Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді

03 Желтоқсан, 2019 106 0

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Серік Қаныбеков мәлімдеді.

Айта кету керек, бұл жаңашылықтар Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен заңға енгізілген.

2019 жылдың 20 мамырында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың басшыларының қатысуымен өткен кездесуде Мемлекет басшысы бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының орнынан түсу институтын енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Бұдан былай, саяси мемлекеттік қызметшілер –  министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудандар әкімдері олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса міндетті түрде отставкаға шығуға сұрану керек.

«Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты тұлғасына қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндет», - деді С.Қаныбеков.

Ол, сондай-ақ, қандай тұлғалар тікелей бағыныштылар ретінде қарастырылатынығын түсіндірді:

-орталық мемлекеттік органның басшысы (министр) үшін – бұл оның орынбасарлары, жауапты хатшы немесе аппарат басшысы, аймақтық бөлімшелердің басшылары;

- облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімі үшін – оның орынбасарлары, аппарат басшысы, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі;

- орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары (вице-министр) оның қарамағындағы бөлімше немесе тәуелсіз құрылымдық бөлімше басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде қызметінен кетеді;

- облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына жауап береді;

- Аудан әкімі өзінің орынбасарларына, аппарат басшысына, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшыларына, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдеріне жауап береді.

Айта кету керек, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшіні осы лауазымға тағайындаған лауазымды тұлғаға орнынан кету туралы өтініш жіберіледі. Отставканы қабылдау немесе қабылдамау – бұл саяси қызметкерді қызметке тағайындаған адамның құзыреті.

Егер саяси емес, бірақ А және Б корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері болып табылатын барлық басқа басшыларына тікелей бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда алдыңғыларға тәртіптік жауапкершілік қарастырылған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қол қойған заңда басшыларға бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауының алдын алу міндеті енгізілген. Бұл міндеттің орындалмауы немесе тиісінше орындалмауы басшының тәртіптік жауапкершілігіне әкеліп соғады.

«Сонымен қатар, заңнамаға басшылықтың ұжымдағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөніндегі міндетін жүйелі түрде орындамағаны үшін жауапкершілігі енгізілді, бұл мемлекеттік органда немесе ол басқаратын құрылымда сыбайлас жемқорлық тұрғысынан жағымсыз жағдайға әкеледі. Егер тікелей бағынышты адамдар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасамаған болса, бірақ, мысалы, талдау осы мемлекеттік органда немесе белгілі бір аймақтық бөлімшеде сыбайлас жемқорлық деңгейі күрт жоғарылағанын көрсетсе, тиісті басшының тәртіптік жауапкершілік мәселесі қаралатын болады», - деп атап өтті Серік Қаныбеков.

Сонымен бірге, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет уәкілетті орган ретінде бұл мәселені белсенді түрде көтеріп, мемлекеттік органдарды алаңдатып, басшылардың жауапкершілігін қарауға бастамашылық етеді деп қосты. Агенттіктің міндеті –  басшыларды сөз жүзінде емес, іс жүзінде өз ұжымында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға және болдырмауға мәжбүр ету.

Өз сөзінде Серік Қаныбеков үшінші жаңашылық – нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы енгізу туралы тоқталып өтті.

«Бұл механизм заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу сатысында ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға мүмкіндік береді», - деп қоса айтты.

Кездесуде журналистер тарапынан аталған тақырыпқа қатысты бірқатар сауалдар қойылып, жаңашылықтың артықшылықтары талқыға салынды.

Тегтер: Маңғыстау, жаңалықтар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.