқты ұлтжанды азаматтардың жүрегін ауыртты. Сондықтан, жеке басына төнер қатерді ойлап отырмай, орталықпен де, Түркістандағы шовинистермен де қарсыласып бақты. Әрине, әрқандай күрес нәтижесіз болмайды. Т.Рысқұлов құрылуына мұрындық болған ашаршылықпен күрес жөніндегі комиссия 1922 жылдың 10 қазанында жабылғанға дейін 1 млн кісінің өмірін сақтап қалғаны жайлы Өзбекстан архивтерінде деректер бар. Бүгінгі күнге аман-есен жеткен ұрпақ тұтас өңірдің аман қалуына атсалысқан Тұрар Рысқылов сынды тұлғаларды ұмытпай, еске алып тұрғаны жөн. Фото: Inform.kz